Қазақстандықтар қосымша үш күн демалыс ала алады: Мұны қалай рәсімдеуге болады

Жұмыс істейтін қазақстандықтар үшін үш күн әлеуметтік демалыс бар. Мұның еңбек демалысына қатысы жоқ, одан бөлек есептеліп беріледі. Бірақ үш күндік әлеуметтік демалыс емханада скринингтік тексерістен өтуге арналған. Stan.kz ақпарат агенттігі үш күн әлеуметтік демалыс қалай рәсімделетінін анықтады.
Әлеуметтік демалыс не үшін және қалай беріледі?
Үш күндік әлеуметтік демалыстың тәртібі "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекспен реттеледі. "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекстің 80-бабының 3-тармағына сай, Қазақстан азаматтары профилактикалық медициналық тексеруден және скринингтік зерттеулерден өтуі керек.
Скрининг – ауруларды ерте анықтауға көмектесетін жоспарлы медициналық тексеріс. Оның арқасында сүт безі қатерлі ісігі, жатыр мойны қатерлі ісігі, қант диабеті, артериялық гипертония, В және С созылмалы гепатиттері сияқты көптеген қауіпті ауруларды анықтап, алдын алуға болады. Әркім өзі тіркелген медициналық мекемесіне барып, тексеріле алады.
Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексте скринингтік зерттеулер клиникалық симптомдары мен шағымы жоқ халықты ерте кезеңде түрлі аурудың өршуін, олардың пайда болу тәуекелі факторларын анықтау және олардың алдын алу мақсатында медициналық зерттеп қарау кешені деп белгіленген.
Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстің 87-бабының 4-тармағында, жұмыс берушілер осы қарап-тексерулерге жататын адамдарға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде скринингтік зерттеулерден өту үшін жағдай жасап, кедергісіз босатуы көзделген.
Скринингтен кімдер өтеді?
Алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында скринингтік кабинеттер бар. Скринингтен өту үшін тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгіну қажет.
Қазақстандықтар қан айналымы жүйесінің аурулары (артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы), қант диабеті, глаукома, қауіп тобындағы адамдарда созылмалы В және С гепатиті бойынша скринингтен өте алады. Сонымен қатар белгілі бір жасқа толғанда өтетін онкоскринингтер бар. Оның үш түрі мынадай:
жатыр мойны қатерлі ісігі скринингі (30 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер, 4 жылда 1 рет);
сүт безі қатерлі ісігі скринингі (40 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер, 2 жылда 1 рет);
колоректальды қатерлі ісік скринингі (50 жастан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер, 2 жылда 1 рет).
Әлеуметтік демалысты қалай рәсімдейміз?
Қазақстанда жұмыс істейтін азаматтарға әлеуметтік демалыс Еңбек кодексінің 87-бабы, 1-тармағының 2-тармақшасына сай беріледі. Жұмыскерлерге скринингтік зерттеулерден өту үшін арнайы бір жылда 3 жұмыс күнінен аспайтын көлемде демалыс бар. Сонымен қатар әйелдерге жүктіліктің 12 аптасына дейін медициналық есепке тұру үшін кемінде 3 күн демалыс беріледі. Бұл күндерде қызметкердің жалақысы сақталады және ол еңбек демалысынан бөлек беріледі. Үш күндік демалысты емханада ұзақ кезек күту сияқты себептерге байланысты толық пайдалану ұсынылады.
Әлеуметтік демалыс алу үшін қызметкер жұмыс берушіге өтініш жазуы керек. Бұл демалыс жұмыс берушінің актісімен рәсімделеді. Еңбек министрлігінің мәліметінше, Еңбек Кодексінің 23-бабы 2-тармағының 26-1-тармақшасына сай, жұмыс беруші Денсаулық сақтау туралы заңнамада көрсетілген тәртіппен қызметкердің лауазымын және орташа жалақысын сақтай отырып, скринингтік зерттеуден өту үшін демалыс беруге міндетті. Еңбек кодексінде қызметкердің скринингтік зерттеулерден өткені туралы растайтын құжаттарды ұсыну міндеті регламенттелмеген.
Жұмысберуші демалыс беруден бас тарта ала ма?
Жұмыс беруші қызметкерге скринингтік зерттеулерден өту үшін әлеуметтік демалыс беруден бас тарта алмайды. Себебі бұл заңмен реттеледі. Егер бас тартылса, қызметкер еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесіне жүгіне алады. Еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган деп Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін айтамыз. Министрлікпен Еңбек инспекциясы немесе жергілікті бөлімшелері арқылы да байланысуға болады. Мысалы, облыстық немесе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы.