Ерлігі –есте, есімі елге елеулі

Бір қуанарлығы, соғыс ардагерінің жүріп өткен жолы анық, нақты жылдар шежіресімен көрінген. Оған кейіпкеріміздің ұстаздық қызмет атқарған сауаттылығы мен жауаптылығы да себепкер болса керек.
Бала Мұсаның кіндігі 1918 жылы Қазалы ауданы Ғ.Мұратбаев ауылы маңындағы Елей аталатын топырақта кесіліпті. Онан кейінгі жалаң аяғы шағыл құмға тиген Дихан деген қоныс та оның жүрегінен мәңгілік тұрақ табады. Дәл осы жерде ағасы Тілеу аһуннан арабша ілім әліппесін үйренеді. Бес жасар ұлдың зеректігі байқалады. Тәлімгері айтқан діни хисса, аңыз-әпсаналар, Құран хикаяларын ол ертегідей қызықты, ұығынықты етіп айналасына баяндайды екен. Кейіннен белсенділер Тілеудің мешітін өртеп, өзін қудалауға ұшыратып, соңынан өлтіргенде, бұған да кесірі тимесін деген ниетпен жақындары білгенін айтуға тыйым салады.
Алтыдан жеті жасқа жеткен шағында оқушы атанып, Қазалыдағы мектептен бастауыш білім алады. Он бес жасында Арал қаласындағы жұмысшы мамандықтар дайындайтын мектепке қабылданып, екі жыл оқиды. Оқуға құштар жастың арманы қалайда жоғары білім алу болады. Оны орындау мақсатында іргелі оқу ордасы – Алматыдағы қазіргі ҚазГУ-дің жаратылыстану факультетіне құжат тапсырады. «Жомарттың жолын жоқшылық байлайды» дегендей, оны оқытуға қарапайым отбасының материалдық жағдайы келмейді. Амалсыз тастауына тура келген бозбала ауылға келіп мұғалімдік қызметке кіріседі. 1934 жылы 16 жасында қазіргі Қожабақы ауылына Жданов атындағы бастауыш мектеп директоры болады. Еңбектен қол үзбей жүріп, Қызылорда қаласындағы педагогикалық училищені тәмамдайды. Сол жерде соғысқа шақырылғанға дейін қызмет атқарады.
1942 жылы екі ай Челябинскі маңында оқу-жаттығудан өтіп, шілдеде екінші дүниежүзілік соғыстағы басты шайқастың бірі – Сталинградты қорғауға жұмылдырылады. Бұл тұс фашистік Германия мен оның одақтастары Еуропада екінші майданның ашылмауын пайдаланып, кеңес-герман майданының оңтүстік қанатына басты соққы беруді ұйғарған кезі еді. Бес ай бір апта үш күнге созылған қанды қақтығыста нацистік Германия мен оның одақтастары кеңес әскерлерінен күйреп жеңіледі. Соғысқа минометші болып енген сарбаз талай жауапты тапсырмаларды тыңғылықты орындап, қиындықтың еңсерілуіне өз үлесін қосады.
Сталинградтан басталған жол Белоруссия, Украина, Балтық жағалауын неміс әскерилерінен азат етуге ойысады. Ұрыс алаңында 5 рет жараланып, әскери госпитальда емделіп, қайта қатарға қосылып отырады.
Аяқ-қолы құрама құрсауланған тәндегі жара рухты жігітті жасыта қоймайды.
1944 жылы Кавказда шаңғышы десанттар дайындау сынына қатысып, қабылданады. Тау шатқалында жүретін солдаттардан қол уысының кішілігі мен жүректілік талап етіледі екен. Сержант М.Бәкиев жеңіс күні қуанышын сол жерде қарсы алады.
1943-1945 жылдары саяси жетекші қызметін атқарады.
Әкесінің соғыста көрген қиындықтары туралы есте қалған естелігін батырдың ұлы, ардагер ұстаз Қалибек Мұсаұлы бізбен бөлісті.
«Марқұм әкем талай рет ажалмен бетпе-бет келгенін айтатын. Соның бірі – Украинада бөлініп қалған немістерді алып бара жатқанша, жау жағы бұлар баратын жолдағы тас көпір тасасына тығылып, тұтқиылдан ата бастайды. Сол орынан әкем тұтқындар мен өз сарбаздарын шеберлікпен алып шығады. Ерлік оқиғасы жазушы Мифтах Жантекиннің «Жауынгерлік даңқ шежіресінен» кітабында ерекше шеберлікпен баяндалған», – деді.
Кітапты қолға алып, жерлесіміз туралы жазбаны оқып шығып, тарих таспалаған жолдарды сол қалпынада беруді ұйғардық.
«Сержант Мұса Бәкиев басқарған атқыштар отделениесі қашқан жауды өкшелеп қуып бара жатып, өз бөлімшесінен алысқа ұзап кетеді. Бір кезде сәл есін жиған жау жаңа қорғаныс позициясына орналасып, біздің жауынгерлерді бөгейді. Дұшпан өзін қуып келе жатқан топтың аз екенін байқап, оларды қоршап алып, жойып жібермекші болады. Бірақ ержүрек коммунист Бәкиев жаудың арам пиғылын бірден түсініп, өзінің қарамағындағы аз ғана жауынгерді қолайлы позцияға орналастырады да, айнала қорғану шебін жасайды. Жаудың күші әлдеқайда басым болғанына қарамай, Совет жауынгерлері тапжылмастан шайқасып, фашистерді сұлата береді. Осы бір ауыр сәтте жаяу әскердің «қалта артиллериясы» – қол гранаталары дұшпанға соққы беретін батыл қолдағы қуатты қару екенін тағы да көрсетті. Аз болса да айбарлы топ өзінен күші басым жауға қарсы бір тәлік бойы дерлік төтеп береді. Отделение қорғаған жерде 40-тан аса фашистің өлігі жатты. Сол кезде шабуыл жасаушы негізгі күштер келіп жетті. Ерен ерлік көрсеткен Бәкиевтің атқыштар отделениесі өз бөлімшесіне қайта қосылып, жауға тағы талай рет қайтара соққы берді», – делінген кітапта.
Тағы бір сарбаздың таң қараңғысында қаруластарынан ажырап қалған кезінде өрбиді. Жалғыз қалса жүректі ер бұйрық, жоспар күтпей, мергендікпен қарсыластарына тойтарыс береді. Осы сәтте мина жарқыншағы аяғына тиіп, қолындағы вентовкасын балдақ қылып, сүйретіліп қорғанып, қиын жағдайда аман қалады.
Бір жолы автоматшы М.Бәкиев жақын маңда көрініп тұрған деревнияға баруды ұйғарады. Ауыл шетіндегі бір үйге жақындай бергенінде, сол үйдің тұрғыны болуы керек, бір ақсақал шығып, «үйде немістер бар» деген ишаратпен белгі береді. Жағдайды аңғарып, кері қайтып бара жатқанында, оны насанаға алып, ата жөнеледі.
Укринадағы атақты Дон өзенінен өткендегі оқиға сержанттың санасын сансыратады. Айналаны қараңғылық шомған тұста бұлардың взводындағы бір топ жігіт көліктері үрлемелі қайықпен су үстінен өтіп барады. Мұздай қаруланған немістер аңғарған сәтте пулеметпен оқты қарша боратады. Қайық бағытынан адасып, жанындағылар қынадай қырылады. Мұсаға бұл күні жақын бауырына айналған қырғыз досымен қоштасу оңайға соқпайды.
Мұса Бәкиевтің ерлігі мақтаулылар шығатын майдандағы әскери парақшаға жарияланады. ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені, Кеңес одағының маршалы Г.К.Жуковтың медалі, Жеңістің 20, 30, 40, 50,60, 70 жылдығы меркелік медальдарымен марапатталады.
1946 жылы елге оралып, мамандығы бойынша ісін жалғастырады. Қазалы қаласындағы ауылшаруашылығы техникумында, Көларық ауылындағы оқу ордасында, аудан орталығындағы №17 мектепте, Абайдағы колхозындағы №90 білім ошағында ұстаз, мектеп басшысы болып, абыройлы қызмет ақтарады.
Зибагүл Ақжанова есімді қызға үйленіп, қос ұстаз отбасында да, жұмыста да ұрпақ тәрбиесімен айналысады. Олардың тәлімін алған шәкірттер талай шыңдарды бағындырып, беделді қызметтер тізгінін ұстайды.
Мұса Бәкиұлы 1978 жылы құрметті еңбек демалысына шығады.
1999 жылы 4 маусымда дүниеден өтеді.
Әксінің жолын жалғаған ұлы Қалибек бізбен әңгімесінде қос өкініші барын айтты.
Алғашқысы, Ғани ауылынына соғысқа аттанған, аман қалып, елдің өрістеуіне үлес қосқан көптеген майдангердің бүгінде елеусіз қалып жатқанына қынжылысы. Қазір олар туралы естелік айтатын ауыл адамдары да сиреген.
Екіншісі, біздегі тарихи мұраларға деген салғырттық. Бүгінгі таңда майдангер Мұсаның соғыста түскен екі суреті де қолды болған.
Ардагер-ұстаз өмірден өтсе де, ол туралы білгісі келетіндер қатары қалың. Бұл ерліктің ешқашан ескерусіз қалмайтынының дәлелі болса керек-ті.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА