Clubhouse-ты кім біледі?
Соңғы уақытта қазақстандықтар арасында 2020 жылы АҚШ-та пайда болған ерекше әлеуметтік желі Clubhouse танымалдыққа ие бола бастады. Пайдаланушылар күрт санап өсіп, оқырмандардың ой талқысына түсіп жүрген әлеуметтік желінің қандай артықшылықтары бар? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік.
Жаңа әлеуметтік желі
Бұл мобильдік қосымша қазіргі таңда қарқын алып келе жатыр. Басқа қосымшалардағыдай мұнда да өзіне тән ерекшеліктер бар. Соның бірі – пайдаланушылар дыбыстық хабарламалар чатында ғана отырады. Одан бөлек мобильдік қосымша әзірге iOS платформасында қолжетімді. Android-қа арналған нұсқа дайындық үстінде. Видеобайланыс және сурет жіберуге тыйым салынған қосымшада тек адамдар аудиохабарлама арқылы ғана тілдеседі.
Clubhouse қосымшасы 2020 жылдың сәуір айында іске қосылды. Оны жасаушылар – Пол Дэвидсон мен Роган Сет. Олар бүкіл әлем бойынша мағыналы сұхбаттасуға және адами берік байланыстарды орнатуға мүмкіндік беретін ресурс құрамыз деп мәлімдеді.
Сәйкесінше, мамыр айында, бета-тестілеу сатысында тұрған және 5000-нан аз қолданушысы бар жаңа әлеуметтік желі 100 миллион долларға бағаланған.
Кейін пайдаланушылар саны артып, жарқын жоба жұлдыздарды да көбірек тарта бастады. Нәтижесі бас-аяғы бір жыдың ішінде жаңа стартап жоғары деңгейге көтеріліп, 2021 жылы 21 қаңтарда қосымша 1 миллиард долларға бағаланды.
Бір кездері бұл ресурс Қытайда айтарлықтай танымал бола бастады. Сөз бостандығы шектелетін шекаралас елдің тұрғындары түрлі саяси тақырыптарды, соның ішінде Гонконгтағы орын алып жатқан наразылықтар мен Тайваньның саяси мәртебесін еркін талқылау үшін көптеген желі қолданушыларын тартты. Бұған билік тарапынан жауап дайындалып, 2021 жылы 8 ақпанда ҚХР-да мобильдік қосымша бұғатталды.
Clubhouse аудиториясының ерекше күрт өсуіне Илон Масктың ықпалы зор. Ол 31 қаңтарда желіге қосылғандығын жариялады. Сонымен қатар Илон Маск шулы твит қалдырып, Ресей президенті Владимир Путинді Clubhouse-де әңгімелесуге шақырды. Тіпті орыс тілінде: «Сізбен сөйлесу үлкен мәртебе болар еді» деп жазба да қалдырған. Масктың бір твиті осылайша қосымшаны жаңа деңгейге көтерді. Ақпан айының басында қосымша 3 миллионнан астам қолданушыны жинап, 2021 жылы ең жылдам дамып келе жатқан әлеуметтік желіге айналды.
Қосымшаға қалай тіркелеміз?
Әлеуметтік желіге қосылу үшін қолданушы clubhouse пайдаланушысы болып табылатын танысынан шақырту алу керек. Сервиске қосылғаннан кейін қолданушы достарына тек 2 шақырту ғана жібере алады. Шақыруды алғаннан кейін қолданушы қосымшаға тіркеліп, содан кейін көптеген тегтерді таңдап, өзінің қызығушылықтарын белгілейді.
Белгіленген қызығушылықтар негізінде пайдаланушыға жазылуға және олардың қызметін бақылай алатын адамдардың тізімі ұсынылады.
Аты айтып тұрғандай мобильдік қосымша үй концепциясын еске салады. Мұнда «дәліз» деп аталған өзін-өзі айналдыруға арналған таспа бар. Дәліз ішінде белгілі бір тақырыптар бойынша сұхбат өткізілетін «бөлмелер» орналасқан.
Бұл Clubhouse-тің басты ерекшелігі: кез келген бөлме - аудио-чат. Мұнда байланыс нақты уақытта жүзеге асырылады да ешқандай жазба сақталмайды. Пайдаланушыға кез келген бөлмеге кіруге мүмкіндік бар. Бірақ кірген бөлмеде сөйлеуге мүмкіндік алу үшін модераторлар сізге арнайы рұқсат беруі қажет. Ол үшін желі қолданушылары «қолды көтеру» батырмасын басу арқылы өтініш бере алады. Чаттар тек әңгімелесу кезінде ашылады. Барлық қатысушылар одан шыққан кезде автоматты түрде жабылып қалады.
Осыған байланысты қызығушылық танытатын адамдарға жазылу өте маңызды. Себебі олар қандайда бір бөлмені ашса немесе қосылса жазылған оқырманына ескерту шығады. Бұл жақта сіз қандайда бір тақырып аясында 91 тобының әншілерімен яки бизнесмен Марғұлан Сейсембай сынды тұлғалармен бір бөлмеде отыруыңыз мүмкін. Қарапайым пайдаланушылар үшін таптырмайтын мүмкіндік.
Қазір Қазақстан жастары белсенді түрде clubhouse-ты пайдалануға көшуде. Өзіне ғана тән ерекшеліктері мен арнайы шақырту арқылы ғана қосылуға мүмкіндік беретін желіге қызығушылар саны артқан. Бүкіл әлемде үстемдік құрып тұрған инстаграм мен тикток әлеуметтік желілеріне әлеуеті жететін бәсекелес бола ала ма? Мұны уақыт көрсетеді.
Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ