Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » 5G: Бесінші буынның байланысы қандай?

5G: Бесінші буынның байланысы қандай?

«Агент» дегенің «айқайлап» тұрған шағы. Кірпіш телефоннан арылып, енді ғана «түрлі-түсті» сәнге ие «моторолла», «лягушка» сынды телефондар «хит» бола бастады. Ай сайын тарифке ақша салу ол кезде жоқ. 50-100 бірліктеп аударып жүретініміз бар. Ол тек бізге агентке кіруге ғана қажет.

Агентке кіру де оңай шаруа емес. 1 пайыздан басталған «загрузка» 80 пайызға келгенде қатып, тұрып қалады. Сол күткеннен барлық жерді шарлап, қолымызды жоғары көтеріп жүреміз. Сондағысы байланыс ұстасын деген түр ғой. Ол кезде Е, Н байланысы ғана ұстайтын. Бертін келе Н+ ұстай бастады. Бұл сол кезеңдегі ең керемет, ең жылдам технология еді. 2G, 3G шыққан уақытта да көзіміз ашыла бастады. Ал 4G өмірімізге енгенде ғаламторды ешқандай кедергісіз басқара бастадық. Түрлі программаларды, ойындарды жүктеп, әртүрлі әлеуметтік желілерді еркін шолдық. Алыс жолға шықсақ, байланыссыз қалатынымыз көңілді түсіреді. Ал «сеть» жоқ жерде 3G ұстаса, қарапайым ватсаптан хабарламалар барып, келмей қалады. Интернет баяулатып, тіпті көп серверлер «қате» хабарламасын таратады. Сонда E ұстаған уақытта қалай өмір сүрдік деген сұрақ туындайды. Қызық, иә? Енді қазір 5G байланысы қолданысқа енді. Бұрын үлкен қалаларда ғана байқасақ, қазір ауданның кейбір жерінде ұстап қалатыны бар. Толықтай келмесе де, бастамасы көрініп тұр. Ал осыдан бірнеше жыл бұрын «5G» десе шошынған жұрттың алаңы көп еді. Тіпіті бұл байланыс адамды ауру етеді дегенді көп естідік. Расымен солай ма?
Австралияның онкологиялық кеңесінің жазуынша, 5G технологиясы қатерлі ісік ауруының дамуына ықпал ету ықтималдығы аз. Ал байланыс елге енді келер тұста желіде жаппай таралған жаңсақ ақпаратты stopfake.kz таратпауды айтты. Өйткені 5G технологиясы – 24 ГГц және одан жоғары диапазондарда жұмыс істейтін ұялы байланыстың жаңа форматы. Бұл жаңа толқынның немесе радиацияның жаңа түрі емес. Бұл толқындарды Wi-Fi технологиялары, полиция радарлары, жер бетіндегі кейбір жерсеріктер және тағы басқалар қолданады. Зерттеулер көрсеткендей, бұл технологияның қатерлі ісік қаупінің жоғарылауына түк қытысы жоқ. 2019 жылдан бастап 5G желілері аутизм тудыруы мүмкін деген пайымдар үнемі жоққа шығарылып келеді. Бүгінгі күнге дейін аутизмнің нақты себептері толық ашылмаған. Ешбір ғалым 5G технологиясы мен бұл аурудың арасында ғылыми зерттеулер жүргізген жоқ. Бұған дейін олар аутизмнің дамуын Wi-Fi технологиясымен байланыстыруға тырысты, бірақ ауқымды зерттеулер бұл теорияны жоққа шығарды. Бертін келе бұл мәселені зерттеушілер азайған жоқ. Мәселен, Oxford Academic шығаратын Pnas Nexus журналы 5G технологиясының адам ағзасына зиянын зерттеген жаңа материал жариялады. 5G технологиясының қауіпсіздігіне қатысты сұрақтар бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Әсіресе, пандемия кезінде бұл технологияны денсаулыққа зиян келтіреді немесе жаһандық жұқпалы ауруларға себеп болады деген теорияларымен жиі байланыстырды. Енді жаңа зерттеу бұл пікірталастарға нүкте қойған секілді.
Германияның Constructor University зерттеушілер тобы адам терісінің екі түрлі жасушасын 5G электромагниттік өрісімен сынаған. Бұл жасушалар қазіргі коммерциялық желілерде қолданылатын жиіліктерден де жоғары – 27 және 40,5 ГГц жиіліктерде сәулелендірілген. Ғалымдар қауіпсіздік нормаларынан әлдеқайда асып түсетін деңгейлерді пайдаланып, ең қауіпті сценарийлерді модельдеген. Зерттеушілердің айтуынша, 48 сағаттық әсерден кейін жасушалардың қызметінде айтарлықтай өзгеріс байқалмаған. Жасуша денсаулығы мен тұрақтылығының негізгі көрсеткіштері болып саналатын ген экспрессиясы мен ДНҚ метилденуі өзгеріссіз қалған. Бұл нәтижелер 5G технологиясының адамдар үшін қауіпсіз екенін дәлелдейді. Жаңа зерттеу сондай-ақ жылулық әсерге қатысты алаңдаушылықты да қамтыды. Жоғары жиілікті радиотолқындар тіндерді қызыруы мүмкін. Алайда зерттеушілердің айтуынша, бұл әсер толығымен қарқындылық пен әсер ету ұзақтығына байланысты. Бұл алаңдаушылықты болдырмау үшін сынақтар тұрақты температурада жүргізілді. Соның арқасында жасушаларды қыздырудан басқа ешқандай зиянды әсер болмағаны дәлелденген.
Өмір жағдайында 5G сигналдары адам терісінің жасушаларына зиян келтірмейді. Алайда неміс ғалымдарының зерттеуі 5G-дің қауіпсіздігіне күмәнмен қарайтын барлық адамдардың пікірін бірден өзгерте қоймасы анық. Бұл зерттеу 5G технологиясы биологиялық қауіп төндірмейтінін және оны қолдану қауіпсіз екенін көрсететін дәлелдер қатарына қосылады. Зерттеушілердің пікірінше, шын қауіп көрінбейтін радиотолқындарда емес, керісінше, тым көп уақытты экранға қадалып өткізуде болуы мүмкін.
Ал компьютер ғылымдарының профессоры Стив Белловиннің айтуынша, 5G-дің жоғары жылдамдығы мен кеңінен енгізілуі екі маңызды қауіп туғызады. Пайдаланушының нақты орналасуын бақылау мүмкіндігінің өсуі және Huawei жабдықтары арқылы жеке деректердің сыртқа шығу қаупі. 5G сигналдарының қысқа қамту радиусы ұялы байланыс мұнараларының санын арттыруды қажет етеді. Бұл пайдаланушылардың нақты тұрған жерін анықтауды оңайлатады. Сонымен қатар Huawei 5G жабдықтарын арзан бағамен таратып, оны шифрланбаған мәліметтерді жинауға пайдалануы мүмкін деген қауіп бар. Профессордың пікірінше, 5G арқылы жүзеге асатын жаңа сервистер құпиялылыққа байланысты жаңа тәуекелдер туғызуы мүмкін, сондықтан бұл мәселеге мұқият қарау керек.
Айта кететін жайт, 2022 жылдың соңында мобильді байланыстың бесінші буыны үшін радиожиіліктерге ашық аукцион өткізілді. Онлайн сауда «gosreestr.kz» электрондық сауда-алаңында ұйымдастырылды. Қатысушылар 5G технологиясына арналған 3600-3700 МГЦ (100 МГЦ) радиожиілік жолақтары бойынша бәсекеге түсті. Аукционның алғашқы бағасы 1 761 225 000 теңгеден басталды. Онлайн сауда-саттық, аукционның ашық өтуіне септігін тигізе отырып, қатысушылардың арасындағы бәсекелестік ортаны қалыптастырды. Аукцион талаптарына сәйкес келетін ұйымдар ашық онлайн саудаға қатыса алды. Нәтижесінде, радиожиілік жолақтары үшін сауда-саттық барысындағы баға 62 669 775 351 теңгеге дейін көтеріліп, жеңімпаз болып «Мобайл Телеком Сервис» ЖШС («Теле 2» және «Алтел» бренді) және «Кселл» АҚ («Кселл» және «Актив» бренді) тұратын консорциум анықталды. Онлайн сауда-саттық, аукционның ашық өтуіне септігін тигізе отырып, қатысушылардың арасындағы бәсекелестік ортаны қалыптастырды. Аукцион талаптарына сәйкес келетін ұйымдар ашық онлайн саудаға қатыса алды. Аукционның екі лотының (№1 Лот және №2 Лот) қорытындысы бойынша қорытынды сома 156 069 425 590 теңгені құрайтынын атап өту маңызды, ол 5G технологиясын дамыту үшін республикалық бюджетке жіберілді.
Жоғарыда аталған аукционның жеңімпазына республикалық маңызы бар қалаларда және облыс орталықтарында мобильді байланыстың бесінші буынын (5G/IMT) енгізу және дамыту бойынша міндеттемелер жүктеледі. Міндеттемелерге сәйкес, аукцион жеңімпазы кезең-кезеңімен жалпы саны 3527 базалық станцияны іске қосуы керек. 2027 жылға қарай республикалық маңызы бар қалалардың 75 пайызы, облыс орталықтарының 60 пайызы 5G технологиясымен қамтамасыз етіледі деп күтілуде. 5G желісінің негізгі пайдаланушылары – қарапайым абоненттерден бастап, интернеттің жоғары жылдамдығын қажет ететін ірі бизнес өкілдері болады.
Қысқасы қазір 4G-мен де өмір сүру қалпымыз тұрақты. Тек ай сайынғы қымбаттап кеткен тарифтер мен қанша төлесең де байланыстың әлсіреп кететіні қарапайым тұрғындар үшін мәселеге айналған. Тіпті бір айлық тариф бір аптаға жетпейтін кез де өте көп. Байланыс технологиясы дамыған сайын – жылдамдық артады. Ал жылдамдық артқанда – мегабайт көп желінеді. Ендігі 5G өмірімзге ентелей кірсе, тариф бағасының да артып, ай сайынғы мегабайтымызды жеткізе алмайтындай күйге енетініміз жасырын емес. Әлгінде айтқандай, ауданның кей жерінде 5G байланыс технологиясы ұстап тұр. Алдағы уақытта ауданды толықтай қамтуы мүмкін. 2027 жылға дейін әлі уақыт бар емес пе? Бесінші буынның байланысын болжау да оңай емес. Ол болашақтың еншісінде.

Айнұр ӘЛИ

27 мамыр 2025 ж. 86 0

Мопед мінген осы деп...

27 мамыр 2025 ж. 424

Жаңашылдыққа бетбұрыс

27 мамыр 2025 ж. 113

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031