Су – тіршілік нәрі
Тіршілікке қажетті бес жағдайдың бірі су екенін білесіздер. Су бар жерде тіршілік бар. Адам тәулігіне 2-3 литр су ішеді. Адам баласы тамақ ішпей бір айдан астам өмір сүре алады. Ал сусыз 1 аптадан артық өмір сүре алмайды.
Ғалымдардың айтуынша, расында да судың қасиеті өте мол. Мәселен, су дене температурасын тұрақтандырады. Азық, қалдық, оттегіні тасымалдайды. Адам зейінін ашады, стресс пен депрессияны басып, ұйқыны жөнге келтіреді. Көзге жанар береді, ағзада қан жасалуын реттеп, иммунитетті күшейтеді. Бірақ күнделікті тұрмыстың ажырамас бөлігіне айналған су туралы біріміз білсек, біріміз біле бермейміз. Жапондық психолог-ғалым Масару Эмото: «Су адамның психикалық энергиясын бойына сіңіре алады және оны ұзақ уақыт бойында «есіне» сақтап, тіпті басқаларға жеткізе алады. Судың бойына жинақталған таза энергия небір ауруларға ем болады», – деп жазады.
Су көздері: Әрине, ең жақсысы – таза бұлақ суы. Ол бәрінен пайдалы. Мұндай болмаған жағдайда адамдар суды құбырдан, ал кейбірі үй сүзгіштерінен өткізіп, енді біреулер пластик ыдыстарға құйылған суды ішеді. Құбырдан алынған суда организм үшін зиянды хлор және басқа да өнеркәсіптік тазалау кезіндегі жұғынды болады. Бұған қоса, өнәркәсіптік тазалаудың өзі барлык кезде бактерияларды түгел жоя алмайды. Пластик бөтелкелерге құйылып сатылатын суда поливинил хлорид және бисфенол секілді уытты қоспалар болуы мүмкін. Олар су азық-түлік дүкендерінің сөрелерінде сақтаулы тұрған кезде жиналады.
Сондықтан суды өзіңіз сүзіп, аз уақыт қана сақтағаныңыз жөн және де оны пластик емес, шыны ыдыста сақтаған абзал. Үйге қойылатын сүзгіш құрылғылар дүкендерде контейнерлерімен бірге сатылады, әрі бағасы да онша қымбат емес. Ең онтайлысы сілтілік сүзгіштер. Олар судың қышқылдығын азайтады. Бұл денсаулыққа пайдалы.
Сонымен қатар кейбір сілтілік сүзгіштер судың молекулалық құрылымын өзгертіп, оны бұрынғыдан гөрі тығыз әрі қуатты етеді. Мұндай суды гексагональді су деп атайды. Ол организм тіндерінде жеңіл қозғалады, тағамдық заттардың жақсы сіңуіне және уыттардың тәннен сыртқа шығуына көмектеседі.
Денсаулыққа қатысты мәселелердің шешіміне рН деңгейі 7,0 болатын гексагональды (сілтілі) суды пайдалана отырып қол жеткізуге болады. Бұл ішкі ортаның әлсіз сілтілі қалыпты жағдайға оралуына мүмкіндік жасайды және ішкі ағзалар мен тіндердің қызметін қалыпқа келтіреді.
А.ЖАЛҒАС,
Санитарлық-гигиеналық зертханасының
зертхана маманы