Қылқалам өнерінің хас шебері

Түп–таным
Бейнелеу өнері адамзаттың әуел бастан дүниені тану, қоғамдағы алар орнын білу, сезімін ұштаудан пайда болған. Содан бері өнердің бұл түрі тарихты зерделеп, мәдениеттің маңызын айқындатты. Кейіпкеріміздің: «Суреттің ерекшелігі аударманы қажет етпейді» деген пікірін қаперге алсақ, алдымен сөздің не суреттің пайда болғаны туралы даулы таластың түйіні неге тарқамағанын түсіне түсесің.
Ол туған топырағы мен ата-бабасының құтты қонысын бойына ерекше қуатпен байланған, қантамырында бірге соғатын қасиетті танымына балаған. Сол туған жерінен тамыр үзбей-ақ, өресі кең өнері арқылы әлем жұртына қазақтың тінінен тарқайтын материалдық, моральдық байлығын дәріптеді.
«Өнер – бұл дүниені түсінуді іздеген әрі түсінікті ету үшін жасалған ой еңбегі», –дейтіні бар ғой даңқты француз мүсіншісі Роденнің. Бала Қайырбайға да қабілет пен қасиет өзі шыққан ортадан ұялайды. Аталарына ұсталық қонған ұлдың көзін ашқанда зер қадірін білетін зергер Зәкірдің шеберханасы қиялшыл ұлға қанат бітіретін. Адамның көрген дүниемен өмірді өлшейтіні бар. Ал суретші өз қызығушылығын бесікте жатқан баланы қызылды-жасылды қолданбалы өнерімен қызықтыратын қазақтың киіз үйімен байланыстырады. Көшпелі мәдениеттің көшелі келбетін жинақтаған киіз үй ол үшін өнердің шыңы. Ондағы өз орнын тапқан әр деталь өзінше сөйлейді. Өзгелерге қарағанда осы дөңгелек үйде өскен өскіннің білмекке ұмтылуға биік деңгейде қарайтының басты себебі осы деп біледі.
Қолы «алтын» Зәкір қария аты мәлім ұста болатын. Оның қолынан шыққан киім, тіккен етігі, соққан сандығы, жасаған домбырасы, ер тоқым, әшекейлері тапсырыс берушілердің қажеттігін өтеп қоймай, сұлулыққа құштарлығын қанағаттандырған. Далада ойнағаннан гөрі атасының жұмыс бөлмесінде уақыт өткізуді ұнататын бала 4-5 жасқа толғанда, «ананы алып бер», «мынаны алып кел» дейтін ғана емес, жұмысқа қолғабыс ететін қолқанатқа айнала бастайды.
Суретші бүлдіршін тарпаң басып жүре бастағанда, қолына түскен затпен қабырғаны шимайлауын ішкі дауыстың айқын көрінісі, танымның түбіріне балайды. Демек сурет – өнер емес, өмір гарморниясы.
Теміржолдың бойында тұрған балдырған Қайрошты пойыздың сартылы, паравоздың арқыраған дауысы керемет әсерге бөлейді. Ес білгеннен отарбалардың суретін сала бастайды. Бірде суретті көрген әкесі Қонысбайдың: «Оу, менің балам суретші болады екен» дейтін ықылас қолдауы өз қабілетін одан әрі ұштауына ұмтылдырады.
Бұдан бөлек, көзі тірісінде берген сұхбаттарында мына бір оқиғаны үнемі айтып отырады.
«Қазалыдағы шағын үйде тұрғанымызда, ағаларымыз үйге жырауларды алып келеді. Жырау келгесін, оны тыңдаушылар жиналатыны белгілі. Бізге кейде ауыз жақтан, кейде қоржын тамның келесі бөлмесінен орын тиеді. Сүлейлердің сарқыттары «Қобыланды», «Мәулім – Нияз», «Едіге», «Орақ – Мамай», «Қарасай – Қазиды» жырлағанда, хисса, бартырлық, ғашықтық дастандардағы сюжет көз алдыма бейнелі түрде келіп отыратын. Онда түс те бар», – деген.
Жалпы, өмірде тепе-теңдік деген дүние бар. Табиғаты жұтаң, жасылы жоқ, иен топырақтан түлеп, қалайша өнерге осынша іңкәр болуға болады деген таңданысқа да суретшінің айтар жауабы осы.
«Термені – моральдық кодекс деп жүр соңғы жылдары зерттеушілер. Мен осыған толық қосыламын. Не деген құдірет десеңші, ұйытып қана қоймайды, ұстанымыңды орнықтырады», – дейді екен.
Сан қырлы саңлақ
«Ақынжанды болмаған адам, математик те бола алмайды» дейтін таныс тәмсіл бар. Өнер иесінің жүріп өткен жолдары, ұстанған бағыты осы пікірді ойыңа оралата береді. Кәсіби суретшіліктен бөлек, аспаптарда ойнау, ақындық, терме, толғаулар айту, құнды жәдігерлерді жию сынды бірнеше құмарлық бір бойына тоғысқан. Қызығы, ол музыка, поэзия, графика деп бөлмей, өнерді тұтас ұғым деп қарайтын көзқарасынан айнымаған. Туысы Қаржаубай Бақбергеновтің айтуынша, талант иесі туындыларын салар алдында терме айтып, шабытын шақырады екен. Бұл көріністі көріп, естелік айтқан жандар көп. Көзін көргендер ақындығы да суретшілігінен бір мысқал кем түспейтінін жеткізген. Ал гитарда ойнағанда кәсіби музыканттардың өзі оның шаңына ілеспейтін көрінеді. Шеберханасы бірде ақындар, бірде жыраулар, бірде суретшілер бас қосып, ұлттық өнер туралы өрісті әңгіме өрбітетін алаң іспетті болыпты.
Пенде емес ем, сыр бөлген сыбағадан,
Өлеңді де сыйлай ма, сірә, маған?
Қарғып жетсем, ақбозат жайдақ мініп,
Деміңмен жүр жаны жаз, бір-ақ адам.
Келтіре ме көпшілік, шүбә, маған,
Өлең деп босағадан сығалаған.
Өңімде де ақынсың, бауырым, деп,
Маған қуат беріп жүр, бір-ақ адам.
Білгің келсе, сұрағын Сыр-ағадан,
Аға білер айрықша бір-ақ адам.
Жылытпаса, ішпейді су да болса,
Сал жанына салқындық ұнамаған.
Қара болған, сірі болған іздерден құрамаған,
Сара жолды ізденген мына маған.
Жаны жайдақ, тоғышар жүз адамға,
Жетіп жатыр жаны жаз бір-ақ адам,
– деген қайшылық пен жақсылықтың қатар өрілетін өмірлік көріністі сөз қонбаған адам жұмыр ұйқасқа қондырып, жүрекке жеткізер ме еді?.. «Шалқасынан туған ай» атты өлеңдер жинағы оқырманның жоғары бағасына ие болған.
Өзін « «Ақын» деп атау маған сын» деп ұмтылмағаны болмаса, бір дәуірдің жүгін көтерген сөз сардарларының қатарынан көрінер еді. Кейінгі өнертанушыларға, мұрасын ұлықтаушыларға бұл да бір тақырып.
Ізденіс пен ілгерілік
1968 жылы Әбілхан Қасеев атындағы Алматы көркемсурет училищесін аяқтаған жас суретші мамандығы бойынша жұмысқа орналасқанымен, көкейіндегі білсем, көрсем деген арманы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетіне құжат тапсыруға жетелейді.
«Қайыр-ағамен 1976 жылдан бері таныспыз. Қазақ педагогикалық институтының соңғы курсында оқитын шағымыз. Қайрекең 1977 жылы осында сырттай оқуға түсті. Сол кезде КСРО Суретшілер одағын, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, «Қазақстан Республикасының өнер қайраткері» деген атағы бар еді. Біз соларды естіп, қызығатынбыз. Барлығы оның өнерін жоғары бағалайтын», – дейді суретші Тастайбек Иманғали.
1968 жылдары үлкен көрмелерге тыранқалды туындылары жіберіле бастайды. 1974 жылы жас суретшілердің республикалық көрмесінде 6-7 шығармадан тұратын «Қызылқұм туралы өлеңдер» атты сериялары жақсы бағаланып, БЛКЖО грамотасына ие болады. Бұл баға таланты жанды одан әрі шабыттандыра түседі. Сол кезден бастап еңбектері республикалық, бүкілодақтық және халықаралық көрмелерге қойылады. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері 1989 жылдан Биенал, Әзірбайжан, Орта Азия Суретшілер одағының дипломанты, Қазақстан Республикасы Президентінің стипендиаты.
Осы биікке жеткізген қанында бар қасиеттен басталған қабілет пен қарымды ұштаудағы ізденісі еді. Бабаларымыздан «Қорқыттың қобызы түгіл қияғы да сөйлейді» деген жолдар қалған. Үнсіз сөйлеп, тағдырды тамырлататын туындыларды түсіну үшін кәсби білімнің қажеті шамалы. Әркім өз биігінде бағалайды.
Қазақстан мемлекеті Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай жарық көрген «Құс жолы» деп аталатын альбомының тұсаукесері Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында өткен. Альбомдағы «Жент кенішінің құпиясы» деп аталатын жұмысы Сыр бойындағы шежірелі шаһардың жоғары мәдени мекен болғанын көрсетеді. «Көкжиек», «Айтматовты оқығанда» еңбектерін әлем жұрты таниды. Арал балықшыларына арнап салған картинасы Йеменнің Сана қаласында бас жүлдеге ие болады.
Жұмыстары АҚШ, Франция, Марокко, Польша, Португалия, Йемен, Түркия сынды түрлі елдерде беделді көрмелерде таңдай қақтырса, сондай-ақ еліміздегі Ә.Қастеев мұржайында, Ресей, Еуропа, Жапония, Йемен, Франция, АҚШ сияқты алпауыт елдер мен Қазақстандағы жеке коллекциялар мен галереяларда сақтаулы.
Қайырбай Зәкірұлын басқалардан бөлектейтін тағы бір қыры – жаңашылдығы. 150-ден астам бір-бірен ұқсамайтын картина серияларын салып, аз бейнеге көп ұғымды ұялату шебердің қолынан келетін іс. «Суретші интеллектуалды деңгейінің тереңдігін әлемге таныта алуы керек», – деген ол өнердің ұлттың шеңберінде, шектеулі құрсауда қалып қоюына түбегейлі қарсы. Түрлі жанрға қалам сермеп, бейнелеу өнерінің күрделі саласы – графика мен дизайнда да сара жолын қалдырады.
Түрксой Халықаралық ұйымының XVI суретшілер көрмесінде «Қайнақ» арнайы сыйлық алады. Бұл жолы қылқалам шебері түгел Түркі жұртын бір арнаға тоғыстырған ұрықтың рухы, алтын діңгек – Қорқыт бейнесі ешкімді бейжай қалдырмайды. Көңілдерді толқытып, өткен мен көшкенді ойға оралтады.
«Өзімді өнерде де, өмірде де бірдей бақытты сезінемін, себебі өмірім – өнерім, өнерім – өмірім» деген тұлғаның өскен ортасы туралы пайымы жоғары болады.
«Туған жерін сүюді одан артық үлгі ететін адам көрген жоқпын. Өмірінің соңында қарай Алматыға көш аударғаны болмаса, жетпіс жылдан астам ғұмырын өзінің Сырында өткізіп, небір шедевр шығармаларын шабыттана салды.
Сәулеттік сызбаларымен де танымал. Облыс орталығындағы Келте тонды Келімбет батыр, Қазалыдағы Жанқожа баба кесенесі, Асандар көтерілісі мемориялдық ескерткіші нағыз шебердің қолынан шыққан қайталанбас өнер жұмыстары», – дейді Тастайбек Иманғали.
1992-1995 жылдар аралығында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда педогогика институтының бейнелеу өнері кафедрасының меңгерушісі болып, сурет, мүсін, кескіндеу өнеріне шәкірттерді баулиды.
Шер-ағаның «Бір кем дүние» дейтін әттеген-айға балама сөзі бар. Мыңжылдық мәдениеттер мұрагері, қазақ бейнелеу, қолданбалы көркем өнер саласының сайыпқыраны өткен жылы аяқталар сәтте өзі де тарихқа айналып, «келместің кемесіне» мініп, қайрылмайтын сапарға жол шекті. Қайырбайын қимай, бір біріне «қайырлы болсын!» айтысқан өнерсүйер қауымының қаза қабырғасын сөкті. Биыл тірі болғанда, мерейлі 80 жасын елі жоғары дәрежеде атап өтер еді.
Адам деген пайым парасатты биік деңгейде алып ұстап, өмірінің соңына дейін қайратты қылқаламы қолынан түспеген қайсар жүрек тудырған туындылар әлі талай толқынды тәрбиелері хақ.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА