«Наурыз» ипотекалық бағдарламасы қайта іске қосылды

Отбасы банк “Наурыз” бағдарламасы бойынша қарыз беруді қайта бастады. Банк қызметкерлері бұрын өтініш берген әр клиентке хабарласып, қарызды рәсімдеу үшін бөлімшеге шақырады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Аталған банк Қазақстан қор биржасынан (KASE) 150 млрд теңге тартқанын және несиелеуді қайта бастауға дайын екенін хабарлады.
«Шарттар өзгеріссіз қалды: бастапқы жарна – кемінде 20%, ең жоғары несие сомасы – Астана мен Алматы үшін 36 млн теңгеге дейін, басқа өңірлер үшін 30 млн теңгеге дейін. ЖТСМ – 9,6%-дан 13%-ға дейін. Несие мерзімі – 19 жылға дейін»,– делінген хабарламада.
Барлық мақұлданған өтініштер мен пәтер броньдары сақталады. Өзекті ақпарат «Отбасы банк» ресми интернет-платформаларында жарияланады. Сондай-ақ “Наурыз жұмыскер” бағдарламасы бойынша да қарыздар беріле бастады.
Еске салсақ, маусым айында банк жаңа несие беруге уақытша шектеу енгізген болатын. Ол кезде қарыз тек барлық құжатқа, соның ішінде кепіл шарты мен төлем кестесіне қол қойған клиенттерге ғана берілді. Қалғандары күтуге мәжбүр болды.
Тоқтатуға себеп – қаржыландыру мәселесі. “Наурыз” ипотекасына қаражатты банк KASE биржасында облигация сату арқылы тартады. Саудадан 85 млрд теңге жиналған, бірақ үш айда 105,8 млрд теңгеге несие берілген. Сұраныс жоғары болды.
Енді лимит қайта ашылды. “Наурыз” және “Наурыз жұмыскер” бағдарламалары бойынша төлем қабілетін растаған және қарыз рәсімдеуді күткен барлық азамат баспана алуға қаржы ала алады.