Сары май өндірісі күрт төмендеп, импортқа тәуелділік артты

Қазақстанның сары май экспорты күрт қысқарып, импортқа жұмсаған қаржысы экспорттан түскен түсімнен 16 есе асты.
Trade Report мәліметінше, 2026 жылғы қаңтар–тамызда Қазақстан шетелге небәрі 2 млн доллардың сары майын сатқан. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 77%-ға аз: ол кезде экспорт 8,9 млн доллар болған. Ал 2024 жылы көрсеткіш 23,9 млн долларға жеткен еді. Экспорттың заттай көлемі де 1 484 тоннадан 407 тоннаға дейін төмендеген.
Сыртқа сатылған сары майдың 93%-ы Ресейге жөнелтілген.
Осы кезеңде Қазақстан 33,2 млн долларға 6,3 мың тонна сары май импорттаған. Импорт көлемі бір жылда 13%-ға өскен. Негізгі жеткізуші Беларусь: бұл елден 14,3 млн доллардың өнімі әкелінген, яғни жалпы импорттың 43%-ы.
Ираннан жеткізілген сары майдың құны 8 млн доллар, Франциядан әкелінгені 5,1 млн доллар болған.














