Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазалыдағы қос қуаныш

Қазалыдағы қос қуаныш

Қазалы ауданында жыл сайын жаңа нысан бой көтеріп, көркейіп, ауданның ажары артып келеді. Соның бірі – аудан, ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуды және жас ұрпаққа жақсы мұмкіндік туғызуды мақсат тұтқан Жанқожа батыр ауылындағы «Жайлы мектеп» құрылысы. Бүгінде құрылыс жұмысы толықтай аяқталған білім ордасы наурыз мерекесі қарсаңында ел иігіліне берілді.

Аудан тұрғындарын қуанышымен құттықтап, білім ордасының ашылуына аймақ басшысы Н.Нәлібаев бастаған бірқатар елге сыйлы азаматтар да келді. Дәлірек айтсақ, “Жайлы мектеп” ұлттық жобасымен салынған 300 орындық жаңа мектептің салтанатты ашылу рәсіміне Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев және зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.
Аймақ басшысы ауыл тұрғындарын Нау­рыз мейрамымен және «Жайлы мектептің» ашылуымен құттықтады.
– Біз қоғамда ұстаз беделін, ұрпақ білімін арттыруға әркез мүдделіміз. Тұрақты қолдаудың арқасында өңіріміздің білім саласы толағай табысқа жетті. Сәулеті мен келбеті келіскен жаңа мектептер бой көтерді.
Биыл білім саласының бюджеті 308 млрд 134 миллион теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 16,9 пайызға артты. Өткен жылы аймағымызда 6 мектеп бой көтеріп, 5 мектепке қосымша ғимарат салынып ел игілігіне табысталды. Нәтижесінде Арал ауданы Тоқабай ауылындағы №248, Шиелі кентіндегі №252 және Жансейіт ауылындағы №133 апатты мектептердің мәселесі шешілді. Жаңа мектептердің ашылуы – бұл жәй ғана ғимараттардың салынуы емес, жаңа дәуірде білім алатын озат оқушыларға жаңа мүмкіндіктер сыйлау. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 6 900 орынға арналған 10 мектептің құрылысы басталып, оның алғашқы 900 оқушыға арналған мектебін облыс орталығынан өткен жылы қазан айында табыстадық. Жыл басында Жаңақорған ауданында 300 және 600 орындық екі, Арал қаласында 300 орындық және Қызылорда қаласында 600 орындық «Жайлы мектептерді» пайдалануға бердік. Жыл көлемінде тағы 4 «Жайлы мектептің» құрылысын аяқтаймыз. Бүгін, міне, Қазалы ауданына қарасты Жанқожа батыр ауылында «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының үйлес­тіруімен жүзеге асқан, құны 2,6 миллиард теңге болатын 300 орындық «Жайлы мектепті» табыстауға жиналдық.
Жаңа нысанды салу арқылы апатты жағдайда деп танылған №94 орта мектептің мәселесін толығымен шештік. Енді жасампаз істердің жаршысы болар балаларымыз қолайлы әрі қауіпсіз, заманауи жабдықталған, кең әрі жайлы мектепте білім алады. Мұның барлығы жас ұрпақтың игілігі үшін жасалуда. Ел іргесі биік, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай! – деді облыс әкімі.
Салтанатты шарада тынымсыз еңбегімен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, заманауи мектептің құрылысын салуға үлес қосқан азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов жиналған қауымды құттықтап, Қызылорда облысының құрметті азаматы Самұрат Имандосов ақ батасын берді.
Мұнан соң ауыл тұрғыны, ұстаз Думан Төкеш ауылда бой көтерген білім ордасы жа­йында пікірін білдірді.
– Білімді және саналы ұрпақ – ел болашағының кепілі. Олардың саналы, тәрбиелі және жан-жақты дамуы үшін барынша жағдай жасау маңызды іс. Білім беру жүйесіне енгізіліп жатқан жаңашылдықтар, заманауи технологияларды пайдалану, жастардың шығармашылығын қолдау – бүгін ауылымызда ашылып жатқан «Жайлы мектептің» көздегені де осы. Мұндай сапалы білім ордасының біздің ауылда бой көтеруіне ықпал еткен ең бірінші аймақ басшысына, аудан әкіміне, ел-халқыма алғысымды білдіремін, – деді ол.
Жақсы білім алған ұрпақ қана еліміздің дамуына, мәдениеті мен экономикасына үлес қосып, қоғамның рухани байлығын арттыра алары хақ. Сондықтан білім мен тәрбиеге салынған инвестиция – болашаққа жасалған оң қадам.

«Көгілдір отын» игілігін көрді
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында Ақтан батыр ауылындағы газдандыру жұмыстары тәмамдалды. Ақтан батыр тұрғын­дарының мерекедегі мезереті – табиғи газды ресми түрде іске қосылу шарасына аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев бастаған бірқатар азаматтар да қатысты.
Облыс әкімі тұрғындарды Наурыз мейрамымен, көптен күткен қуаныш – ауылға «көгілдір отын» келуімен құттықтады.
– Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен қолға алынған, іске асқан байыпты бастамаларымыз бен жасампаз жобаларымыздың игілігін халық көруде.
Бүгінде Қызылорда қаласы ыстық сумен қамтамасыз етілуде. Алдағы жылу беру маусымында көпқабатты тұрғын үйлерге ыстық су толық қосылады. Газдандыру жобаларына 30 миллард теңгеден астам қаржы бағытталды, 330 шақырым газ желілері салынды. Халықты газбен жабдықтау көрсеткіші 78 пайызға өссе, жыл соңына дейін 82 пайызға жеткіземіз. Ал бүгін өздеріңізбен бірге Ақтан батыр ауылын табиғи газға қосамыз. Елдің дамуы ауылдан, ауылдың гүлденуінен басталады. Ауылдарыңызға келген «көгілдір отын» халықтың тұрмыс сапасын арттырып, әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң ықпалын тигізеді деп сенеміз. Бүгінгі мереке барша отбасына бақыт пен шаттық әкелсін! – деді ол.
Салтанатты шарада ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан алдыңғы буын ағалар мен бірқатар азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Ергешбаев құттықтауын жеткізді.
Мұнан соң ауыл тұрғындары да ақ тілегін білдірді.
– Бүгін ауылда қуаныш, бүгін той! Ауылымызда көптен күткен табиғи газ іске қосылды. Енді пеш астынан күл алар күн артта қалды, ағайын. Мереке қарсаңында ел игілігі үшін қызмет етіп жүрген атқа мінер ағаларымызға, облыс, аудан басшыларына шексіз алғысымды білдіремін. Алдағы істеріңізге сәттілік тілеймін! – дейді ауыл тұрғыны Елтай Маханов.
Қазіргі таңда табиғи газдың таралуы мен қолжетімділігін арттыру үшін мемлекет түрлі бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыруда. Бұл, әсіресе халықтың тұрмыс деңгейін көтеруге, энергия ресурстарын тиімді пайдалануға және экологиялық таза отын түрлерін кеңінен қолдануға мүмкіндік береді. Ал Ақтан батыр ауылына жеткен табиғи газ алдағы уақытта ауданнан шалғай жатқан ауылдарға да «көгілдір отын» жүргізу жұмысын жақындатты.

Серік АҚМЫРЗА
23 наурыз 2025 ж. 190 0