Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Эр-Риядта әлемді алаңдатқан келіссөз басталды

Эр-Риядта әлемді алаңдатқан келіссөз басталды

Бүгін Сауд Арабиясында АҚШ пен Ресей делегациясы Украинадағы қақтығысты тоқтатуға байланысты келіссөзге кіріседі. 2022 жылдың 24 ақпанындағы күрделі оқиғадан кейін дәл мұндай жоғары деңгейдегі талқылау болған емес. Алайда бұған Украина қатыспайды. Келіссөз қандай нәтиже бермек?

АҚШ президентінің Таяу Шығыстағы арнайы өкілі Стив Уиткофф «Fox News»-ке берген сұхбатында келіссөздер оң нәтиже беретініне сенімді екенін айтты.

«Мен жексенбі күні Сауд Арабиясына Ұлттық қауіпсіздік кеңесшісімен бірге келдім. Біз президенттің тапсырмасы бойынша кездесулер өткіземіз, Ресей мен Украинаға қатысты оң нәтижеге қол жеткіземіз деп үміттенеміз. Сонымен қатар Украина келіссөздерге қатыспайды дегенмен келіспеймін», деді С.Уиткофф.

Ол сондай-ақ Украина мен Ресей алдымен өзара сенім құру керек екенін, осы орайда америкалық тарап украин шенеуніктерімен бөлек келіссөз жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

Еске салсақ, Дональд Трамп 13 ақпанда Сауд Арабиясында Ресей, АҚШ және Украина өкілдерінің кездесетінін жариялаған еді. Ал «Bloomberg» агенттігінің мәліметінше, АҚШ пен Ресей президенттері ақпан айының соңында Сауд Арабиясында кездесіп, Украинадағы қақтығысты тоқтату мәселесін талқылайды. Қазір Вашингтон мен Мәскеудің жоғары шенді өкілдері екі елдің президенті қатысатын саммитке дайындалып жатыр.

АҚШ президентінің Украина бойынша арнайы өкілі Кит Келлог оған дейінгі бейбіт келіссөздер үстелінде Еуропа қатыспауы мүмкін, бірақ оның мүдделері ескеріледі деп мәлімдеді. Ал Дональд Трамп Украина көшбасшысы Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлескеннен кейін украин тарапы да келіссөздерге қатысатынын мәлімдеген еді. Өткен жұма күні Германияда АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнспен кездескен Украина президенті Владимир Зеленский Украина Сауд Арабиясында келіссөздер жүргізуге шақырылмағанын және Киев стратегиялық серіктестермен жағдайды талқыламайынша, Ресеймен өзара байланыс орнатпайтынын айтты.

Америкалық «Axios» ақпараттық порталының мәліметі бойынша, АҚШ делегациясының құрамында мемлекеттік хатшы Марко Рубио, Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолтц, Дональд Трамптың Таяу Шығыстағы арнайы өкілі Стив Уиткофф бар. Ал Ресей Федерациясы делегациясының нақты құрамы белгісіз. «Axios» хабарлауынша, Эр-Риядқа Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров келуі мүмкін. Ал «Bloomberg» агенттігінің хабарлауынша, Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков пен Сыртқы барлау қызметінің басшысы Сергей Нарышкин де болады. Сонымен қатар келіссөздерді АҚШ-та білім алып, жұмыс істеген Ресейдің жеке капитал қорының басшысы Кирилл Дмитриев қадағалайды.

Киев тарапы Эр-Риядтағы кездесуге шақырылмаған. Зеленскийдің өзі 16 ақпанда кешке Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапармен келді. «FlightAware» порталының ақпаратына сәйкес, жексенбіде Украина президентінің ұшағы Мюнхеннен Польшаның Жешув-Ясенка әуежайына, содан кейін Абу-Дабиге ұшып келген. Әрі қарай Эр-Риядқа табан тіреген.

«NBC» хабарлауынша, Вашингтон қақтығысты тоқтатуға қатысты Мәскеу және Киевпен бірдей келіссөз жүргізеді. Алайда алдымен жағдайды екі ел өкілдерімен жеке талқылап алмақ, содан кейін ғана үшжақты келіссөздер жүргізуге бір үстел басына жиналады. Осы себепті Украина делегациясын Сауд Арабиясындағы Ресеймен келіссөздерге шақырмаған.

Жалпы, Трамптың Путинмен телефон арқылы сөйлесуі Ресей басшысының бәсін арттыра түсті дейді сарапшылар. «Путиннің оқшауланған қоғамы аяқталды. Бұған дейін ол әскери қылмыскер болып саналып келді. Енді ол өзінің ең маңызды әлемдік көшбасшының тең құқылы серіктесі екенін дәлелдеді», деген пікірде поляктың «Rzeczpospolita» шолушысы Ренджей Белецкий.

Ал «New York Times» Трамп пен Путиннің әңгімесін Ресей президентінің «үлкен жеңісі» деп атады. «Бұл телефон қоңырауы Путиннің Украина тағдырын анықтап, басқа да маңызды мәселелерді Мәскеу мен Вашингтон шешуі керек деген ойға жетеледі», деп жазады баспасөздің Мәскеу бюросының басшысы Антон Трояновский.

Ақпарат көзі: egemen.kz
Сурет: Нұрболат Нұржаубай
18 ақпан 2025 ж. 199 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
2425262728