Атқарылған іс көп, алдағы міндет ауқымды

Халық қалаулысы сапар аясында «Қамқор Вагон» ЖШС-нің Қазалы вагон жөндеу депосында жаңадан іске қосылған дөңгелек жұптарын күрделі жөндеу цехының жұмысымен танысты. Мәжіліс депутатымен бірге аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш пен аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев бірге жүрді.
Аталған учаске 2025 жылдың сәуір айында пайдалануға берілген. Жоба «Қамқор Вагон» компаниясының ұзақ мерзімді даму стратегиясы аясында жүзеге асып, жүк вагондарының жөндеу сапасы мен сенімділігін арттыруды көздейді.
Депутат жаңа өндірістік учаскені аралап, орнатылған заманауи жабдықтармен, оның ішінде екі режимді престеу қондырғылары, өлшеу және бұзбай бақылау құралдары, механикаландырылған жұмыс орындары және жинақтау-бөлшектеу аймақтарымен танысты.
«Мұндай өндірістік жобалар еліміздің көлік-логистика саласын дамытуда маңызды рөл атқарады. Бұл – өңір үшін де үлкен қадам. Жүк тасымалының тиімділігін арттырып қана қоймай, жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға және тұрақты табыс көзін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді халық қалаулысы.
Кәсіпорын қуаттылығы жылына 3000 дөңгелек жұпты күрделі жөндеуден өткізуге есептелген. Бұл өндірістік қуат тапсырыс берушілердің сұранысын толық өтеуге мүмкіндік беріп, вагондарды жөндеу мерзімін едәуір қысқартады.

Айта кетейік, цех жұмысымен танысу барысында депутат сол жерде қызмет атқаратын жұмысшы мамандармен де пікірлесті. Ол теміржолшыларды еліміздің көлік жүйесінің сенімді жұмысын қамтамасыз етіп отырған негізгі күш ретінде атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы өндірісте табанды еңбек етіп жүрген азаматтардың қоғамдағы рөлі мен мәртебесін арттыруға бағытталған маңызды қадам екенін жеткізді.
Одан соң мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов аудандық көп бейінді орталық аурухана жанынан бой көтеріп жатқан 42 төсектік инсульт және кардиология орталығының құрылыс барысымен танысуға барды.
Медициналық нысан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынып жатыр. Жобаның жалпы құны 1,9 миллиард теңге. Бас мердігер – «СМП Кызылорда» ЖШС-і. Құрылыстың аяқталуы 2025 жылдың соңына жоспарланған.
Халық қалаулысы нысанды аралау барысында жауапты сала басшылары және мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс барысына қатысты нақты міндеттер жүктеді.
«Ауылдық жерлердегі медициналық инфрақұрылымды дамыту басым бағыттардың бірі. Бұл орталық тұрғындарға жоғары деңгейде қызмет көрсетуі керек. Сондықтан ең бастысы – құрылыс уақытында және сапалы аяқталып, халық игілігіне берілуі тиіс», – деді Мархабат Жайымбетұлы.
Жоба бойынша орталық пайдалануға берілгеннен кейін аудан тұрғындары үшін аса маңызды мәселе болған МРТ құрылғысы орнатылып, инсульт және жүрек-қан тамыр ауруларына қатысты диагностика мен емдеу қызметтері қолжетімді болмақ. Сонымен қатар тиісті медициналық мамандардың біліктілігін арттыру жұмыстары қолға алынады.
Сәуір айында аудан орталығында орналасқан Қазалы теміржол вокзалының күрделі жөндеу жұмыстары басталған болатын. Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов жұмыс сапары барысында 120 жылдық тарихы бар нысанда жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысын көзбен көрді.
Құрылыс жұмыстарын «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының қаржыландыруымен «Бақ Береке» ЖШС жүргізуде.
Аталған вокзалға соңғы рет 2013 жылы жөндеу жүргізілген болатын. Ендігі кезекте эскиздік жобаға сәйкес, ғимараттың іргетасы мен қабырғаларын нығайту, шатырын ауыстыру, есік-терезелерді жаңарту, жолаушыларға арналған күту залдарын заманауи талаптарға сай жабдықтау, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасау, қауіпсіздік жүйелерін орнату, сондай-ақ вокзал аумағын көгалдандыру және брусчатка төсеу секілді ауқымды жұмыстар атқарылатын болады.
Мұнан кейін мәжіліс депутатының жұмыс сапары аудан орталығындағы Қазалы мәдени-демалыс кешенінде салынып жатқан жаңа спорт кешенінде жалғасты.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарын «Болашақ» ЖШС жүргізуде. Жобаның жалпы құны – 655,492 миллион теңге. Құрылыс басталған кезеңнен осы уақытқа дейін нысанның іргетасы құйылып, колонна жұмыстары, 10 кВ электр желісін және ауыз су жүйесін тарту секілді жұмыстар атқарылған. Құрылысты толықтай аяқтау үшін қаржыландыру қажет. Қазіргі кезде 2025 жылға арналған қосымша келісімшарт жасалып, құрылыс жұмыстары жалғасуда.

Құрылыс жұмыстарының жүргізілу барысын туралы аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев таныстырды. Мархабат Жайымбетұлы спорт нысаны жергілікті халықтың салауатты өмір салтын қалыптастыруына үлкен серпін беретінін атап өтіп, жобаны қаржыландыру бағытында жұмыс жасайтынын жеткізді.
Одан соң мәжілісмен «Қазалы-Көларық-Бекарыстан би-Жаңақұрылыс» бағытындағы аудандық маңыздағы автомобиль жолының 6,5 шақырымдық бөлігінде жүріп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысын бақылады.
Жобаның жалпы құны – 835 699,3 мың теңге. Жобаға сәйкес жол жамылғысы толықтай жаңартылып, қалыңдығы 18 сантиметр болатын үш қабатты асфальт-бетон жабындысы төсееді.Атап айтқанда, бірінші қабат – қара шебень негізі, екінші қабат – ірі түйіршікті асфальт, ал үшінші қабат – майда түйіршікті асфальт болып табылады.
Бүгінгі күні 4 шақырымдық учаскеде алғашқы екі қабат – қара шебень мен ірі түйіршікті асфальт-бетон төсеу жұмыстары толықтай аяқталған. Қалған 2,5 шақырымда құрылыс жұмыстары жоспар аясында жүргізілуде. Жобаны іске асыру мерзімі – 7 ай.
Халық қалаулысы Мархабат Жайымбетов мердігер мекеме «Қазалы Жолшы» ЖШС-нің өкілдерімен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына назар аударды. Сондай-ақ, тұрғындар күтіп отырған инфрақұрылымдық жобаны уақытылы аяқтау қажеттігін ерекше атап өтті.
«Жол – стратегиялық маңызы бар нысан. Сондықтан құрылыс жұмыстары сапалы орындалып, мерзімінде аяқталуы тиіс. Бұл халықтың күнделікті тіршілігі мен қауіпсіз қозғалысы үшін аса маңызды», – деді депутат.
Бұдан кейін мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетова Бекарыстан би ауылына барды. Онда ол «Ауыл аманаты» жобасы аясында іске қосылған кілем жуу орталығының жұмысымен танысты.
Аталған жоба ауыл тұрғындарының табысын арттыру мен тұрмыстық қызмет түрлерін жергілікті жерде дамытуға бағытталған. Цех қажетті техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген және бірнеше ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған. Бүгінде тұрғындарға қолжетімді сервистік қызмет түрлерін ұсынуға мүмкіндік беріп отыр. Халық қалаулысы бұл жобаның әлеуметтік маңыздылығын ерекше атап өтті.

«Ауылдық жерлерде осындай шағын, бірақ тиімді жобалардың болуы халықтың өмір сапасын жақсартуға жасалған нақты қадамдардың бірі. Мемлекет тарапынан ауыл тұрғындарына табыс әкелетін осы секілді бастамалар қолдау табуы тиіс», – деді депутат.
Мұнан соң жоба жетекшісімен пікірлесіп, кәсіпкерлігін одан әрі дамыту жолдарын талқылады. Сонымен қатар, кәсіп иесінің алдағы жұмысына сәттілік пен табыс тіледі.
Айта кетейік, 2025 жылы «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға Қазалы ауданына 835,1 миллион теңге көлемінде қаражат бөлу жоспарлануда. Бұл қаржы 124 жобаны қаржыландыруға және 135 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Мәжіліс депутаты ауыл тұрғындарымен кездесуге маңыз беріп, Бекарыстан би ауылына аялдады. Кездесу барысында ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлеріне құлақ асып, мәселелерін тыңдады.
Ауыл ішіндегі «Диін бағында» өткен жүздесуде халық қалаулысы елді мекендердегі өзекті мәселелерді шешу мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, Мәжілісте қабылданып жатқан заңдар мен бағдарламалар туралы ақпарат берді. Бюджет қаржысының игерілуіне қатысты да сөз қозғап, бөлінген қаражаттың мақсатты және тиімді жұмсалуы басты талап екенін айтты.
Кездесуде тұрғындар спорт кешенінің құрылысын аяқтауға қосымша қаржы бөлу, ауылішілік жолдарды жөндеу, көпірлерді қалпына келтіру, денсаулық сақтау нысандары, соның ішінде аулыға аурухана қажеттілігі туралы ұсыныстарын жеткізді.
Өз кезегінде депутат көтерілген әрбір мәселеге жеке жауап беріп, жауапты сала басшыларымен бірге шешу жолдарын қарастыратынын және бақылауында ұстайтынын айтты.

Жиын соңында ауыл тұрғындары атқарылып жатқан игі істердің аз еместігін атап өтіп, елмен етене араласып жүрген халық қалаулысына ризашылықтарын білдірді. Алдағы қызметіне сәттілік тілеп, баталарын берді.
Сапар соңы Қожабақы ауылымен қорытындыланды. Жергілікті тұрғындармен жүздескен Мархабат Жайымбетов ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тыңдап, көтерілген мәселелерге назар аударды.
Бірінші кезекте Мәжілісте қабылданып жатқан заңдар мен бағдарламалар туралы ақпарат беріп, олардың өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына тигізер ықпалына тоқталды. Бюджет қаржысының игерілуіне қатысты мәселеге де назар аударды.
Кездесуде тұрғындар әсіресе елді мекендегі инфрақұрылым бағытына қатысты мәселелерді кеңінен қозғады. Атап айтқанда, Аранды – Қожабақы бағытындағы 12 шақырымдық жолды жөндеу, Аранды ауылынан скважина қазу, газдандыру жұмыстары, спорт кешенінің құрылысын аяқтау үшін қосымша қаржы бөлу, сондай-ақ балабақша салу қажеттігі сынды ұсыныстар айтылды.
Көтерілген барлық мәселелер бойынша депутат нақты жауап беріп, әрбір ұсыныстың орындалысын бақылауда ұстайтынын жеткізді. Сонымен бірге, жауапты мемлекеттік органдармен бірлесе отырып шешу жолдарын қарастыратынын айтты.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат