Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Күзгі түнде көрген түс

Күзгі түнде көрген түс

Айнала жым-жырт. Тас қараңғы. Тек шатырдан сырғи аққан жауынның тырсылы терезеден көлбей өтіп жақтауына тамшылауда. Табиғат салған әсем дыбыстан ұйқыға еріксіз сүңгіп кеттім. Зыр еткен қара кадр. 1...2...3...

...Бүгін күндегідей емес. Аспандағы қара бұлт сейіліп, күн шуағын төгіп тұр. Қайда екенін білмеймін, әйтеуір ентігімді баса алмай аптығып келемін. Әлгі адам аяғы баса бермейтін жерден екі аттап құжынаған базар ортасынан бір-ақ шықтым. Іштей «апыр-ау, бұл жерден не жоғалттым» деймін ауық-ауық.
– Әй, қыз? Болсаңшы тез. Ылбырап осы сендердікі не жүріс? Анау кісі сөреде тұрған заттарыңды сұрап жатыр. Саған өзі сауда керек пе? – деді қатқыл дауыспен ірі денелі келіншек.
– Маған айтып тұрсыз ба? – дей бергенім сол еді:
– Есіңнен тандың ба? Жаңа ғана несие төлеп келемін деп орныңды маған қалдырып кетіп едің ғой. Енді не көрінді, күн өтті ме? – деді тағы өктем сөйлей.
Қайдан екені белгісіз ойыма сап етті. Бір жылдан бері осында жұмысқа тұрған екенмін. Қосымша табыс көзі ме, әйтеуір қайнаған тірлікпен біте қайнасып жүрмін. Ентігімді әрең басып, жаймама отырдым.
– Келдің бе? – деді нәзік дауысты көрші саудагер.
– Иә, – деместен «аптықпа» деді ол. Түскі үзіліске тапсырыс берген тағамы, тәтті-пәттісі мен ыстық шайын дайындап қойыпты. Кел дегендей басын изеп, жымия күлді. Өңі солғын, жүзі жабырқаулы. Мен жоқта жасырын көз жасын сығып алса керек. Арасында мұрны пыш-пыш етіп, күрсініп қояды.
– Бүгін тағы жанжал болды, – деді ол өңменіне тығылған ауыр «дертті» жасырып.
– Не болды?
– Әнеугүні айтып едім ғой. Қызым тұрмысқа шықты. Ендігі кішкентайым оқуын бітірсе, жақсы жұмысқа тұрса деп. Сол ұлым тұйықталып бара жатқандай. Әкесі күнде сөйлеп, тыныштық бермейді. Маған деген көзқарасы да оңып тұрған жоқ. Ал енем болса осымен 30 жыл болды, бір ауыз тістеп сөйлеп қалмаса болмайтындай. Күнде жастығым құрғамай шығады. Осыны көрген балам болса көнбіс шешесін ойлап алаңдаулы. Отбасы деген аты ғана болмаса бір үйдің адамындай болып шүйіркелесіп көрмеппіз, – деді әлгі әпке.
Не айтарымды білмей абдырап отырған күйімді, үнсіз қалған тыныштықты әдеміше келген орта жастағы аға бөліп жіберді.
– Амансың ба, Гауһар? – деді ол сыпайы сөйлей.
Орнынан тұра сала құрақ ұшқан әпке «Аманбыз, кел мына заттардан таңдап көр» деп сызыла түсті. Жақынына сыйлық алмақшы болған әлгі кісі іздегенінің барлығын осы жерден тапқандай. Дән риза. Рақметін айтып Гауһар әпкенің қолынан қысты. Екеуінің көз жанары бір-бірін ұғатындай. Жайсыз көрініске тап болған екі көзімді тарс жұмып алсамшы. Бірақ сыңғыр қаққан күлкілері мен жарасымды әңгімелері тың тыңдатпай қоймады. Әлгісі кетті-ау дегенде саудагер әпке қайтадан жаныма жайғасты. Манағыдай емес, көңілі көтеріңкі. Қай сәтте екені белгісіз, әтірінен сеуіп, ернін қызылға бояп үлгеріпті. Маған қарады да «танысым ғой» деді әлсін. Арада бірнеше күн өтті. Әпке жаймасына оралмады. Не болғанын ұқпағанымды сезді-ау. Қарсы беттегі әңгімеге құмар келіншек қасыма келіп:
– Әлі жоқ па? – деді мысқылдай.
– Қайда екен? – дедім алаңдаған күйі.
– Естімеп пе едің? Жақында кенже ұлы өз-өзіне қол жұмсап қайтыс болыпты. Тым жақсы бала еді. Ең жақынынан, бауыр еті баласынан айырылған Гауһар апталап ас ішпейтін көрінеді. Бөлмесінен де шықпапты. Ал әлгі енесі мен күйеуінің ода түк шаруасы жоқ, – деді уайымдаған сыңай танытып.
– Айтпақшы, әлгінде бір кісі келгіштеп жүр еді ғой. Қайтсін, отбасынан, күйеуінен жылу көрмеген бейбақ бар жылуды сырттан іздеген болар. Бірақ оның ақыры оңдырмады ғой, – деп сөзін түйіндеді.
Ойланып қалдым. Ұзақ ой. Айналаның зыр айналғаны қара шұңқырға апара жатқандай. Шырылдаған үн құлағымның түбінен шығып, мазасыз күйге түсіруде. Бұл жолы анық шықты. Көзімді ашсам әлі таң атпапты. Жауын енді тоқтағандай. Тым-тырыс. Тағы шырыл. Шошып тұрып, қалтафонымды іздей бастадым. Қараңғыны тіміскілей жүріп тапқаным сол еді экран бетінде жақын құрбымның есімі шығып тұр екен. Сағат болса 4.00. «Аманшылық па екен» деген ішкі күбірден соң терең тыныс алып, батырманы бас­тым.
– Алло?
– Алло, құрбым қалайсың? (жылап тұр) Мен шаршадым бәрінен. Отбасы емес секілдіміз. Жаңа тағы шу шықты. Енді шыдамаймын. Өткенде айтқан жігіт есіңде ме? Сол бала күнгі досыммен қол ұстасып өзге қалаға кетпекшімін, – деді өксігін баса алмай.
Түсімде көрген оқиға бірінен соң бірі көз алдымнан зырғып жатыр, зырғып жатыр.
– Жоқ, олай ете көрме! – деген сөз аузымнан еріксіз шығып кетті.
– Адамға Алла таңдау береді. Өзің таңдау жасадың ба? Сол таңдаған жарыңа адал болуың керек. Өзгемен өмір сүрмек түгіл, өзгені ойлағанның өзінде жаратылыстың дайындаған жазасы бар. Ант беріп, неке суын іштің бе? Онда сөзбен де, оймен де, іспен де ойнас жасамау қажет. Әйтпегенде Алладан келер жаза ауыр, – дедім соңғы сөзімді айтып.
Көзімнен аққан еріксіз жас өз ырқына көндірді. Мен де, ол да үнсіз. Тек сымтетіктен ұзақ күрсініс пен ауыр өксік естіліп тұр. Қоңыр күздің түнінде көрген ұзақ түс жас отбасын сақтап қалады деп кім ойлаған. Мүмкін бұл сол құрбыма ой салу үшін берілген аян шығар, кім білсін?!
Айнұр ӘЛИ
02 шілде 2024 ж. 160 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031