Сақтандыру төлемдерін жеңілдетілген реттеу

Бұл – өте қарапайым рәсім. Егер жол-көлік оқиғасы орын алса, ереже бойынша жүргізушілер жол полициясын шақырып, апат орнынан кетіп қалмай оның келуін күтуі тиіс. Алайда, егер ЖКО-ға тек екі көлік қатысып, адамдардың өмірі мен денсаулығына зиян келтірілмесе, үшінші тұлғалардың мүлкі зардап шекпесе, апатқа қатысушыларда апатқа кім кінәлі, ал кім зардап шеккен деген келіспеушіліктер жоқ болса, және ең бастысы, екеуі де залал 100 АЕК-тен (2025 жылға 393 200 теңге) аспайтынына келісетін болса, Еурохаттаманы ресімдеуге болады.
Ол үшін ЖКО-ға қатысушылардың екеуі де ұялы телефондарына «Еурохаттама» қосымшасын жүктеп, тіркеу рәсімінен өтіп, оқиғаның фотосуреттері мен бейнематериалдарын қоса беруі қажет. Фотосуреттер мен бейнефайлдарды сәтті жүктеп, декларацияны толтырғаннан кейін бұл құжаттар сақтандырушыға жіберіледі, содан кейін сақтандыру жағдайын тіркеу туралы Бірыңғай сақтандыру дерекқорынан СМС-хабарлама келіп түседі. Жәбірленушінің СМС-хабарлама алуы оның өтемақы алуға өтінішін сақтандыру ұйымы қабылдағанын растау болып табылады.
Осыдан кейін ғана сіз автокөлікті апат орнынан алып кете аласыз, жол полициясына қоңырау шалу талап етілмейді.
Өкінішке орай, интернетсіз «Еурохаттама» мобильдік қосымшасы арқылы сақтандыру жағдайын ресімдеу мүмкін емес. Ұялы телефонның болуы да міндетті талап болып табылады. Егер интернет немесе ұялы телефон болмаса, онда ЖКО-ны жол полициясына хабарласу арқылы стандартты түрде ресімдеу керек.
Бұл жағдайда кез келген электрондық қызметтер сияқты стандартты қағидат қолданылады. Мысалы, мемлекеттік көрсетілетін қызметті онлайн режимінде алу үшін интернет пен ұялы телефонның немесе компьютердің болуы міндетті. Егер онлайн жүгінуге мүмкіндік болмаса, тікелей көрсетілетін қызметті берушіге (мысалы, ХҚКО-ға) жүгінуге болады.
А.Арғынұлы,
Қазалы аудандық соты
әкімшісінің бас маманы