Ауызбіршілік - берекенің бастауы
Менің былай қолыма қалам алып, терең ойға қалуыма себеп болған осы жылдың алтыншы сәуірі күнгі Әйтеке би кентіндегі Тоқтар Әубәкіров көшесінде өткен тасаттық садақасы. Жыл сайын әдет-ғұрып бойынша наурыз, сәуір айларында өтетін бұл шара бұрынғыдан өзгеше болды.
Бұл жолғы бас қосып, құран-қатым жасалып, әруақтарға құран бағыштау рәсімі ерекше өтті. Игі іске мұрындық болып жүрген ерлі-зайыпты Жеткерген мен Гүлнәр, Қаражан мен Сара, Әділхан мен Камила, Әнуар мен Баян барлығы бір үйге жиналып, ойласып, ақылдасып, сол күнгі шешімге келіпті. Арнайы сценарий жазылып, екі күннің ішінде қаражат та жиналып үлгерген. Үлкендер өздерінен кейінгі інілері мен келіндеріне әрқайсысының атқаратын шаруасын бөліп беріп, барлығы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыла кіріскен. Сол көшеде біраз жыл тұрып, алыс-жақынға қоныс аударған байырғы тұрғындарды да қалдырмай қонақ ете білді. Мен де шақыртуды үш күн бұрын алдым.
Т.Әубәкіров көшесінде 34 жыл тұрыппын. Қазір шаңырақта ұлым мен келінім, немерелерім тұрады. Тасаттыққа шақырту алған күні келініме хабарласып, қай үйде өтетінін сұрадым. Келінім: «Аққағаз апаның үйінде» деп жауап берді. Дұрыс екен деп тілектес екенімді жеткіздім.
Аққағаз апам сол көшедегі ең үлкеніміз. Ақ жаулықты ана біздің ақылшымыз. Жол сілтеп, бағыт-бағдар берушіміз. Қай кезде барсаңда есігі айқара ашулы, дастарқаны жаюлы, қазан-ошағы дайын жан. Оның жолдасы елге белгілі өте керемет ағамыз марқұм Құрымбай Кібітов. Жаны жайсаң, жүрегі жомарт кісі еді.
Алтыншы сәуір, сағат онның шамасы. Аққағаз апамның ауласына асығып жеттім. Кіріп барсам, қазақша нақыштағы ою-өрнектермен көмкеріле тігілген комзал киген, ақ орамалдарын әдемі ертіп тартып алған келіндер білекті сыбанып, қызу тірлік жасауда. Мені көре сала, апалап келіп, бірінен соң бірі сәлемін салып, қолымнан алып, мәре-сәре болдық. Аспаз келін Гуля тамақтың қамымен зыр жүгіріп жүр. 4-5 сәуір күндері ауа-райы қолайсыз болды. Соған қарамастан Рысты мен Сәуле азық-түлікке барыпты. Үйдегі келінім, сол күні телефон соққанымда: «Апа, тезірек айтып жібермесеңіз, асығыс едім» деді. «Аманшылық па? Тыныштық болар» деп едім. «Иә, тыныштық ғой апа. Балаларға түскі астарын беріп, көмекке кетемін. Бүгін дайындық, ертең тасаттық ғой. Мал сойылады, бауырсақ пісіреміз» деді. «Жарайды, бара ғой» деп телефон тұтқасын қойдым.
Бір сәт өзімнің 35-40 жаста жасаған қызметім көз алдыма келіп, құрдасым, бақилық болған Мариямкүлді есіме алдым. «Мен, қазанға бауырсақ пісіре алмаймын» десем, «Үндеме» деп шолпысын алып келіп, өзі отқа түсіп, пісіріп беретін. Ал үлкен дастарқанда отырғанда ет тураудың реті бізге келіп қалса, Мариямкүл табақты маған ысырып, «сен жақсы турайсың» деп қулық жасайтын. Сол сияқты Сара деген көршіміз таңертең есік алдына шықса, анадай жерде балық сатып бір машина тұр екен. Қызығып кетіп, үлкен сазан сатып алады. «Мына балықты алуын алдым. Бірақ бұны қалай тазалаймын» деп өзімен-өзі күбірлеп келе жатса, алдынан Гүлнәр шығып: «Өзім реттеймін, шаруаңды істей бер» депті. Сараның шараусы май-сөк жасау екен.
Есік алдында қаумалаған келіндердің сәлемін алып, үлкен үйге бет алдым. Алдымнан Аққағаз апам шыға келді. Айналайын анамдай болып «Келдің ба?» деп құшағына қысып, «Үйге жүр, дастарқанды көр» деп ішке қарай бастады. Келіндерім Гүлнәр, Сара, Камила, Баян, Қызғалдақ, Гүлзат, Айжанат, Сәуле, Гүлжайна Рысты, Кәмшат, Нұргүл қыз, Жанар, ортада жарқылдап, Сайида жүр. Осы керемет сәтті қалт жібермей, суретке түсіріп жатыр. Үлкен қонақ бөлмеге ер-азаматтар, екінші бөлмеге әйелдер жайғасты. Дастарқан мол жайылған. Тап-таза әрі үйлесіммен қойылған.
Көшеміздің бұрынғы тұрғыны, үлкеніміз Задаш аға қолындағы ұлы Тәуірбай мен келіні Жазираны ертіп келді. Көзкөрген жандар бір-бірімізді көріп, өткен күндердегі есті естеліктерді, қызықты сәттерді еске алдық. Дастарқан басында ұлағатты сөздер қозғалып, өнегелі әңгімелер өрбіді. Алғыс айтылды, бата берілді. Аққағаз апамыз ортамыздағы құтты қонақ, Сайида келініміздің анасына ақ жаулық жауып, өзіме матасын беріп, көптен көріспедік деп сый-сияпатын ұсынды. Алған-бергенде тұрған ештеңе жоқ. Менің айтпағым жақсы адамдармен өткізген уақыттың көңіл серпілтіп, жүрекке қуаныш ұялатқандығы еді. Оқырмандар әрине «Барлық көше тасаттық жасап жатыр ғой» деп ойлауларыңыз әбден мүмкін. Бұл жолы менің бойымды ерекше толқыныс биледі. Керемет әсер алдым. Үлкендердің жолымен жүріп, ізетіліктің үлгісін таныта білген жастарға риза болдым. Шат-шадыман күйде тарқасып, тысқа шыққанымызда ақ жауын себелеп жауып тұр екен...
Бағдагүл КІШКЕНЕЕВА,
Әйтеке би кентінің тұрғыны