КӨПКЕ ҮЛГІ АРДАГЕР

Еңбек демалыстарында уақыт тауып, еліміздің түкпір-түкпірінде жүрген бірге оқыған, түрлі қызметтердегі достарын ұйымдастырып, бірге ертіп, туған жерге келіп, тұрмысы төмен, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдан келгенше қайырымдылық көмектерін жасауды дағдыға айналдырған. Келген кездерінде ауданда спортшы жастармен кездесіп, волейбол, футболдан өздері бірге қатысқан жарыстар ұйымдастырады.
Қайда жүрсе де туып-өскен жері Қазалының атын шығарып жүрген Ұлттық Қауіпсіздік комитеті органдарының Құрметті ардагері, полковник Бауыржан Ақантай Қазалы ауданының құрметті азаматы. Ол Қазалы ауданында өткен жылы кеңінен аталып өткен әруақ қонған халық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлының туғанына 250 жыл толуына байланысты атап өтілген шарада арнайы шығарылған мерекелік медальмен марапатталды.
Бұл күндері Астана қаласында Секьюрити КазМунайГаз корпоративтік қауіпсіздік департаментінің бастығы, полковник Бауыржан Ақантай қызмет саласындағы қауырт жұмыстарына қарамастан уақыт тауып, тағы бір азаматтық істерімен көріне білді. Игілікті қайырымдылық шара жасады. Ол қасиетті Рамазан айындағы Наурыз мерекесі қарсаңында Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентіндегі «Шапағат» мүгедек балалар үйіне өзінің жеке есебінен Жапон елінің жаңа тігін машинасын және ауданның футболдан құрама командасының мүшелеріне футбол формасын (15 дана) алып берді. Мұны иелеріне аудан басшыларымен қазалылық ұлтжанды азаматтардың бірі Толыбай Жүсіпов бірге жүріп, табыс етті.
Шамша АЙТУҒАНОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
Астана қаласы