Ауылда мешіт ашылды
Алладан сауап үміт еткен жандардың атсалысуымен ауылда жаңа мешіт ел игілігіне пайдалануға берілді. Ел тәуелсіздік алғалы бері дініміз өркендеу жолына түсті. «Дін – қоғамның тәрбиесі және айнасы» деген қанатты сөз бар. Дініне берік, білімді қауымға сыртқы күштердің теріс ықпалы жүрмейтіні анық. Имандылық ордасы саналатын мешіттердің ашылуы елдегі ынтымақ пен бірліктің сақталуына ісептігін тигізері сөзсіз.Жақында Ғани Мұратбаев ауылында бірлік пен ынтымақтың, имандылық пен бауырмашылдықтың рухани қайнар көзі – «Қуандық Әулие» атындағы жаңа мешіттің ашылу рәсімі өтті. Мешіттің ашылу салтанатына аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, ізгілікке, мейірбандылыққа шақыратын мешіт қызметінің маңызы зор екеніне тоқталып, ауыл тұрғындарын жаңа мешіттің ашылуымен құттықтады.
– Мешіт – кез келген адам баласын тіліне, нәсілі мен ұлтына қарап бөле-жармай бір жерге тоғыстыратын құтты мекен. Жас ұрпақ бойына имандылық қасиет ұялату үшін мешіттердің атқарар рөлі зор. Өйткені мешіт – ғылым, білім, тәрбие мен тағылым, иманның ордасы. Жүрегі ізгілікке толы жандардың аманатымен, бастамасымен қолға алынған «Қуандық Әулие» атындағы мешіттің бой көтеруіне ауыл халқының жасаған еңбегі орасан. «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» ауызбіршіліктің ерен үлгісін көрсетіп, имандылық үйінің салынуы жолында аянбай тер төккен азаматтарға ерекше алғысымды білдіремін. Жаңа мешіттің ынтымақ пен рухани достыққа шақыратын орынға, имандылық жолындағы рухани білім ошағына айналуына тілекшімін. Баршаңызды жаңа мешіттің ашылуымен тағы да құттықтап, отбасыларыңызға амандық, береке-бірлік тілеймін, – деді Алмасбек Әбілқасымұлы.
Одан соң сөз тізгінін алған Қызылорда облысының бас имамы Дастан Құрманбаев жаңа мешіт халықтың рухани жаңғырып өркендеуіне үлес қосатын, жастарды жақсы бағытта тәрбиелеуге үлкен мүмкіндік беретін орын екенін жеткізді. Игі шарада «Қуандық Әулие» атындағы жаңа мешіттің салынуына үлес қосқан ауыл азаматтарына аудан әкімнің және облыстың бас имамының «Алғыс хаты» табысталды.
Айта кеткен жөн, Ғани Мұратбаев ауылындағы «Қуандық Әулие» атындағы мешіт 2003 жылы ашылған болатын. Мешіттің ескіруіне байланысты бүгінде ауыл азаматтарының ауызбірішілігімен жаңа мешіт бой көтерді.
Айнұр АЙДАРҚЫЗЫ













