Жастар онкүндігі ойдағыдай тәмәмдалды

Аудан орталығындағы мәдени демалыс кешені аумағында өткен шарада жас өнерпаздар мен шығармашыл жастар өз өнерлерін ортаға салып, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Шабытқа толы кеш жастардың талантын ұлықтауға арналған нағыз мерекелік алаңға айналды.
Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов қатысып, жастардың аудан өміріндегі белсенділігі мен жетістіктеріне тоқталды. Сондай-ақ олардың ел болашағы жолындағы жауапкершілігін жоғары бағалады. Өз ортасына үлгі бола білген, түрлі салада көзге түскен жас буын өкілдерінің тынымсыз еңбегі мен талпынысы – Қазалының жарқын келешегінің кепілі екенін айтты. Жастарды мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, белсенділігімен ерекшеленген бірқатар жасқа аудан әкімінің міндетін атқарушы Жалғас Сүйеубаевтың Алғыс хатын табыстады. Бұл – ел ертеңі саналатын жастарға көрсетілген құрмет пен сенімнің айқын белгісі.
Онкүндік аясында өткізілген шаралар легі Қазалы жастарының жігері мен жалынды бейнесін айшықтап, ел ертеңінің сенімді қолда екенін тағы бір мәрте көрсетті. Әрбір шара жастардың рухын көтеріп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне арналған гала концерт те осы мерекенің шарықтау шегіне айналып, көрермендерге жарқын әсер қалдырды. Салтанатты кеш соңында аспанға атылған түрлі-түсті отшашу мерекенің шырайын кіргізіп, көпшіліктің көңілін көтерді.
Айта кетейік, Халықаралық жастар күніне орай ұйымдастырылған онкүндік аясында аудан көлемінде түрлі бағыттағы мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі, мүмкіндіктер алаңы, спорттық сайыстар, еріктілер қозғалысына қатысты кездесулер, мәдени кештер мен жастарға арналған танымдық бағдарламалар өтті. Бұл шаралар жастардың әлеуетін арттырып, белсенділігін оятуға бағытталды.
А. ЖҮСІПОВА