Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » «Жайлы мектеп» жақсы-ақ, қалмаса екен ақсап

«Жайлы мектеп» жақсы-ақ, қалмаса екен ақсап

Қазір елде мектептегі оқушылар саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Сондықтан орын жетіспеушілігі өзекті мәселеге айналды. Осыған байланысты Қазақстанда «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асырыла бастады.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстандағы мектептердің саны 1,4 мың бірлікке азайған. Жабылған білім ошақтарының көбі болашағы жоқ ауылдық жерде орналасқан. Оны жабудың басты себебі білім алатын баланың болмауымен түсіндірілген еді. Бүгінде білім алушылардың саны 3,7 миллионнан асты. Оның ішінде 2,2 миллион оқушы қалалық жерде, қалған 1,5 миллионы ауылдық мектептерде білім алуда.
Елдегі тапшылықтың шешу үшін былтыр Үкімет «Жайлы мектеп» білім беру саласындағы пилоттық ұлттық жобасын бекітті. Онда 2022 жылы оқушы орындарының тапшылығы 270 мың орынды, оның ішінде қалада – 174 мың, ауылда – 96 мың орынды құрайтыны айтылды.
Әні-міне дегенше «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 461 мың оқушыға арналған екі ауысымдағы 217 мектептің құрылысы басталды. Primeminister.kz редакциясының мәліметінше, қазіргі уақытта республикада Мемлекет басшысының барлық деңгейдегі білім беру саласын нығайту жөніндегі бірқатар маңызды бастамасы іске асырылуда. Мәселен, осы жылдың айшықты оқиғаларының бірі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының басталуы болды, оның аясында 740 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы 369 мектеп салынады. Биыл ел бойынша 137 мың оқушыға арналған 165 мектеп пайдалануға берілді. Осылайша, 12 апатты жағдайдағы және үш ауысымда оқытатын 29 мектеп бойынша мәселе шешілген. 210-нан астам мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталыпты.
Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры құрылған сәттен бастап (жемқорлардан қайтарылған қаражат) арнайы шотқа 151,9 млрд теңге түскен. Нәтижесінде, жалпы сомасы 96,5 млрд теңгеге 76,7 мың оқушыға арналған 62 мектептің құрылысы қаржыландырылған. Биылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша, 28,6 мың оқушыға арналған 17 мектеп пайдалануға беріліпті. 718 мектеп 1 067 заманауи химия, физика, биология, STEM және робототехника кабинеттерімен жабдықталған. 1 қыркүйектен бастап 1,6 млн бала тегін ыстық тамақпен қамтылды, олардың ішінде 1,4 млн бастауыш сынып оқушысы және әлеуметтік осал топтардан шыққан 200 мыңнан астам бала бар.
Жалпы «Жайлы мектеп» ол қандай мектеп? Алдымен мектептер ауылда да, қалада да жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, спорт залдар болады. Балалар үшін бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шараларын орнату көзделген. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, ауыстырып киетін киімге арналған жеке шкафтар, сондай-ақ кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына тиісті жағдайлар қарастырылған. Құрылыс толығымен қаржыландырылған. Егер бұрын мектеп құрылысын қаржыландыруға облыстық және аудандық бюджеттерден қаражат тапшылығына байланысты мектептер жеткілікті көлемде салынбай, ұзақ мерзімді құрылыстар проблемасы туындаса, қазір мақсатты қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді. Мектепке апаратын жаяу жүргіншілер жолы, автобус бағыттарын алдын ала іске қосу, аялдамаларды дайындау, мектепке апаратын жолдарға жарық беру мәселелері де қатар шешілуі керек. Айта берсе көп-ақ, тек жүзеге асып, ойдағыдай нәтиже шығарғанын күту қалды.
Қызылорда облысы бюджетінің 61 проценті әлеуметтік салаға бағытталған. Соның ішінде білім саласына 278 млрд теңге бөлінген. Салада ауқымды жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Биыл облыста 4 жаңа мектеп пайдалануға берілуде. Президент тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 21 мектеп салынады. Жоба құны – 98 млрд теңге. Қазір 10 мектептің құрылысы жүргізілуде, қалған 11-і келесі жылы басталады. 2025 жылы толық тапсырылады. Оның ішінде екеуі Қазалы ауданында бой көтереді.
Болжам бойынша 2026 жылы мектептегі оқушылар саны 4,3 млн адамды құрайтын болады. Қалыптасқан тапшылықты шешу үшін Үкімет «Жайлы мектеп» жобасын бекітті. Жоба аясында 740 мың оқушыға есептелген 369 мектеп салу жоспарланып отыр. Жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 2,4 трлн теңге бөлу көзделген. Биыл 461 мың орындық 217 мектеп құрылысын бастап, оларды келер жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Ал қалған 152 мектептің құрылысын 2024 жылы бастап, 2025 жылы ашу, соның арқасында 279 мың орындық тапшылықты шешу жоспарлануда.
Айнұр ӘЛИ

19 желтоқсан 2023 ж. 203 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 44

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930