Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Неге еті көп болса да, аққу етін ешкім жемейді

Неге еті көп болса да, аққу етін ешкім жемейді

Бұл тек ырыммен ғана байланысты емес болып шықты, "Қызыл кітаптың" да қатысы жоқ көрінеді.
Фото: canva
Қазақстанда аққудың біразы, мысалы, сыбырлақ аққу "Қызыл кітапқа" кірмейді, тиісінше, қорғалмайды. Өткен жылдары Каспий жақта, Маңғыстау облысындағы Қаракөлде осы ең кербез, ең көркем құстың түрі қырылғанда, экобелсенділер оны "Қызыл кітапқа" енгізіп, мемлекеттік қорғауға алуды сұраған болатын. Үкімет одан бас тартты.

"Қазіргі уақытта сыбырлақ аққудың жаппай өліп жатқаны байқалады. Қудың қалған түрлерінде ондай құбылыс байқалмайды. Оларды "Қызыл кітапқа" енгізу мәселесіне келсек, сыбырлақ аққу – саны көп түр саналады, сондықтан мемлекеттік қорғау бойынша ерекше мәртебені талап етпейді. Біз санының көлемі бойынша алаңдаушылық туғызбайтын түрлерді "Қызыл кітапқа" қоспаймыз!" – деді мемлекетке жұмыс істейтін биология ғылымдарының кандидаты, орнитолог Виктории Ковшарь.

Егер мемлекет қорғамайтын болса, онда неге аңшылар аққуды жаппай атып алмайды? Қаз бен үйректі ұстап жейді, етін базарға апарып сатады. Ал, қуда бұлардан әлдеқайда көп ет бар емес пе?
Бұған бірнеше практикалық тосқауыл бар. Біріншіден, сарапшылардың түсіндірінше, "Қызыл кітапқа" қоспағанымен, аққуды мемлекет қорғамайды деген сөз емес.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің міндетін атқарушының 2025 жылғы 28 ақпандағы №51 бұйрығымен бекітілген "Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасын бұзумен келтірілген зиянның орнын толтыру мөлшеріне" сәйкес, сұңқылдақ аққуды өлтірген, атып алған адамдарға – 400 АЕК (2025 жылы – 1 572 800 теңге), ал, сыбырлақ аққу үшін зиянды өтеу ставкасымен – 50 АЕК (196 600 теңге) айыппұл төлеуге тура келеді.

Екіншіден, аққу – құстардың ішіндегі "сом жұдырықтысы": аңшы Сергей Рябовтың мәліметінше, аққу қанатымен жақсылап бір ұрса, адамды жазым етуі, мертіктіруі мүмкін. Қазақтардың оны "аппақ қу" деп атауының бір мәнісі де сонда болса керек: сыртынан сүйкімді де нәзік көрінгенімен, ашуына тисең сазайыңды тартқызады. Бұл құстың еті өте қатты келеді екен.

"Аққу мен қаз – сыртқы бейнесі ұқсастау келетін су жануарлары. Олардың әрқайсысы көп етке ие. Онда неге аңшылар қазды атудан ләззат алады да, қасында жүзіп жүрген аққуға тиіспейді? Мұның жауабын құстардың биологиялық ерекшеліктерінен, сондай-ақ халықтардың наным-сенімінен, мәдениетінен және жергілікті заңнамалық факторлардан іздеген жөн", – деп жазады "Prochepetsk" порталы.

Көрші Қытайда, алыс Батыста орта ғасырларда аққу етін патшалардың той-думандарында қонақтардың алдына тарту бір дәреже болған, деликатес саналған. Басылымның жазуынша, бұл – бай-бағыланның асы еді. Кедейлерге аққуды аулауға тыйым салынған. Бірақ уақыт өте келе, аққуға деген барлық санаттың көзқарасы түбегейлі өзгерді.

Әлемнің түрлі елдерінің ақын-жазушылары аққуды махаббаттың символы ретінде дәріптей бастады. Мәдениетті елдерде аққу кіршіксіз тазалықтың, адалдықтың, әсемдіктің нышанына айналды.

Қазақ және басқа халықтардың ежелгі фольклоры, аңыздары, ертегілері, бертіндегі театр мен балет, кино мен әдебиет аққуға қасиетті жануар статусын теліді.

Ал, адамның ең асыл сезімінің рәмізін қандай найсап өз қолымен өлтіреді? Өлтірсе, қарғыс атады деп есептелді. Аққу етін жеу адамгершілік этикалары мен моральдық нормаларды бұзумен бірдей. Бұл – мәдени және әдеби фактор.

"Аққу құс халалға жатады. Бірақ қазақ халқы оны ежелден пәктігіне және адалдығына қарай киелі құс санап жемеген. Тіпті "аққуды атпа, досыңды сатпа" деп, оны ату досын атқанмен бірдей деп қараған", – дейді ihsan.kz ағартушылық порталы.

Islam.kz порталы да "адал" дейді. Белгілі дінтанушы Абдусамат Қасымның байламынша, аққу құсы діни тұрғыда "еті адал құстар" қатарына жатады. Бірақ әр адал хайуанды жей беру керек деген ереже жоқ.

"Кейбір хайуандардың еті адал болса да, өзі халық назарында қастерлі болуы мүмкін. Мысалы, жылқы еті дінімізде адал бола тұра, кей мұсылман халқы оны жемейді. Оның себебі етін "харам" көргендіктен емес, жылқы малын қастерлеп, оның әсемдігі мен ерекше табиғатына сүйсініп, құрмет көрсеткендіктен. Бізде аққу құсын қастерлегендіктен оны аулап, етін жеу әбес болып саналады. Сондықтан да, тауық, қаз, үйрек, қырғауыл және басқа да еті адал құстар далада өріп жүргенде, дәл аққуды арнайы барып атып алуға ешкім ризалық танытпас. Оның үстіне, аққу құсының еті құрғақ, әрі өте ұзақ пісетіндігі айтылады. Мүмкін, ол құстың етінің желінбеуінің бір себебі де осы болса керек", – дейді Абдусамат Қасым.

Сондай-ақ, дінтанушы да халқымыздың ұғымында аққу "махаббат символы" ретінде қаралатынын қаперге салды.

Оның мәнін "өзінің жұбына адал" деген түсініктен іздеген жөн. Халық арасында аққу жұбынан айырылған кезде адамдар сияқты қайғыратыны, тіпті өлуге дейін баратыны айтылады.

Өзінің қосағынан айырылған жесір аққу биікке самғап, өзін төменге тастайды деседі. Сол себепті оны өлтіруге қимайтын қазақта оның етін жеу әдеті де жоқ. Ал, биологиялық тұрғыдан алғанда ересек аққу – ауыр, етжеңді, ірі құс. Оның салмағы 10 келіге дейін тартады.

Бір қарағанда, мұндай "олжа" аңшылардың тез-ақ қоржынын толтырар еді. Алайда тәжірибеде бәрі басқаша. Аққудың еті бір мезгілде қатты, шандыр және майлы болып келеді. Қазанды қара кештен таңға дейін қайнатуға тура келер еді.

Одан бұрын аспаз бір күн тұздыққа бөгіп, маринадтауға мәжбүр болар еді. Мамандардың пікірінше, тіпті мұндай шарттарда да аққу етінің жұмсақ болатынына ешқандай кепілдік жоқ.

Егер мемлекет еркіндікте жүрген аққуды атқызбаса, онда оны қолда өсіріп, союға болмай ма? Биологтар аққуды қолда өсіру өте қымбатқа түсетін, әрі машақаты көп шаруа екеніне назар аудартты.

Ас талғайтын кірпияздығы да бар. Сондықтан оңайлауы, әрі арзандауы – қаз бен үйрек, тіпті түйеқұс өсіру. Міне, сол себепті аққу әлі күнге азық-түліктік, шаруашылық құс емес, қорғалатын және декоративті құс болып қалды.

Осыған қатысты ғылымда "етті парадокс" деген ұғым бар: адам өз алдында еті жеуге жарамды жануар тұрғанын біледі, бірақ оның етін жеу туралы ойдан бір мезгілде қымсынады, қорқады және жиіркенеді.

Осылайша, тіпті әлем аспаздары аққудың етін ұзақ пісірмей-ақ, жұмсақ әрі дәмді етудің тәсілін тапқанның өзінде, адамдардың көпшілігі оны тамаққа тұтынудан бойын аулақ салары сөзсіз. Бойына ана сүтімен сіңген тәрбие мен мәдениет соған жібермейді, бұл ала жіпті аттатқызбайды.

Қорыта айтқанда, аққу етін жеуден бас тартуға біріншіден, бұл құстың етінің биологиялық қасиеттері, екіншіден, мемлекет бекіткен құқықтық шектеулер, үшіншіден, өркениетті халықтардың байырғыдан қалыптасқан осы құсқа деген мәдени құрметі кедергі. Ал, ондай "пиардан" ада қалған қаз бен үйрек, тауық пен түйеқұс және басқалары әлемдегі ең танымал, қолжетімді ет болып қалуда.
07 қыркүйек 2025 ж. 133 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930