Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғашықтар күні: қай ел қалай тойлайды?

Ғашықтар күні: қай ел қалай тойлайды?

Шамамен ХII-XIIІ ғасырларда ғұмыр кешкен қос ғашық Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың махаббат хикаясы барша қазақ жұртына аян. Олар Сарыбай мен Қарабайдың төл перзенттері. Тарих беттерінде аң аулап жүрген Сарыбай мен Қарабайдың бесікқұда болуға уағдаласқандығы жазылған. Алайда, Қозы мен Баян дүниеқоңыздық пен көре алмаушылық, кек пен ашуға талай рет тап болады. Бірақ өле-өлгенше бір-біріне деген нәзік сезімдерін сақтай білген. Олардың махаббаты пәктігімен, тазалығымен құнды. Аттары аңызға айналып, ел аузында мәңгі қалған қос ғашық – мәңгілік махаббаттың символы.
Бүгінде елімізде аталған екі жүрек иесінің атына күн белгіленіп, махаббатты дәріптеу мақсатында ғашықтар күні мерекесі тойланады. Бұл мерекені тойлау халық арасында 1999 жылдан бері бастау алғанымен, кең өріс ала қойған жоқ. Жасыратыны жоқ, көпшілік жастарымыз тегі мен тарихы күмәнді ойларға жетелейтін «Әулие» Валентиннің күнінде бір-біріне сый жасап, ғашықтар күнімен құттықтауды қоймай келеді. Дегенмен, уақыт өткен сайын жаймашуақ көктем мезгілінде тойланатын 15 сәуір – Ғашықтар күні мерекесі жастар арасында маңызға ие бола бастады. Дәл осы күні ғашық жандар сүйіктісіне сый көрсетіп, сезімдерін тағы бір дәлелдейді.
Махаббат мерекесін әр мемлекет өзінше қарсы алады. Мәселен, біз айтып отырған ғашықтар күні әр елде әр күні әр түрлі сипатта тойланады. Жапонияда 14 ақпан күні тек қыздар ғана белсенділік танытады. Яғни сыйлақтарды тек нәзікжандылар ғана сатып алып, сүйіктілеріне сыйлайды екен. Осы жайттың кесірінен жергілікті кәмпит өндіруші фирмалар сатып алушылары арасынан ер адамдарды мүлдем жоғалтып алады. Сондықтан бұл «әділетсіздікке» тосқауыл қойып, ерлерді дүкендерге «қайтару» мақсатында кондитерлік фирмалар ерекше жарнамалық науқан жүргізеді. Ол бойынша, жігіттер өз сүйіктілерінің жасаған сыйларына ақ зефирмен алғыс айтулары керек. Жасалуы керек сыйлықтар арасына міндетті түрде ақ шоколад пен басқа да тәттілер қосатын көрінеді. Сол уақыттан бастап 14 наурыз – Қасиетті Валентин күнінде қыздардың жасаған сыйлықтарына бір айдан кейін жігіттер ақ шоколадтармен қарымта жауап беретіндіктен, Ақ күн деп аталып, жыл сайын тойланатын мерекеге айналады. Ел аузында сақталған аңыз бойынша бағзы заманда Армения елінің патшасы 40 қызметші әйелге сарайдағы жеңіс тойын тойлап жатқан жауынгерлерді өлтіруге бұйрық береді. Оның 39-ы оны бұлжытпай орындаса, тек бір әйел ғана Саркис атты батырдың сұлулығына тәнті болып, оны ажалдан құтқарып қалады. Осы себепті армян жастары ғашықтар күнін Қасиетті Саркис күнінде атап өтеді екен. Кешке қарай мейрам басталмастан бұрын олар тұздалған құймақ жейді. Себебі, олардың нанымы бойынша, бұл түні жігіттер мен қыздар түсінде өздерінің екінші жартысын көреді. Ал күндіз әдетте жас отбасылар мен бір-біріне ғашық жастар шіркеуге барып, құлшылық жасайды. Бұл елде Саркис күні 4 ақпанда тойланады.
Ал, Грузия мемлекеті тұрғындарының басым көпшілігі христиан дінінің православ бағытын ұстанатын болғандықтан, өткен ғасырдың соңына қарай ел парламенті Қасиетті Валентин күнін «католиктердің мерекесі» деп, жастарға төл махаббат күнін 15 сәуір деп белгілеген. Бұл күн елде ресми мереке саналғандықтан, демалыс күні болып есептеледі. Грузиядағы махаббат күнінде әдеттегідей ғашықтар бір-біріне гүл, әтір немесе тағы да басқа сыйлықтар жасайды. Испандықтар болса ғашықтар күніне байланысты бөлінген бір күнді аздық етіп, қасиетті Георгийді (немесе каталон тілінде Сан-Хорди) еске алу күнін ғашықтардың мерекесіне айналдырып алады. Аңыз бойынша, шауып өлтірген айдаһардан алқызыл раушан өсіп шығып, Георгий оны бейтаныс сұлуға сыйға тартқан. Осы себепті жыл сайын 23 сәуір күні жастар ең әдемі раушан гүлдерін сатып алып, сүйіктілеріне сыйлайды. Ал, қыздар оған жауап ретінде жігіттерге махаббат тақырыбындағы кітапты береді. Ал, Барселонада ежелгі шайқасты еске алу күнінде көшеге айдаһарлардың киімін киген адамдар шығып, кеш соңында олар батырлардың қолынан «талқандалады».
Ресейде 8 шілде отбасы, сенім және махаббат күні ретінде аталып өтіледі. 8 шілде католиктердің Қасиетті Валентин күніне «православтардың жауабы» ретінде отбасы жебеушісі саналатын Петр мен Феврония Муромскийлердің құрметіне атап өтілетін мерекеге айналған. Бұл күн Ресейде 2008 жылдан бастап ресми түрде тойланады. XIII ғасырда өмір сүрген қасиетті жандар әрдайым ерлі-зайыптылардың махаббаты мен үлгілі өмірінің қамқоршысы деп саналады.
Байқағанымыздай, әр елдегі махаббат мейрамының маңызы мен мәні ерекше. Астарлы әрі белгілі оқиғалармен орайластырылған. Бәрінің түпкі мақсаты – адамдар арасындағы сүйіспеншілік пен шынайылықты арттырып, адалдыққа алып бару. Сіз де ғашықтар күні мерекесінде сүйіктіңізге сый жасауды немесе жүрекжарды сөзіңізді арнап қуантуды ұмытпаңыз.
Дайындаған
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
15 сәуір 2025 ж. 65 0

Атышулы оқиға ақиқаты

15 сәуір 2025 ж. 70

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930