«Тең мүмкіндіктер» инклюзивті спорт фестиваліне қатысушылар марапатталды
Ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдау- «AMANAT» партиясының басты басымдықтарының бірі. Партия инклюзивті саясатты қолдап, ерекше жандардың тұрмыс сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.
Өткен аптада Астана қаласында «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының бастамасымен «Кедергісіз келешек» жобасы аясында Оқу-ағарту министрлігі, Қазақстанның бочча федерациясы, Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы, Спортты дамыту дирекциясы және Астана қаласы әкімдігімен бірлесіп, «Тең мүмкіндіктер» атты 500-ге жуық баланың қатысуымен республикалық инклюзивті спорт фестивалі өткізілді.

Партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында өткізілген «Тең мүмкіндіктер» инклюзивті спорт фестивалінің аудандық кезеңінде І орын алған Әйтеке би кентіндегі №249 мектеп-лицейі мен Жанқожа батыр ауылындағы №94 орта мектебінің командалары Қызылорда облысынан Астана қаласында өтіп жатқан республикалық кезеңге қатысып, Сыр өңірінің намысын қорғады.
Бүгін аудандық партия филиалында республикалық шараға қатысып, ерекше белсенділік танытқан бүлдіршіндерімізбен олардың жетекшілерін марапаттау жиыны өткізілді.
Жиынға аудандық филиалдың Атқарушы хатшысы Нұрғиса Жалғасбаев, аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Орысбек Жәмшейтов қатысты.
Шара барысында сөз алған Нұрғиса Жаппарбергенұлы кедергісіз орта құру партияның сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарының бірі екенін атап, инклюзивті спортты дамытудың маңыздылығына тоқталды. Жиын соңында бүлдіршіндер мен олардың жетекшілеріне арнайы алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етілді.
#AMANAT














