Партиялық бақылау комиссиясының отырысында бірқатар мәселелер қаралды
Бүгін партияның аудандық филиалының Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Әділбек Сарабековтың төрағалығымен комиссияның кезекті отырысы өтті.Күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Бірінші Мемлекет басшысы Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауы туралы комиссия төрағасы өзі хабарлама жасады.
Мұнан соң партияның сайлауалды бағдарламасының Жол картасындағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының құрылысы және қайта жаңарту жұмыстарының орындалуы қаралып, сондай-ақ әлеуметтік желілерде тұрғындар тарапынан бірнеше рет көтерілген Қазалы қаласы мен Әйтеке би кенті аралығындағы төрт жолақты жол бойындағы жарықтандыру мәселесі бойынша атқарылған жұмыстар тыңдалды. Екі мәселе бойынша аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жасәділ Ешепетов баяндама жасады.
Баяндамадан кейін комиссия мүшелері аталған жұмыстардың сапасы мен уақтылы орындалуына қатысты бірқатар сұрақтар қойып, ұсыныстарын жеткізді. Әсіресе, Қазалы қаласы мен Әйтеке би кенті арасындағы жол бойындағы жарықтандыру мәселесін толық шешу үшін мердігер мекемелердің жауапкершілігін күшейту және тұрғындармен тұрақты кері байланыс орнату қажеттігі атап өтілді.
Отырыс соңында аудандық партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне ағымдағы жылдың 8 айы бойынша азаматтардан келіп түскен өтініштерді қарау жағдайы туралы филиалдың Атқарушы хатшысы Нұрғиса Жалғасбаев ақпарат беріп өтті. Есепті мерзімде 135 жеке және көшпелі, тақырыптық, мобильді қабылдаулар өткізіліп, 496 тұрғын түрлі мәселелерімен жүгінген. Оның 77%-ы оң шешімін тапқан.
Жиын қорытындысында көтерілген мәселелердің орындалуын бақылау комиссияның тұрақты назарында болатыны айтылды. Комиссия мүшелері алдағы уақытта да партияның сайлауалды бағдарламасының жүзеге асырылуына, тұрғындар көтерген әлеуметтік мәселелердің дер кезінде шешілуіне ерекше мән беретіндіктерін жеткізді.
#AMANAT














