Мәжіліс депутаты Қазалыдағы жаңа өнідірістік цехпен танысып, жұмысшы мамандармен кездесті

Аталған учаске 2025 жылдың сәуір айында пайдалануға берілген. Жоба «Қамқор Вагон» компаниясының ұзақ мерзімді даму стратегиясы аясында жүзеге асып, жүк вагондарының жөндеу сапасы мен сенімділігін арттыруды көздейді.
Депутат жаңа өндірістік учаскені аралап, орнатылған заманауи жабдықтармен, оның ішінде екі режимді престеу қондырғылары, өлшеу және бұзбай бақылау құралдары, механикаландырылған жұмыс орындары және жинақтау-бөлшектеу аймақтарымен танысты.
«Мұндай өндірістік жобалар еліміздің көлік-логистика саласын дамытуда маңызды рөл атқарады. Бұл – өңір үшін де үлкен қадам. Жүк тасымалының тиімділігін арттырып қана қоймай, жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға және тұрақты табыс көзін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді халық қалаулысы.
Кәсіпорын қуаттылығы жылына 3000 дөңгелек жұпты күрделі жөндеуден өткізуге есептелген. Бұл өндірістік қуат тапсырыс берушілердің сұранысын толық өтеуге мүмкіндік беріп, вагондарды жөндеу мерзімін едәуір қысқартады.
Айта кетейік, цех жұмысымен танысу барысында депутат сол жерде қызмет атқаратын жұмысшы мамандармен де пікірлесті. Ол теміржолшыларды еліміздің көлік жүйесінің сенімді жұмысын қамтамасыз етіп отырған негізгі күш ретінде атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы өндірісте табанды еңбек етіп жүрген азаматтардың қоғамдағы рөлі мен мәртебесін арттыруға бағытталған маңызды қадам екенін жеткізді.