Қазақстанда екі жылда үш ауысымды мектеп саны 3 есеге азайды

Елімізде 2019 жылдан бастап 1 млн-нан астам оқушы орнына арналған 1200 жаңа мектеп қолданысқа берілді. Әсіресе, 2023, 2024 жылдары құрылыс ерекше қарқынды болды. Бұл кезеңде Мемлекет басшысының тапсырмасымен 510 мың орынға арналған 422 мектеп салынды. Бұл құрылыс жұмыстары елімізде 100-ге жуық үшауысымды мектепті ғана емес, 200-ден астам мектепте орын тапшылығын жоюға мүмкіндік берді, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жаңа форматтағы мектептер салуға басымдық берілуде. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 105 жайлы мектеп тапсырылды, 2025 жылдың соңына дейін тағы 112 мектептің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры арқылы 61 мектептің құрылысы қаржыландырылды, оның аясында тағы 28 білім ордасын салу көзделген.
Білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын жақсартудың үшінші бағыты – жыл сайын 1000 ауылдық мектепті жаңғырту, сондай-ақ қолданыстағы мектептерді күрделі жөндеу, заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтау жүргізіліп жатыр.
«Мектеп инфрақұрылымын кешенді дамыту білім беру үшін жайлы жағдай жасауға және барлық бала үшін тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған. Жүйелі шаралардың арқасында екі жыл ішінде үшауысымды мектептердің саны үш есеге қысқарды», – дейді Инфрақұрылымды дамыту департаменті директорының орынбасары Роза Сембаева.
Келесі кезеңде мектептердің инфрақұрылымын бірыңғай заманауи форматқа көшіру бойынша жұмыстар жүргізіледі. Президенттің тапсырмасына сәйкес, алдағы үш жыл ішінде еліміздің барлық өңірінде 1300-ге жуық мектепті реновациялау жоспарланған.