Ғашық көңіл – мәңгі жасыл айдын көл

Махаббат мерекесіне орай Қазалы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен, Әйтеке би кентік клубының ұйымдастыруымен 15 сәуір – Ғашықтар күні, яғни «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» күні мерекесіне орай «Ғашық көңіл – мәңгі жасыл айдын көл» атты өнерлі отбасылардың фестивалі өтті.
Шарада №276 мектеп мұғалімдері ерлі-зайыпты Қуандық Ақбаев пен Жанар Қанатбекова «Ғашықтарға сәлем», Қазалы қалалық мәдениет үйінің дыбыс инженері Едіге Айдаров пен жары №95 мектептің мұғалімі Сандуғаш Алқабек «Аралдан ұшқан аққулар», Қазалы аграрлы-техникалық колледжінің қызметкерлері Әсет Ақбаев пен Салтанат Құрмашова «Өкпелеме, жаным» әнін тамылжыта орындаса, №70 мектептің мұғалімдері Кәрімжан Нұрмағамбет пен Жанар Кемал қазақ биін мың бұрала биледі. №226 мектеп-гимназиясының мұғалімдері Рахан Мерей мен Жарылғасын Ботагөз «Ғашық көңіл – мәңгі жасыл айдын көл» атты театрлық қойылымды жоғары деңгейде орындап шықты.
Фестивал соңын Қазалы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Жолтаев Мұхтар Шахановтың «Жұбайлар бар әңгімесі таусылған, Ал махаббат – таусылмайтын ертегі» деген әдемі өлең жолдарымен қорытындылады.
Барлық өнерлі отбасыларға Қазалы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысы мен Әйтеке би кентінің әкімі Қайрақбай Орынбасаровтың Алғыс хаты берілді.
Қаракөз ЕРМЕКБАЕВА