Жаңа көпір бой көтереді

Аталған көпір №5 ықшам ауданда тұратындар үшін екі ортаға қатынайтын байланыс құралы. Бүгінде вокзал бетінен шығатын баспалдақ саны – 46, ортасынадағысы – 6, түсердегісі – 37 текшеден тұрады.
Әйтеке би кентінің солтүстік беті, яғни №5 ықшам аудандағы 13 мың халыққа қаншама жыл бойы қызмет етіп келе жатқан көпір Қазалы жол дистанциясының теңгерімінде. Бұл мекемені Амангелді Құсанов басқарады. Қарамағындағы 417 жұмысшы-қызметкермен Аралқұмнан бастап, Қаракеткенге дейінгі аралықтағы пойыздар қозғалысына жауап береді. Басты жолдың ұзындығы – 519,8, стансалық жол – 125,3 шақырымды құрайды және 419 бума бағыттағыш бұрма жұмыс істейді. Бұған қоса 225 жасанды құрылыс, оның 2 жаяу жүргінші көпірі Қазалы мен Жосалы стансасында орналасқан. Сонымен бірге 55 қызметтік техникалық ғимарат және 11 теміржол өткелі бар. Қазалы жол дистанциясы ұжымы айтылған нысандардың күнделікті ағымдық жөндеуімен айналысады. Дистанция аралығы 21 айналым мен 5 өндірістік телімге бөлінген.
Қазалы жол дистанциясы Шөміштен бастап, Қаракеткен стансасына дейінгі шекара аумағын қамтиды.
Көпір шебері Нұркен Қарабалаевтың мәлімдеуінше, жаяу жүргіншілерге арналған темір көпірдің ұзындығы – 203,45 метрді құрайды. 1955 жылы сметалық жобасы Орынбор теміржолына қарасты жобалық конторының бас инженері Белашов, топ басшысы Рейдчнейстердің бақылауымен сызылған. Жазба деректерде жоба авторы Карпухов, тексеруден өткізген Волков екендері аталады.
– Жөндеу жұмыстарын жуырда жүргіздік. Дегенмен көпірді жаңалауға берілген құралдардың жетіспеушілігінен толықтай қалпына келтірілмеді. Сонымен қатар жауын-шашын, қыстағы аяз бен жаздағы аптаптың әсерінен төселген ағаштар тез тозады. Жарықшамды жоғарыдан берілген тапсырма бойынша ағытып алдық. Шындығында, электр тоғынан ақау шықса, ағаштар тұтанып, өртке орануы мүмкін. Тіреулері рельстен жасалғандықтан күрделі жөндеу қажеттілігіне байланысты жаңа көпір салу туындап отыр. Десек те аудан тұрғындарына алпыс жеті жыл бойы қызмет көрсеткен өткелдің құндылығы зор. Оны бүгінгі ұрпақтың естен шығармай айта-айта жүрері сөзсіз, – дейді Қазалы жол дистанциясының жасанды ғимараттарды жөндеу блогының шебері Нұркен Әбілжанұлы.
Қазір Нұркен Қарабалаевтың қарамағында 11 адам шойынжолда күн-түн деместен тер төгеді. Аталған жұмысшылар – Тілекбай Қапашов, Бимырза Сүйеубаев, Жасұлан Жұмағазиев, Жеңіс Досанов, Қази Абдуллаев, Талғат Қанатов, Болат Қарғабаев, Адай Ермаханов, Самат Нұрмаханов пен Алтынсақа Орынбаев және Әлфараби Төлегенов Шөміш және Қаракеткен аралығындағы ағымдағы жұмыстарды жүйелі жоспар бойынша жүргізеді. Олар Қазалы жол дистанциясына қарасты өткелдердің ағымдағы жөндеуіне жауап береді.
– Осы күні темір мен ағаштан құралған өткелдің тозығы жетуіне байланысты заманауи үлгіде жаңасын тұрғызуды мақсат тұттық. Осыдан бес жыл бұрын жобалық сметасын әзірлеп, тиісті орынға тапсырған болатынбыз. Әрине оңайға түспеді. Дегенмен өз ұстанымымызға берік болдық. Барлығын жан-жақты түсіндіріп, нақты себептерді көрсеттік. Осы жылы үкілеген үмітіміз ақталып, қосымша құн салығын алғанда 1 миллиард 298 миллион теңге «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясынан бөлінді. Өйткені облыс бойынша тек Қазалы ауданы ғана заманауи көпір салуға мүмкіндік алды. Қуанышымызда шек жоқ. Соның нәтижесінде негізгі жұмыстары басталып та кетті. Енді жоспарға сай жыл аяғында тапсырылады деп үміт артып отырмыз. Әзірге көне көпір бұзылмай, халық оны қолдана береді.
Мердігер мекеме «ҚазТеміржол Engineering» ЖШС жеңіп алып, жұмысты бастап кетті. Жаңа көпірдің ерекшелігі – төбесі мен жан-жағы жабық болады. Бұл қарлы және жаңбырлы күні жүргіншілер үшін өте қолайлы болмақ, – дейді Н. Қарабалаев.
Қазалы ауданы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, тарихи ғимаратты қайта жаңғыртуға «Қазақстан Темір Жолы» компаниясынан қомақты қаржы бөлінеді деп күтілуде. Эскиздік жобаға сәйкес ғимараттың сыртқы бетіне травертин плиталарын монтаждау, шатырын ауыстыру мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған пандустар орнату, брусчатка төсеу, ғимараттың есік-терезелерін толық ауыстыру, вокзал аумағын көгалдандыру сынды маңызды істер жүзеге асады. Теміржол вокзалын қайта жаңғырту шаруалары сәуір айында басталады деп көзделуде.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА