Енді телефондағы балансыңызды да тексере бастайды
Digital Business хабарлауынша, республикада азаматтардың мобильді аударымдарын қадағалау шаралары күшейтіліп жатыр.

Осының алдында құзырлы органдар қолма-қолсыз операцияларға мониторинг жүргізу өрісін күрт кеңейтті.
Енді Үкімет адамдардың тіпті мобильді телефондарының балансына бақылау енгізуді жоспарлауда. Өйткені салықшылардың болжамынша, мұны да халық салықтық және қаржылық қадағалауды айналып өту үшін пайдалана алады.
Мысалы, сантехниктер және басқа да қажетті мамандар көрсеткен қызметі үшін ақыны банктік шотына емес, телефон балансына "лақтыруды" сұрауы мүмкін.
Сонымен бірге, ұялы байланыс операторлары бүгінде клиенттеріне балансындағы ақшаның бір бөлігін банк картасына аударуына немесе онымен әлдебір қызмет үшін есептесуіне мүмкіндік береді.
Салықшылар мұндай тетік әртүрлі жалтарма схемалар өсіп-өнген "сұр аймақты" қалыптастырғанына сенімді.
Шенеуніктер дайындап жатқан жаңашылдықтар туралы журналистерге салықтық қауіпсіздік эксперті Дмитрий Казанцев айтып берді.
Оның мәліметінше, құзырлы органдарға түскен кейбір "сигналдар" адамға қатысты автоматты тексерісті іске қосады.
"Операторлар біраздан бері баланстағы ақшаны картаға аударуға рұқсат етіп қойды. Мысалы, Beeline-да телефонның балансы арнайы картамен байланыстырылған. Өйткені бұрын бонустар, "рахметтер", кэшбэктер және басқа сый-сияпат тікелей телефонның балансына аударылатын. Ары қарай ол бақылау аясынан тыс қалады. Мемлекет ол қаржыларды көрмейді, өйткені оператор банк емес, әрбір клиентіне қатысты құзырлы органға есеп бермейді. Телефон балансы есепшот ретінде тұтқын салуға жатпайды. Яғни, жеке сот орындаушылары немесе салық органы азаматтың картасын бұғаттай алады, телефон картасын бұғаттай алмайды. Сондықтан кейбірі осы олқылықты пайдаланады, баланста ақша сақтайды. Жылдар өткенде, осы мәселені шешуге кірісіп жатыр", – деді Казанцев.
Оның байламынша, шенділердің есепшоттарға енді күн сайын мониторинг жүргізу идеясына мойынсұнуы – бұған дейін қолға алынған бастамалардың өміршең болмауының кесірі.
"Әртүрлі 100 адамнан 3 ай ішінде тұрақты түрде түсімнің түсіп тұруын қарастыратын заңдық норма моральдық тұрғыдан көнерді. Кәсіпкерлік қызмет барысында 100-ден аз адамнан әлдеқайда ірі сома түсуі мүмкін екенін түсінеміз. Сондықтан ақша іздеген мемлекет әрі қарай да 100 адаммен шектеліп қалады деп күту ақымақтық. Тиісінше, азаматтардың мобильді аударымдарын күн сайын қадағалау тетігі енгізілуі мүмкін", – деді сарапшы.
Өйткені 500 мың теңгелік небәрі үш аударым ғана жасырын кәсіпкерге миллион жарым теңге табыс жинап береді.
"Бір қарағанда, көп сома емес. Бірақ ондай аударым ай сайын, жыл сайын жалғасса, үлкен сома шығады. Қызметін, жарнамасын және басқасын астыртын сататын блогерлерді мысалға алайық. Олардың 3 жылдық ақша айналымы талданған. Қорытындысында жиі кездесе беретін кейс анықталды. Яғни, 100-ге жетпейтін адамдар ірі сома аударған. Талдау нәтижесінде реформа жүргізуге ұйғарылды. Тиісінше, мобильді аударыммен ірі сома алғандар туралы деректер Қаржылық мониторинг агенттігіне түседі. Осы арқылы тек лас қаражатты заңдастыру ғана емес, сондай-ақ табысты жасыру да әшкереленеді", – деп түсіндірді Дмитрий Казанцев.
Жалғыз бір қомақты транзакция меморгандардың назарын аудармауы мүмкін. Шынында, ондай аударым өте көп, миллиондап саналады.
Бірақ егер ол қайталанса, міндетті түрде құзырлы органдарды жалт қаратады. Оның үстіне салықшылар ақша аударымдарын хронологиялық тәртіппен, мысалы, кейінгі 3 жылдағы жағдайды тексереді.
"Бір транзакция толық көріністен хабар бермейді. Бірақ жиынтығында ол көпті көрсетуі, тұтас картинаның бір пазлы болуы мүмкін. Мысалы, ақша түседі, иесі оны шешіп алады, ары қарай қолма-қол ақшаның ізі жоғалады. Егер осы әрекет айына бірнеше рет қайталанса, құзырлы құрылымның күдігін туғызады. "Неге бұл адам бірден шешіп алуға жүгіреді? Бәлкім, ол ақшаны қолма-қол қаражатқа айналдыру үшін алатын шығар? Қолма-қол ақша оған не үшін қажет?" деген сияқты сұрақтар туындайды, тиісті жауабы ізделеді. Мұнда пара, капиталды шығарып әкету, табысты жасыру сияқты бағыттарда күмән туындайды. Адам жеке кәсіпкер болмауы мүмкін, алайда тауарды қолма-қол ақшаға сатып алады. Бұл да күдікті", – деді Казанцев.
Оның айтуынша, міне, дәл осындай транзакциялардың жиынтығы әлгінде айтылған "сигналға" айналады.
Кейбір адамдар ойлайды: "салықшылар да адам ғой, елдегі ондаған миллион қазақстандық пен шетелдіктердің әрқайсысының мобильді аударымдары мен есепшоттары туралы том-том есепті қарап, зерделеп отыруға жағдайы да, уақыты да жетпес!", – деп бейғам болып, арқаны кеңге салады.
Шын мәнінде мұның бәрін адамдар емес, жасанды интеллект істей алады. Қазақстанның бүгінде бірнеше суперкомпьютерді іске қосып жатқаны таяуда жарияланды. Олар Үкіметке де қызмет етеді. Жаңартылып жатқан жүйеде белгілі бір параметрлер енгізіледі. Соның негізінде Қазақстанның әрбір тұрғынының мобильді аударымы мен есепшотындағы қаржы қозғалысына қатысты түскен "сигнал" автоматты түрде тексеріледі, талданады. Сарапшының мәліметінше, ұйқысыз-күлкісіз, күндіз-түні тау-тау құжатты тексеретін заман артта қалды.
Дмитрий Казанцев құзырлы органдар жұртшылыққа бақылау схемаларын, қолында қандай құралдары, озық жабдықтары барын жария етпейтінін ескертті. Тетіктердің бәрі кадр сыртында қалады.
"Комбинациялары өте көп. Схемалардың бәрін бірдей жария қылмайды. Егер ол схемаларды халыққа түсіндірсе, лас қаржыны жылыстатушылар, бизнесін жасыратындар соған бейімделіп, өздеріне қатысты банктерден жоғарыға ешқандай "сигнал" түспеуінің жағдайын жасайды", – деді салық сарапшысы.
Президент тапсырмасымен, 2025 жылдан бастап зейнеткерлер, жеке компаниялардың қатардағы қызметкерлері, студенттер, бюджет қызметкерлері және басқа да тұлғалар декларация тапсырудан босатылды. Содан кейбір адам: "осы санаттағы азаматтарға аударылған ақшалар тексерілмейді" деп ойлайды екен. Сарапшы мұны жоққа шығарды. Барлық адамның шотына түскен ақша бақылауда болады.
"Мемлекеттік eGov және басқа мәліметтер базасы, дерекқорлар арқылы адамдардың кімнің жақын-жуығы, әке-шешесі, аға-әпкесі, іні-қарындасы болып табылатыны, туысқандық қатынасы оңай анықталады. Жүйеден бірінші қатардағы ондай туысқандық байланыстар бірден көрініс табады. Егер блогердің шешесіне миллион теңге түссе, оны ол ары қарай ұлына аударса, оның миллионды қайдан алғаны құзырлы органдарды қызықтырады. Анасы, басқа туысы тексеруге ілігеді. Егер анасының жеке кәсіпкерлігі болса немесе ресми табысы мол болса, ары қарай сұрақ туындамайды. Егер онысы болмаса, тергейді", – деді Казанцев.
Ол қаржылық сауатты ұрпақ өсіп шығуға тиістігін жеткізді. Біздің бәріміз түсінуіміз керек: бүгінде бәрі де бақылауда. Қашатын жер қалмады, дейді сарапшы. Табыс таптың ба, салық төлеген жөн.