Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Наурыз – думан, наурыз – той

Наурыз – думан, наурыз – той

Түркі халықтары үшін жыл басы саналатын Наурыз мерекесі – ұлттық ерекшелігімізді, болмысымызды танытатын басты мереке. Ол – табиғаттың жаңарып, тіршіліктің жанданып, ниеттің тазарып, жақсылықтың, ізгіліктің
оянатын шағы. Әсіресе бұл мереке қазақ халқы үшін ұлттық салт-дәстүрдің, әдет-ғұрыптың қайта түлеген мерекесі. Жаңа жылдың бастауы болған мейрамды қазалылықтар да жыл сайын ерекше атап өтеді.

Орталық көше бойына жіпке тізген моншақтай қатар орналасқан қазақы киіз үйлер, оның алдында ақ қардай камзол киген әжелер, бір-бірін қуалай ойнаған балалар, дауысы алысқа жететін ән мен күй. Бұл – наурыз мерекесіндегі Қазалының көз тартар көрінісі.
Ауданда өткен мерекелік шараға арнайы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты. Әйтеке би кентінің Орталық алаңындағы той-думанға Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев және зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қонақ болды.
Орталық алаңға жиналған жұртқа Қорқыт ата музыка мектебі, аудандық мәдениет орталығының өнерпаздары керемет көңіл-күй сыйлап, көрініс қойды.
Мұнан соң аймақ басшысы қазалылықтарды Наурыз мерекесімен құттықтап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктерге тоқталды.
– Баршаңызды жер-жаһанға шуақ нұрын шашып келген, жақсылықтың жаршысы, игі істердің бастауы Ұлыстың ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Наурыз мерекесі Сыр жеріне толайым жаңалықтарымен келді! Биыл елімізде, өңірімізде мерейтойлар жылы десе де болады. Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл, Қызылорданың қазақ елінің астанасы болғанына 100 жыл, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Байқоңыр ғарыш айлағының ашылғанына 70 жыл, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы кең көлемде аталып өтеді. Жақында ғана Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы құрылтайдың келесі 5-ші отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынды. Алқалы жиынды Сыр елінде өткізу туралы қабылданған тарихи шешім аймақ жұртшылығының мерейін асқақтатты. Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен Сыр өңірінде байыпты бас­тамалар қолға алынып, жасампаз жобалар жүзеге асуда. Өткен жылы облысымыздың бюджетін 750 млрд теңгеден асырдық. Осыдан екі жарым жыл бұрын аймақ бюджеті 364 млрд теңге болса, атқарылған ауқымды жұмыстың нәтижесінде өсімді 206 пайызға жеткіздік. Бұл ауқымды қаражат өңірдегі ең өзекті деген мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға және ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталды. Былтыр Қазалы ауданы үшін де табысты жыл болды. Аудан бюджеті артып, тұрғындарды ауызсумен, электр энергиясымен, «көгілдір отынмен», тұрғын үймен қамтамасыз ету, жол жөндеу және абаттандыру мәселелері рет-ретімен шешілуде. Баршаңызды тіршілік жаңарып, табиғат түлеген мерекемен құттықтаймын! Ұлыс оң, ақ мол болсын! – деді Н.Нәлібаев.
Наурыз мейрамына арналған іс-шарада ауданның дамуы­на үлес қосқан белсенді азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Сонымен қатар Парламент Мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетов те жұртшылыққа ақ тілегін білдіріп, мерекемен құттықтады.
Ұлыстың ұлы күнінде сәлем салу, тұсаукесер, ашамайға мінгізу және беташар дәстүрлері дәріптеліп, ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Ұлттық тағамдар әзірленіп, тал егілді.

С.ӘЛИҰЛЫ
23 наурыз 2025 ж. 224 0