Қазіргі білім беру жүйесі – жаңғыру ма, әлде дағдарыс па?

Әлемдік өркениеттер тоғысында даму мен өрлеудің өзіндік стилін қалыптастырып, татулық пен тұрақтылықтың символына айналған Қазақстан үшін азаматтардың толыққанды білім алуы және ғылым мен білімнің дамуы ең өзекті мәселе. Дамудың жедел қарқыны білім беру жүйесіне де жаңаша талап қоятыны айқын.
Соңғы жылдары білім беру жүйесінде көптеген реформа болды. Бағдарламалар жиі ауысады. Бұл мұғалімдер мен оқушылар үшін тұрақсыздық туғызады. Цифрландыру қажет. Десек те оны бірізділікпен жүзеге асыру керек. Мұғалім мәртебесі туралы заң қабылданды, бұл жақсы қадам. Алайда білім берудің басты мақсаты – баланы тұлға ретінде қалыптастыру екенін ұмытпауымыз керек. Қағазбастылық азайып, мұғалім өз жұмысымен – оқытумен айналысса, нәтиже де жақсарар еді.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 8-бабында «Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникацияның желілерге шығу» деп аталып көрсетілген. Осы ретте қазалылықтар білім беру саласының қазіргі жағдайына орай ұсынған көзқарасын ортаға салайық.
– Бүгінде сандық технология мен әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамудың алғы шебіне шыққан мемлекеттер үшін ең басты құндылық – адами капитал екендігі даусыз. Абайдың мынадай сөзі бар: «Балаң білімді, парасатты болсын десең, малыңды аяма» деген. Сондықтан білімді ұрпақ тәрбиелеу үшін білім беру саласына ерекше көзқарас пен бөлінген қаражат саны жыл сайын өспесе, кеміп жатқан жоқ.
Уақыт өткен сайын білім беру жүйесінде тың үрдістер еніп, заман талабына сай жаңаруда. Елдегі бүгінгі бала, ертеңгі маман ХХІ ғасыр жағдайында табысты және бәсекеге қабілетті болу үшін, ол еңбек нарығында талап етілуге тиіс. Еркін ойлап, күрделі мәселелерді шешу үшін бұрыннан қалыптасып келген білімнен гөрі балаларда сыни және шығармашылық ойлау, қарым-қатынас жасай білу, командада жұмыс істей білу дағдыларын дамыту қажет. Балалардың бойында бастамашылдықты, табандылықты, көшбасшылық қасиеттерді, әлеуметтік және мәдени байлықты жетілдіру керек.
Білім берудегі заманауи тәсілдің ең негізгі ерекшелігі – оқушылардың алған білімдерін жай ғана иеленіп қоймай, оларды орынды жерде қолдана білуіне басты назар аударған жөн. ХХІ ғасырда талап етілетін дағдылардың мәні осында.
Қазіргі білім беру жүйесі – бұл күрделі әрі көпқырлы үдеріс. Бүгінде еліміздің экономикасының барлық салаларын цифрландыру – күн тәртібінің басты тақырыптарының бірі.
Цифрлық сауаттылық – бұл адам өмірінің барлық салаларында цифрлік технологияларды сенімді, тиімді, сыни және қауіпсіз қолдануға дайындығы және қабілеті. Ақпараттық қоғамдағы қауіпсіздіктің негізі, ХХІ ғасырдың ең маңызды білімі. Онлайн оқыту, білім беру платформалары, интерактивті ресурстар білім алуға қолжетімділікті арттырды. Мектептерде смарт тақта, интернетке қосылған құрылғылар және цифрлы ресурстар кеңінен қолданылады. Бұл білім беру әдістерін жаңғыртуға ықпал етеді. Оқу мазмұнының жаңаруы бағытында критериалды бағалау, құзыреттілікке негізделген бағдарламалар – білімнің практикалық маңызын арттыруға бағытталған. Осы мақсатта елде бірқатар білім бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.
Сапалы қоғам саналы адамымен, терең білімді, тәрбиелі жастарымен ғана мықты. Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады. Білекке емес, білімге сенетін заманда жастарымыз бәсекеге қабілетті болуы керек. Сонда ғана болашағымыз айқын, алар асуымыз көп болмақ.
– Бүгінде ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалып жүрміз. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін таңдадым. Жалпы білім қай кезде де өз қажеттілігі мен үстемдігін жойған емес. Қазіргі білім беру жүйесі – ғылыми технологияның аса жылдамдықпен дамуы жолында. Дегенмен технология деп жалаулатып, құндылықтардан ажырап кетпей, аса ыждағаттылықпен өз пайдамызға жаратсақ деймін. Балалардың жаттанды білімді емес, көңілге тоқып оқитын, алған білімді өмірде пайдасын көретіндей игергенін қалар едім. Ол үшін жас өскіндер теңіз түбінен маржан тергендей ықыласпен оқыса деймін. Сонда ғана білімді әрі өрелі жастар қатары көбейеді деп нық сеніммен айта аламын.
Қазіргі білім беру жүйесі – жаңғырып та, дағдарып та тұр. Жаңғыруы – жаңа технологияның мүмкіндігі өте жоғары. Оқимын, ізденемін деген жастарға электронды жүйеде кітаптар қолжетімді. Алысқа бармай-ақ қажетті білімді ала алады. Ал дағдарысы – жастар терең ойлаудан қалып барады. Жаттанды білім жадыда ұзақ сақталмайды, суға жазғанмен бірдей тез ұмытылады.
– Білім сапасына ата-ана ретінде алаңдаймын. Екі балам мектепте оқиды. Бір жағынан мұғалімдердің жүктемесі көп. Екінші жағынан – онлайн оқудың салдары байқалады. Балалар сол кезде экран алдында көп уақыт өткізді. Бұл оқу процесіне кері әсер етті. Мұғалімдердің бәрі бірдей заманауи технологияны меңгеруі мүмкін емес.
Бұрын балаға бағаны күнделік пен журналға қоятын еді. Енді жаңа жүйе бойынша электронды баға қойылады. Соңында бала нешемен бағаланып жатқанын біле алмай қаламыз. Сабақ барысында мазмұндама, диктант жиі өтетін. Осы күні ол әдіс сиреген.
Қазір қарап отырсақ, балалардың оқу жүктемесі өте ауыр. Бір күнде 6-7 сабақ, қосымша дайындықтар, үй тапсырмасы. Білім көп, бірақ оны меңгеруге уақыттары жетіспейді. Ойын баласына сабақ мазмұны санаға сіңімді оңай болса, бос уақытын далада бой жазып, тиімді өткізер еді. Десек те қазіргі бағдарламалар тым күрделі, практикалық өмірге бейімделмеген. Бір өкініштісі, оқу орындары тек тест тапсыруды үйретеді. Ал өмірге қажетті дағдылар – қаржылық сауаттылық, критикалық ойлау, кәсіпкерлік – мектепте жоқтың қасы. Меніңше, білім беру – тек білім емес, өмірге дайындық болуы керек.
Мәселен, бүгінде басым көпшілік балаларының болашағы үшін алаңдаулы. Сондықтан қосымша курстарға немесе репетиторларға ақша төлеп оқытатыны жасырын емес. Негізі, білім тегін болуы керек. Бірақ іс жүзінде сапалы білімге қол жеткізу қымбатқа түсіп отыр. Білім жүйесінің бәріне бірдей қолжетімді әрі тең болуы маңызды деген ойдамын.
– Қазіргі білім беру жүйесі – қоғам дамуының айнасы. Соңғы жылдары білім беру саласында көптеген реформа мен өзгерістер жүзеге асырылуда. Осы тұста біз – жас мамандар, бұл өзгерістердің ортасында жүріп, білім жүйесіндегі үдерістерді тікелей байқап отырмыз.
Бір қарағанда, бұл үдеріс – жаңғыру. Себебі жаңартылған білім мазмұны, критериалды бағалау, цифрландыру, құндылыққа негізделген тәрбие – барлығы да заман талабына сай жетілдіріліп келеді. Оқушыларды тек ақпаратпен қамтамасыз етпей, оны қолдана білуге, өз бетімен ойлап, шешім қабылдауға үйрету – үлкен жетістік деп ойлаймын.
Ең бастысы, білім саласындағы әр өзгерісті дұрыс қабылдап, соған бейімделіп, баланың мүддесін бәрінен жоғары қою. Бүгінгі білім саласындағы өзгерістер — болашақта сапалы нәтижеге жетелейтін негіз боларына сенемін.
Тұздық: Қазіргі білім беру жүйесі әртүрлі көзқарасты қажет ететін күрделі сала. Басшылық – реформалар мен басқаруға алаңдаулы, оқушы – жүктеменің көптігіне, ата-ана – сапаға, жас мұғалім – қолдаудың жетіспеушілігіне назар аударады. Бұл пікірлерден жүйенің күшті және әлсіз жақтары анық байқалады. Білім беру реформалары барша тараптың үнін ескере отырып жасалса, сапалы, заманауи және қолжетімді білімге қол жеткізуге болады.
Дамыған және мықты қоғамның тірегі – білім дедік. Демек елдегі білім беру саласындағы бұндай игі істер – ұлт болашағына салынған инвестиция. Ал ұлт келешегі – сапалы білім алған, сапалы нәтижеге жеткізген саналы ұрпақ.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА