Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жасанды интеллект: жаңа дәуірдің кілті

Жасанды интеллект: жаңа дәуірдің кілті

Фото: ЖИ көмегімен жасалған
Ел Президентінің 8 қыркүйектегі Жолдауында ерекше екпін жасалған бағыттардың бірі – жасанды интеллект. Бүгінде жасанды интеллект тек ғылыми жаңалық не ІТ-әлемінің сәнді сөзі ғана емес, әлемдік экономиканың болашағын айқындайтын басты күшке айналды. Ал Қазақстан үшін бұл жаңа өріс ашатын бағыт па, әлде әлемдік жарыста кейін қалмауға жасалған амал ма?

Жаһандық үдеріс және сандардың сыры
PwC дерегіне сәйкес, 2030 жылға қарай жасанды интеллект әлемдік экономикаға қосымша 15,7 триллион доллар құн әкеледі. Бұл – бүкіл жаһандық ЖІӨ-нің шамамен 14%-ын құрайды. Демек, ЖИ-ді ерте игерген елдер жаңа дәуірдің көшбасшыларына айналса, кешеуілдегендер дайын өнімнің тұтынушысына айналып, артта қалу қаупін көтереді. Сондықтан Қазақстан үшін жасанды интеллектке бет бұру – тек уақыт талабы ғана емес, сонымен қатар ұлттық қауіпсіздік пен бәсекеге қабілеттіліктің басты кепілі.
Қытай 2030 жылға дейін ЖИ саласында әлемдегі №1 мемлекет болуды мақсат етіп, жыл сайын 13 миллиард доллардан астам қаржы жұмсап келеді. АҚШ-та Google, Microsoft, OpenAI сияқты ірі компаниялар жаңа үлгілерді жасап, жаһандық стандарт қалыптастыруда. Ал Еуропа одағы жасанды интеллектті заңдық тұрғыдан реттеп, этика мен қауіпсіздікті басты назарда ұстап отыр.
McKinsey зерттеуі көрсеткендей, тек автоматтандырудың өзі әлемдік еңбек өнімділігін жылына 1,4%-ға дейін арттыра алады. Бұл дерек ЖИ-дің тек бір елдің емес, бүкіл ғаламдық жүйенің трансформациясына әсер ететінін дәлелдейді.
Экономисттердің пікірінше, жасанды интеллект технологиясы Қазақстан үшін шикізатқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік беріп қана қоймай, жаңа өнім түрлерін шығару және қызмет көрсету сапасын арттыру арқылы жаңа нарық есігін ашады. «Бұл Қазақстан үшін көлік экспорты сияқты стратегиялық бағытқа ұқсас мүмкіндіктерді береді», – дейді мамандар.
Қазақстанның беталысы қандай?
Мемлекет басшысы «Цифрлық код» қабылдап, жаңа министрлік құру қажеттігін атап өтті. Қазақстан бүгінде цифрлық инфрақұрылымын дамытып үлгерді. Халықтың 98%-ы интернетке қол жеткізіп, мобильді төлемдер мен электрондық қызметтер күнделікті өмірдің бөлшегіне айналды.
Алайда жасанды интеллектіні енгізу үшін бірқатар нақты қадам қажет екені анық. Алдымен кадр даярлау мәселесіне басымдық берілуі тиіс. Өйткені инрақұрылым, заңнамалық база, инвестиция маңызды болғанымен, бәрін іске асыратын – адам капиталы. Сондықтан да болар Президент жолдауында да «сапалы кадрсыз жаңа технологияны меңгеру мүмкін емес» деп атап көрсетілді. Қазірдің өзінде Қазақстанда IT саласында шамамен 150 мың маман еңбек етуде, бірақ сарапшылардың айтуынша, ЖИ саласына кемінде 20–30 мың жаңа буын маман қажет.
IT маманы Ержан Қасымов: «Бүгінгі студенттерге жай бағдарламалауды ғана емес, деректерді талдау, машиналық оқыту, нейрондық желілерді құру қабілеттерін үйрету керек. Университет бағдарламасын жетілдірмесек, әлемдік бәсекеде ілесе алмаймыз» дейді ол.
Сондықтан жастар жаңа мамандықтарды меңгеріп, Оңтүстік Корея, Эстония, Сингапур сияқты елдермен халықаралық серіктестіктер орнатып, білім бағдарламаларын бірлесе әзірленуі тиіс. Сондай-ақ, жеке секторларды тартуға, ірі ІТ-компаниялармен бірге оқу орталықтары ашуға, жастарға практикалық жобалар ұсынып, мектептен бастап бағдарлау жұмыстарын жүргізіп, оқушыларға робототехника, алгоритмдік ойлау курстарын кеңейту керек. «Ал егер біз кадр дайындауда кешігіп қалсақ, технологияны сырттан сатып алып қана отырамыз. Ал егер уақтылы қолға алсақ, өзіміздің ЖИ өнімдерін жасап, тіпті экспорттайтын деңгейге жетуіміз мүмкін» дейді маман.

Салалық саралау: пікір мен пайым
Қоғамда жасанды интеллект барлық салаға енгізілсе, елімізде жұмыссыздық көбейіп кетуі мүмкін бе деген сынды түрлі пікір туындауда. Алайда мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов бұл алаңдаушылық негізсіз екенін айтады. Оның пікірінше, кейбір жұмыс орындары қысқаруы мүмкін, бірақ жаңа технологиялар жаңа мамандықтардың пайда болуына мүмкіндік береді.
«Электронды порталдар мен цифрландыру енгізілгенде де осындай пікірлер айтылған. Уақыт өте жаңа жұмыс түрлері пайда болып, адамдар бейімделді. Сол себепті жаппай жұмыссыздыққа алаңдаудың қажеті жоқ» дейді мәжіліс депутаты.
Психолог Жанар Әбдімәлікова технологияның әлеуметтік әсеріне тоқталды:
«ЖИ адамдардың жұмысын тартып алады деген пікір бар. Бірақ ол көбіне рутиналық жұмыс түрлерін алмастырады. Бұл адамдарға шығармашылықпен айналысуға, сараптамалық ойлауын дамытуға мүмкіндік береді» дейді маман.
Қарапайым азаматардың да бұл тақырыпқа қатысты айтары бар. Шағын кәсіп иесі Әлия былай дейді.
«Мен онлайн дүкен жүргіземін. Егер жасанды интеллект құралдары қолжетімді болса, тауарды автоматты түрде жарнамалап, тұтынушыларды талдап отырар еді. Бұл маған уақыт үнемдеуге, жаңа клиент тартуға көмек болар еді» дейді кәсіпкер.

Шетелдік тәжірибе тиімді ме?
Эстония «цифрлық мемлекет» ұғымын енгізген әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің бірі. Онда азаматтық қызметтердің 99%-ы онлайн жүргізіліп, жасанды интеллект мемлекеттік аппаратта белсенді қолданылады.Оңтүстік Корея білім беру саласына ЖИ технологиясын енгізіп, әр оқушының жеке қабілетіне бейімделген бағдарламалар ұсына бастады. Ал Сингапур жасанды интеллект этикасына ерекше мән беріп, халықаралық стандарт қалыптастыруға үлес қосуда.
Бұл тәжірибелер Қазақстан үшін де маңызды сабақ болып табылады. Дегенмен, технологияны бей-берекет енгізу қауіпті, сондықтан оны қоғамға түсіндіру, этикалық шекара орнату және баршаға қолжетімді ету – басты шарт.
Егер аталған елдердің тәжірибесін Қазақстанға тиімді енгізсе, оның үш негізгі артықшылығы болмақ. Эстония моделі мемлекеттік қызмет көрсету процесін жеңілдетсе, Корея үлгісі білім беру сапасын арттыруға септеседі. Ал Сингапур жолы жасанды интеллекттің этикалық шеңберін қалыптастыруға тиімді қадам болмақ.

ЖИ бізге не береді?
Қоғамда жиі қойылатын сауалдың бірі – «ЖИ бізге нақты не береді?» деген сұрақ. Шындығында, оның пайдасын бір ғана бағытпен шектеуге болмайды. Ең алдымен, экономикалық тұрғыда жасанды интеллект өндірісті жаңа деңгейге шығарады. Автоматтандыру арқылы өнім көлемін ұлғайтып, жаңа тауар түрлерін жасауға жол ашады. Бұл – кәсіпорындардың шығынын азайтып, бәсекеге қабілеттілігін арттыратын маңызды тетік.
Әлеуметтік салада ЖИ сапалы қызмет көрсетуге ықпал етеді. Электронды мемлекеттік жүйелердің жетілуі азаматтарға уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар басқару ісінде ашықтық пен жеделдікті қамтамасыз етіп, шешім қабылдау процесін жеңілдетеді.
Медицинадағы әлеуеті де айрықша. Диагностика кезінде ЖИ дәрігер назарынан тыс қалуы мүмкін ұсақ белгілерді анықтап, ауруды ерте кезеңде табуға жәрдемдеседі. Бұл өз кезегінде талай адамның өмірін сақтап қалуға жол ашады.
Білім беру жүйесінде жасанды интеллекттің көмегі ұстаздар үшін тиімді құралға айналып келеді. Жас педагог Айсұлу:
«ЖИ-ді дұрыс пайдаланса, мұғалімнің жұмысы едәуір жеңілдейді. Әр оқушының деңгейіне сәйкес тапсырма беру, сыныптағы үлгерімді сараптау, сабақ жоспарын жетілдіру – барлығы жүйелі әрі жылдам жүзеге асады», – дейді.
Осылайша, жасанды интеллект – экономиканы дамытатын да, әлеуметтік қызметті жетілдіретін де, адам өмірін сақтап қалатын да, жас ұрпаққа сапалы білім беруді жеңілдететін де құрал. Оның ауқымы кеңейген сайын қоғамға тигізер пайдасы да арта түспек.
Түйін: Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ЖИ-ді ерте игерген елдер жаңа дәуірдің көшбасшысына айналады. Қазақстан да бұл мүмкіндікті тиімді пайдалана алса, тек тұтынушы ел емес, жасанды интеллект өнімін экспорттайтын мемлекетке айналуы әбден мүмкін.Жасанды интеллект – келешекке бастар кілт. Оны дұрыс игеру – Қазақстанның жаңа дәуірдегі ең үлкен жеңісі болмақ.
Арайлым ЖҮСІПОВА
27 қыркүйек 2025 ж. 164 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930