Қазақстанда кез келген қызметкер скринингтен өту үшін үш күн еңбек демалысын алуға құқылы
Әр қызметкер жылына бір рет үш күн әлеуметтік демалыс ала алады. Демалыс денсаулықты тексеру үшін беріледі және ол үш жұмыс күнінен аспауы керек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Рexels.com
Қызметкер үш күндік еңбек демалысына кетер алдында жұмыс берушіге ескертіп, скринингтен өтуді растайтын құжатты көрсетуге міндетті.
Осыған қатысты заң өкілі түсініктеме берді.
“Еңбек кодексінің 87-бабы 4-тармағына сай, қызметкерге скринингтік тексеруден өту үшін үш күндік демалыс беріледі. Бұл ретте жұмыс орны мен орташа жалақы сақталып, төлем толық көлемде жүзеге асырылады. Дегенмен заңға сәйкес, скринингтен өту туралы хабарлама алсаңыз, оны жұмыс берушіге беру керек”, – дейді заңгер Венера Нұрғалиева.
Скрининг – бұл белгілі бір жастағы сау адамдарды алдын ала медициналық тексеруден өткізу, қауіп факторлары мен ауруларын ерте сатысында анықтау. Скринингтік тексерулер ауруды ерте сатысында немесе оған бейімділікті анықтауға, оңтайлы емдеу әдісін таңдауға және алдын алу шараларының кешенін тағайындауға көмектеседі.
Скрининг әдетте, ауруы асқынған адамдар тобына және аурудың даму ықтималдығы айтарлықтай артқан кезде белгілі бір жасқа толған адамдарға ұсынылады.
Ересектер қай жастан бастап тексеріледі:
артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы және қант диабеті бойынша диспансерлік есепте тұрмаған 40, 42, 44, 46, 48, 50, 52, 54, 56, 58, 60, 62, 64 жастағы ерлер мен әйелдер қан айналымы жүйесі ауруларын (артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы) және қант диабетін ерте анықтау үшін тексеріледі;
Глаукоманы ерте анықтау үшін диспансерлік есепте тұрмаған 40, 42, 44, 46, 48, 50, 52, 54, 56, 58, 60, 62, 64, 66, 68, 70 жастағы ерлер мен әйелдер тексеріледі;
Емшектің ісік алды және ісік алды ауруларын ерте анықтауға сүт безі қатерлі ісігі диспансерінде есепте тұрмаған 40, 42, 44, 46, 48, 50, 52, 54, 56, 58, 60, 62, 64, 66, 68, 7 жастағы әйелдер қатысуы керек;
Қатерлі ісік аурулары мен жатыр мойны обырын ерте анықтау үшін 30, 34, 38, 42, 46, 50, 54, 58, 62, 66, 70 жасында жатыр мойны қатерлі ісігіне тіркелмеген әйелдер тексеріледі;
Ішек пен тік ішектің ісік алды және ісік ауруларын ерте анықтау үшін полипозға, ішек пен тік ішектің қатерлі ісігіне тіркелмеген 50, 52, 54, 56, 58, 60, 62, 64, 66, 68, 70 жастағы ерлер мен әйелдер тексеріледі.
Созылмалы В және С гепатиттерін ерте анықтау үшін қан аурулары, қатерлі ісік аурулары бар, гемодиализде жүрген, бұрын хирургиялық араласу, қан мен оның компоненттерін құюдан өткен адамдар тексеріледі.
Шымкент онкологиялық диспансері бас дәрігерінің орынбасары Дәулетбек Жұмағалидің айтуынша, 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдер сүт безінің қатерлі ісігінің алдын алу үшін екі жыл сайын тексеріледі.
“Жатыр мойны обыры төрт жыл сайын 30-70 жас аралығындағы әйелдерде тексеріледі. Колоректальды қатерлі ісік 50-70 жас аралығындағы адамдарда үш жылда бір рет анықталады. Скрининг кезінде адамдар тек қатерлі ісікке тексерілмейді. Сондай-ақ қант диабетін, глаукоманы және басқа да созылмалы ауруларды анықтауға көмектеседі”, – дейді Дәулетбек Жұмағали.
Аталған топқа жататын адамдар әлі тексеруден өтпесе, жұмыс берушіге әлеуметтік демалыс туралы өтініш жазғаны дұрыс. Заңға сай, скринингтен өткеннен кейін жұмыс берушіге сараптама нәтижесін көрсету міндетті емес.