Бала қауіпсіздігі – басты құндылық
Бүгінгі таңда қоғам алдында тұрған ең өзекті міндеттердің бірі – өскелең ұрпақтың амандығын қамтамасыз етіп, олардың құқықтық сауатын арттыру, түрлі қауіп-қатерлердің алдын алу. Осы орайда ауданда профилактикалық жұмыстарды жетілдіру, ата-ана, мектеп және құқық қорғау органдары арасындағы өзара байланысты нығайту мақсатында жүйелі шаралар атқарылып келеді.Осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі күшейту мақсатында Әйтеке би кентіндегі Қазалы гуманитарлық-техникалық колледж базасында аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның көшпелі отырысы ұйымдастырылды. Жиынға ауданның атқарушы органдары, оқу орындарының басшылары, студенттер мен педагогтар, сондай-ақ жасөспірімдермен тікелей жұмыс істейтін сала мамандары қатысты.
Көшпелі комиссия отырысына төрағалық еткен Дәурен Тілеумбетов жиынның маңыздылығына тоқталып, күн тәртібіндегі мәселелерді жан-жақты саралады.
– Бүгінгі жиынның басты мақсаты – балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарының қорғалуы бағытындағы жұмыстардың жай-күйін жан-жақты қарастыру, қиын өмір жағдайындағы жасөспірімдерге көрсетілетін қолдаудың сапасын арттыру, сондай-ақ мектеппен, ата-аналармен және жергілікті ұйымдармен өзара іс-қимылды күшейту жолдарын анықтау. Балалар – біздің болашағымыз. Сол себепті олардың амандығы мен құқықтарының толыққанды қорғалуы – барлығымыздың ортақ міндетіміз. Өздеріңіз білесіздер, бүгінгі таңда жасөспірімдер мен жастар арасындағы құқық бұзушылық, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық, оларға қатысты кибербуллинг әрекеттері өте өзекті болып отыр. Сондықтан да жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейтіп, профилактикалық шараларды жүйелі жүргізуіміз қажет, – деді комиссия төрағасы Дәурен Оңғарбайұлы.

Басқосуда аудан прокурорының міндетін атқарушы Биқожа Жұмаш сөз алып, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу үшін үйлесімді әрі бірлескен әрекеттердің маңызын атап өтті. Сонымен бірге бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жоспарға сай жүргізу қажеттігін алға тартты.
Комиссия отырысында аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция тобының аға инспекторы Мархабат Бегалиева Қазалы ауданында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ оларға қарсы жасалған қылмыстар бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы мәлімет берді. Сондай-ақ Қазалы гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры Мұрат Таңжарықов білім ордасында студенттер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан шаралар мен алдағы міндеттер жайында баяндама жасады. Жиында аудандық полиция бөлімінің ұсынысы да қаралды.
Жиынды қорытындылаған Дәурен Оңғарбайұлы қаралған әрбір мәселе бойынша хаттама әзірленіп, тиісті органдарға жолдануын тапсырды. Сонымен қатар жүктелген міндеттердің уақытылы әрі сапалы орындалуы тікелей өзінің бақылауында болатынын атап өтті.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ














