Кәмелетке толмағандар мәселесіне қатысты кезекті комиссия отырысы өтті

Бүгін аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетовтің төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аудандық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Комиссияның күн тәртібінде – қоғамдағы өзекті мәселелердің біріне айналып отырған кәмелетке толмағандардың ерте жүктілігінің алдын алу мәселесі қаралды. Сондай-ақ бұған дейінгі комиссияларда қаралған тұрмыстық зорлық-зомбылық, жыныстық қол сұғушылық қылмыстарының құрбаны болуы деректері мен оған байланысты көрсетілген көмектер жөнінде мәселелер талқыланды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аудандық көпбейінді орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Сейілхан Артықбаев пен аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция тобының аға инспекторы Мархабат Бегалиева баяндама жасады.
Комиссия төрағасы Дәурен Оңғарбайұлы жиында қаралған мәселенің бүгінгі таңдағы өзектілігі өте жоғары екендігін айтып, бұл мәселенің алдын алу бойынша бірқатар шараларды қолға алу қажеттігін жеткізді. Соған сәйкес аудандық білім бөлімінің басшысына білім ошақтарында тиісті сала мамандарымен бірлесе отырып және ата-аналардың қатысуымен қыз бала тәрбиесі, ерте жүктілік, суицид, зорлық-зомбылықтың алдын алу, қыз баланың өсіп дамуына қолайлы психологиялық және әлеуметтік жағдай жасау, оларды келеңсіз жағдайлар мен жат қылықтардың алдын алу, бала тәрбиесіне дұрыс көңіл бөлуге ақыл-кеңестер беру мақсатында семинар-тренингтер, кездесулер өткізу жөнінде тапсырма берді.
Сонымен қатар комиссия төрағасы күн тәртібіндегі мәселе бойынша бұған дейінгі комиссия отырыстарында қаралған балалардың жағдайы туралыда сөз қозғап, комиссияда қаралған әрбір жасөспірімнің жағдайы үнемі назарда болу керектігін жеткізді.