Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жазықсыздың наласы

Жазықсыздың наласы

Қаланың шеткі жағындағы ескі көп қабатты үйлердің бірінің астында орналасқан дәмханаға Дариға жиі келеді. Аспазшы апаймен де бейне бір бірнеше жылдан бері таныс жандай тез тіл табысып кетті. Үнемі күлімсіреп жүретін аспазшы апайдың қолынан шыққан әрбір астың дәмі тіл үйіреді. Бес-алты ғана стол қойылған аядай асхананың іші мұнтаздай Келім-кетім адам қарасы аз болғанымен асхананың ашылмай қалған күні жоқ.
Жұмысының жанында болған соң Дариға бұнда күнде келеді. Қаланың арғы басындағы үйіне барып келгенше түскі үзіліс те тәмам болады. Сондықтан бір сағат үзілісте анда барып, мында бұрылмай тура осы дәмханаға аялдайды. Бүгінде әдетінше сағат тілі түскі 12:10-ды көрсеткенде көп көзінен елеусіз тұрған дәмхананың табалдырығынан ішке аттады. Күнде: «Сұлу қыз, қалайсың? Тәбетің бүгін нені қалап тұр?» деп сыңғырлай шығатын дауысты естімеді. Терезенің жанында орналасқан үстел басында екі адам отыр. Қою күрең шайды құмарлана ішіп отырған егделеу тартқан әйел адам бұған көзінің қиығымен қарап қойды. Ал екіншісі тіптен мән бермеді қолын сермеп, бірдеңелер айтып әлек. Өзге ешкім жоқ. Дариға дәмхана ашылғалы именденген түкпірде тұрған орнына тура тартты. Жайғасып, алып жан-жағына қарап отыр. Бүгін адам
аз секілді. Өзі сияқты жұмыс күндері осы жақтан жиі ұшырастыратын мұғалім ағай да жоқ. Есіктің сықырынан-ақ адам келгенін аңғарып, жүгіре шығатын аспазшы апай да асығар емес. Бір сәт, атын атап шақырғысы келіп еді пәлен уақыттан бері таныс болса да аспазшы апайының атын білмейтіндігі есіне түсіп, өз-өзінен қуыстанып қалды. «Ұят-ай әлі күнге дейін атын сұрамаппын-ау» деп үстелді ақырын тырсылдатты. Арғы жақтан аспазшы апайдың: «Қазір барамын» деген даусы естілді. Әдеттегідей емес, бәсең шықты. Аспазшы апайының бұндай салқын даусын бұрын-соңды естімеген еді. «Бірдеңе болғаны анық. Аманшылық болса игі еді» деп Дариға дегбірі қашты. Жүрегі алдамапты. Бірер минуттан кейін көзі жылай-жылай домбығып, мұрындарының ұшы қызарып кеткен аспазшы апай жанына келді.
– Апай, не болды? Аманшылық па? Әлде бір жеріңіз ауырып тұр ма? – деп бірнеше сұрақты бірден қойды. Аспазшы күлімсіреп, «Аллергия ғой. Содан көзімнен жас шығып, мазамды қашырды» деп құтылды. Алайда бұл жолғы күлкісі шынайы еместігін екеуі де сезіп тұрды.
– Еее, аманшылық болса болар. Бұның емі жоқ па екен. Дәрісі дегендей, – деген Дариғаға асапазшы апай: «Жұмыстан қайтар жолда аламын ғой» – деп әңгімені қысқа қайырды. Әлгіндегі екеу алғысын айтып, шығып кетті. Дариға жалғыз қалды. Тапсырыс берген тағамын әкелген аспазшы апайға: «Сіздің атыңыз кім апай? Мен бәрін сұрағанда соны сұрамаппын ғой сізден», – деп ұялған кейіп танытты.
– Мейірім...
– Атыңыз қандай әдемі, тура затыңызға сай. Менікін білесіз. Бәлен жылдан бері ресми түрде енді таныстық, бірге отырып шай ішейік келсеңізші, – деп қолқалады. Әдетте асханадағы жұмысы біткенде екеулеп, шай ішіп, әңгіменің түбін түсіретін. Бұл жолы да Мейірім апай тартынбады. Екеуі ананы-мынаны сөз етіп отыр. Мейірім аспаздың көзінде мұң, көңілінде кірбің бар секілді. Дариға кенеттен:
– Апай, сіздікі аллергия емес ғой. Жаныңызды жегідей жеп отырған жайт барын сезіп отырмын. Бөлісемін десеңіз, тыңдауға әзірмін, – дегені сол-ақ еді үстел үстіне тырс- тырс етіп екі тамшы көздің жасы қатар түсті. Екі иығы солқылдап, балаша жылаған аспазшы апайын қалай жұбатарын білмей дал болды. Мәселенің мәнісін білсе, бірдеңе дер еді-ау. Не айтарын білмей асып-сасып қалды.
– Дариға қызым, мен елуге таяп қалдым. Жиырма бес жылдан бері аспазшы болып, нәпақамды тауып келемін. Жолдасым жеті жыл бұрын жол апатынан көз жұмды. Алла берген ұл мен қызды ешкімнен кенде қылмайын деп жарғақ құлағым жастыққа тимейді. Таңның атысынан күннің батуына дейін жұмыс істедім, істеп те келе жатырмын шүкір. Алайда ешқашан біреудің ала жібін аттаған адам емеспін. Тіпті біреуден бірдеңе дәмету де маған жат дүние. Жаныма батқаны қарадан қарап, жалалы болғаным, – деп терең күрсінген аспазшыға Дариға демеу болғысы келіп:
– «Апай, қалай сізге жала жабады. Адам дегеннің жүзінен-ақ жүрегінің ақ, қарасын аңғаруға болады ғой. Егер ақылы жетсе...» деп еді:
– Осы жасқа келгенде ұры атандым қарағым. Кеше асхананың иесі келіп, қоймадағы азық-түліктің тез таусылатындығын, табыстың жоқтығын айтып, нақақтан-нақақ намысыма тиді.
– Онда неге, әлі күнге дейін осындасыз? Қолыңызды бір сілтеңіз...
– Кіре қоятын дайын тұрған жұмыс бар дейсің ба қызым? Мен кеткеннен қожайынның ісі тоқтап қалмас. Түнімен ойланып, таң ертең келуге бел будым. «Сезікті секіреді» дегендей кінәсіз бола тұра, кетуді жөн санамадым.
– Енді не болады?
– «Аққа құдай жақ» деген менің адалдығымды Алла өзі көрсетер. Жала жаныма батты. Көңілім қалды. Осы жерден ауысқан бір тілім нанды да сұраусыз сөмкеме салған емеспін. Балаларыма адал ас ішкізем деп арпалысып келемін. Неше жыл бар ықылас- пейіліммен еңбек еткенде: «Жау сырттан келмейді. Не де болса, өзімізден. Азық-түлік сен үйіңе тасу үшін алынбайды» деген сөзді естігеніме налимын, – деген ана терезеден сыртқа көз тастады. Жапалақтап жауып жатқан қарға ұзақ қарады. Қардай аппақ болып жерге түскенде, қаншама табанның астында тапталып, кірлеп қалады-ау деген ой келді. Адамның да осындай аппақ қардай көңілін ластап, кірлететіндер қаншама? Дариға дәмханадан көңілсіз қайтты.
Санасында сан сауал. Амалдың жоқтығынан ауыр сөзге төзген ананың мұңлы жанары көз алдынан кетпеді. Ертеңіне тағы да барып, демеу сөздерімен Мейірім апаны жұбатпақ болған, алайды жұмыс барысымен көрші қалаға сапарға шығып кетті. Екі аптадан соң оралды. Таңертең жұмысына баруға асықты. Түскі үзілісті күтпестен дәмханаға бас сұғуды көздеді. Жабық екен. «Әдетте бұндай уақытта ашық тұрушы еді. Апай ауырып қалмады ма екен?» деп ойланып тұрғаны сол еді:
– Қызым, бұл дәмхана жабылып қалды. Иесі сататын көрінеді, – деді көк дүңгіршіктен шыққан көзілдірікті ағай. Бұл етікші, Мақсұт аға ғой. Бір білсе, жаңалықты осы кісі біледі.
– Сәлеметсіз бе, аға. Аспазшы апай ше ол қайда кетті екен? деді Дариға. Етікші аға:
– Мейірім бе, ол ендігі басқа жақтан жұмыс тапқан болар. Дәмхана иесінің баласы құмар ойынға құмартып кеткен деседі жұрт. Ақыр соңы үйіндегіні сатып түгескен соң, ұрлыққа барыпты. Содан істі болып, қамауда отыр екен. Көп ақша қажет болып, әкесі дәмханасын сатуға қойыпты, – дегенде Дариғаның іші қылп ете қалды. «Дәмхана қоймасындағы азық-түлікті де ұрлап жүрген сол болмасын». Мақсұт ағамен қоштасып, жұмысына аяңдады. «Қап, Мейірім апайдың телефон нөмірін алып қалмаған екенмін» – деп өкінді.
Уақыт зымырап өте шықты. Дариға сол оқиғадан кейін көшеден елуді еңсерген әйел адам көрсе, бет-жүзіне бажайлап, Мейірім апайды іздейді. Бірақ әлі күнге кезіктірмеді. Кеше автобус аялдамасында етікші ағаны жолықтырды. Аз-кем әңгімелесіп қалды. Дариға Мейірім апайдан бір хабар болып қала ма деп дәмхананың жайын сұрады. Қожайынның жаласына жаны күйген ананың наласы жібермепті. Етікші ағайдан жалғыз баласының былығына шыдамай дәмхана иесінің дәм-тұзы таусылғанын естіді.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
19 сәуір 2025 ж. 161 0

Отбасы – бақыт мекені

15 мамыр 2025 ж. 69

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031