Өмірі өшпес өнеге

Әли Кәдірқұлов 1939 жылдың ақпан айында Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Жаңақазалы стансасында қарапайым еңбек адамдарының отбасында дүниеге келген. Әкесі Жұмали мен анасы Бақсұлу – екеуі де жұмысшы, маңдай терімен адал еңбектің үлгісін көрсеткен жандар. Әли – отбасының жалғыз перзенті, ата-анасының үкілеген үміті еді.
Білімге құштар бала Әли 1947 жылы Жаңақазалы стансасындағы №67 қазақ орта темір жол мектебінің табалдырығын аттап, 1957 жылы 10-сыныпты үздік бағамен аяқтайды. Сол жылы үлкен арман жетегінде Ташкент қаласына жол тартып, Темір жол көлігі инженерлері институтының «Өндірістік және азаматтық құрылыс» факультетіне оқуға түседі. Бес жыл бойы білім мен білікті қатар ұштастырып, 1962 жылы оқуын сәтті тәмамдап, құрылыс инженері мамандығын алып туған жерге оралады.
1962-1963 жылдары Әли Кәдірқұлов еңбек жолын №355 құрылыс-монтаж пойызында құрылыс шебері ретінде бастап, алғашқы тәжірибесін осы салада жинақтайды. Кейін 1963-1966 жылдары аралығында Мемлекеттік банкінің Жаңақазалы бөлімшесінде аға құрылыс-инженері ретінде қызмет атқарып, жауапкершілігі мол істерді абыроймен атқарды.
1966-1969 жылдары республикалық деңгейде ұйымдастырылған екпінді комсомолдық құрылыс кезінде Басықара су плотинасының құрылысында өндірістік және техникалық жоспарлау бөлімдерінің жетекшісі болды. Ал 1969-1971 жылдары Қазалыдағы №41 жылжымалы механикаландырылған колоннаның (ПМК-41) бастығы ретінде білікті ұйымдастырушы әрі тәжірибелі құрылысшы ретіндегі қабілетін көрсетті.
1970 жылы Коммунистік партия қатарына қабылданып, қоғамдық-саяси өмірге де белсене араласа бастады. 1971-1972 жылдары Қазалы су құрылысы және құрылыс-монтаж тресінде аға экономист, 1972-1975 жылдары Қазалы ұжымшар аралық құрылыс мекемесінде бас инженер, ал 1975-1976 жылдары аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында бас құрылыс инженері болып қызмет атқарып, түрлі салаларда өз қолтаңбасын қалдырды.
Оның біліктілігі тек құрылыс саласымен шектелмей, саяси біліммен де толықты. 1977-1979 жылдары Қызылорда облыстық партия комитеті жанындағы Марксизм-Ленинизм университетінің идеологиялық факультетін тәмамдап, жоғары саяси білім алды.
Сонымен қатар 1972-1976 жылдары негізгі қызметінен тыс, қоғамдық негізде ұжымдық құрылыс мекемесінің партия ұйымының хатшысы қызметін атқарып, саяси бағытта да белсенділік танытты. Аудандық партия конференцияларының делегаты, бірнеше мәрте аудандық және поселкелік кеңестердің депутаты, сондай-ақ халықтық бақылау комитетінің штаттан тыс мүшесі ретінде қоғамдық өмірдің де бел ортасында жүрді.
1976-1986 жылдар аралығында Әли Кәдірқұлов Қазалы ұжымшарлық құрылыс мекемесінің басшысы қызметін атқарып, ауыл шаруашылығының инфрақұрылымын дамытуға сүбелі үлес қосты. Осы он жыл ішінде оның басшылығымен түрлі әлеуметтік және өндірістік нысандар бой көтеріп, ауыл келбеті жаңғырды.
1986 жылдан бастап еліміздегі қайта құру кезеңінде Қызылорда облыстық агроқұрылыс бірлестігінің құрылуына байланысты Әлекең МПМК-06 мекемесінде (16-құрылыс-монтаж колоннасы) бастығының орынбасары қызметіне ауыстырылып, ауданның көркеюіне, құрылыс қарқынының артуына, сәулетті ғимараттардың көбеюіне сүбелі үлес қосты. Қарапайым құрылысшыдан тәжірибелі маманға дейінгі жолды жүріп өткен ол осы салада үлкен беделге ие болды.
1975 жылы «Сапалы құрылыс» социалистік жарысында жеңіске жетіп, марапат ретінде «Урал» мотоциклі мен «Құрметті құрылысшы» атағына ие болуы – еңбегінің лайықты бағаланғанын дәлелдейді.
1989-1994 жылдары Қазалы аудандық су жүйелері және кәріз басқармасының (водоканал) басшысы ретінде де жауапты қызмет атқарған. Сол жылдары аудан үшін маңызды инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту бағытында аянбай еңбек етті.
Әлекең – жұмыс тоқтаған тұста бағыт беріп, күрмеулі мәселелердің түйінін тарқатуға жіберілетін тәжірибелі маман ретінде әрдайым партия сенім білдірген азамат. Денсаулығына байланысты 1994 жылы зейнетке шыққанымен, еңбек жолын түбегейлі аяқтаған жоқ.
2005-2007 жылдары аудан басшылығының шақыруымен қайта қызметке тартылып, күрделі құрылыс саласында еңбек етті. Білім ошақтарының салынуын, ескі мектептердің жөнделуін қатаң бақылауда ұстап, сапасына ерекше мән беріп отырды. Әр нысанның басы-қасында болып, жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, тәжірибесімен бөлісуден жалықпады.
Әли ағамыздың құрылыс саласына сіңірген еңбегі өлшеусіз. Ұзақ жылдар бойы ауданның дамуына аянбай тер төккен азаматтың бұл еңбегі мемлекет тарапынан да ескерусіз қалған жоқ. Ол «Құрметті құрылысшы» мерекелік медалімен, 1972 жылы «Социалистік жарыстың жеңімпазы» атағымен және 1994 жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған. Бұдан бөлек, аудандық және облыстық партия комитеттерінің Алғыс хаттары, Құрмет грамоталары мен бағалы сыйлықтары – оның жемісті қызмет жолының жарқын айғағы.
1998 жылы ел ішінде ерекше рухани орынды иеленген бабасы – қазақтың үш жүзіне пір болған Сопы Әзиз Мүсірәліге кесене тұрғызу бастамасын қолға алған. Жобасын өзі әзірлеп, құрылысын тікелей өзі басқарған. Сонымен қатар аталған бастама аясында қоғамдық қайырымдылық қорын құрып, оған төрағалық етіп, игі істің жүзеге асуына зор үлес қосқан.
Еңбегімен елге сыйлы, сөзінің салмағы бар Әли ағамыз қызмет саласында ғана емес, отбасында да өнегелі әке, қамқор жар ретінде танылған жан. Жастайынан өмірлік жары Надежда Омаровамен 1961 жылы шаңырақ көтеріп, бірлігі жарасқан үлкен әулеттің іргесін қалады. Ерлі-зайыптылар он бір перзентті дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Бүгінде сегіз баласы елдің түрлі саласында жемісті еңбек етіп, Қазақстанның дамуына өзіндік үлесін қосып жүр.
Надежда апамыз – «Батыр ана» медалінің иегері. Ол Қызылорда қаласындағы Н.В. Гоголь атындағы педагогикалық институттың «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын тәмамдап, №420 және №18 мектептерде 35 жыл ұстаздық еткен, талай шәкірттің жүрегіне білім мен тәрбие дәнін еккен білікті ұстаз. Әлекеңнің әрқашан жанынан табылып, оның қызметіне кедергі келтірмей, барынша қолдау көрсетіп, отбасының тірегі болған Надежда апаның өмірлік рөлі ерекше. Балаларының жоғары білім алып, өз жолдарын табуына да ықпал еткен ардақты ана бүгінде асыл жары екеуі немере-шөбере қызығын көріп, көпке үлгі боларлықтай тағылымды ғұмыр кешіп жатыр.
Әли аға бүгінде қоғамдық жұмыстардан қол үзбей, өзінің мол тәжірибесімен жастарға бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңесін аямайтын ақсақал. Аудандық ардагерлер кеңесінің пленум мүшесі ретінде де ел ішіндегі бірлік пен татулықты нығайтуға белсене атсалысып келеді.
Қос мереке – Қарттар күні мен Ұстаздар күні қарсаңында Әбекең мен жеңгемізге мықты денсаулық, бала-шағаның, немере-шөберенің қуанышын көріп, ғибратты ғұмыр кешуді тілейміз!
Жеткербай МАХАМБЕТ
Фото: кейіпкер мұрағатынан