Сала мамандары марапат төрінде
Қазақстанда жыл сайын қараша айының үшінші жексенбісінде Ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні атап өтіледі. Осыған орай, бүгін аудандық партия филиалының мәжіліс залында ауылшаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі салаларында қажырлы еңбек етіп жүрген сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтау шарасы өткізілді. Шараны аудандық партия филиалының төрағасы Ғазиз Әлмәмбетұлы ашып, жиынға қатысушыларды мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Ол өз сөзінде қазіргі таңда мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласына ерекше назар аударылып, жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын айтып, халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасының жақсы болуы ауыл шаруашылығының дамуымен тығыз байланысты екенін атады.
Ауыл шаруашылығын дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру - «AMANAT» партиясының негізгі басымдықтарының бірі. Осы ретте Партияның ауылдық жерлердегі халықтың табысын арттыруға бағытталып отырған «Ауыл аманаты» жобасының мүмкіндіктерін халық тиімді пайдаланып отыр. Қазіргі таңда «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауданымызда 40 жоба мақұлданып, оның ішінде 29 жоба қаржыландырылып, тұрғындар өз кәсіптерін бастап кетсе, қалған 11 жобаның қаржыландыру жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету, жаңа және пайдаланылмайтын жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына тарту өте маңызды. Партия бұл бағытта ауқымды жұмыстарды өзінің сайлауалды бағдарламасында қамтып, «Жер аманаты» комиссиясымен заңсыз берілген немесе пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтаруды үйлестіруге күш салуда. Осы ретте ауданымызда 2025 жылға жоспар бойынша 10 000 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс болған. Жыл басынан бері 11770,0 гектар болатын 32 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылып, жоспар артығымен орындалды-деді.
Шара соңында өз ісіне белсенділік танытып жүрген сала мамандарына, «Ауыл аманаты» жобасы аясында несие алып шаруасын дөңгелетіп жүрген кәсіпкерлерге және еңбек озаттарына “AMANAT” партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың «Құрмет грамотасы» және аудандық филиал төрағасы Ғазиз Әліштің атынан Алғыс хаттар табысталды.
Шара соңында аудандық мәдениет орталығының әншілері мерекелік ән шырқады.
#AMANAT














