Қазақстанда қанша су қоры бар
Елімізде қанша көлемдегі су ресурсы қоры бар? Бұл сұраққа ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат
«Бүгін қарастыратын сұрақтар еліміздің су мәселелеріне қатысты болмақ. Су – тіршілік көзі, ел экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ететін маңызды факторлардың бірі. Сондықтан да су қауіпсіздігі мәселелері үлкен маңызға ие. Алдымен өзендердің ағыны қалай қалыптасатыны туралы қысқаша айтып кетейін. Қазақстанның қолда бар су ресурстары, жер асты сулары мен өзен ағысының қорларынан тұрады. Өзен ресурстарының нақты көрсеткіштері соңғы жылдары шамамен 90-100 текше км құрайды. Оның ішінде 50,8 текше км жергілікті ағын, ал 39,2 текше км Қытайдан, Орталық Азия елдерінен және Ресейден трансшекаралық өзендер арқылы келіп түседі. Сонымен қатар Ресей Федерациясына кететін ағын жылына орта есеппен 16,5 текше шақырымды құрайды», - деді М. Мырзағалиев. Сондай-ақ, министр жерасты су қорымен қатар қажетті су көлемі жайлы айтып өтті. «Сонымен қатар 3,5 мыңнан астам кен орындарында 15,5 текше шақырым көлемінде жерасты суларының расталған қоры бар. Географиялық тұрғыдан олар біркелкі бөлінбеген батыстағы кен орындарының 20%-дан кем болса, орталық, солтүстік және шығыс аймақтарда 30% және елдің оңтүстігінде – шамамен 50%-ы құрайды. Жалпы экологиялық қажеттіліктерге шамамен 50 текше шақырым су қажет. Пайдаланылатын судың жалпы көлемі шамамен 25 текше шақырым құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығына – 15 текше шақырым (65%), өнеркәсіпке – 6) текше шақырым (30%) және коммуналдық шаруашылыққа – 1 текше шақырым (5%) тиесілі. Сондай-ақ тасымалдау кезіндегі шығындар 3 текше шақырымды құрайды», - дейді ол. Айта кетейік, бүгін ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде Үкіметтік емес ұйым өкілдері және экология белсенділердің қатысуымен еліміздегі су ресурсы мәселелеріне арналған онлайн кездесу өтіп жатыр.