Қызылордалықтар жеңімпаз атанды

Жеңіс тұғырынан көрінген оқушылардың қуанышты жаңалығын Сейілбек Шаухаманов атындағы №9 дарынды балаларға арналған облыстық "Білім-инновация" лицей-интернатының директоры Абайбек Сәрсенбеков сүйіншіледі.
- Жәутіков олимпиадасы биыл алғаш рет Астана қаласында өтті. Әлемнің әр түкпірінен озық ойлы оқушылар жиналып білім бәсекесінде бақ сынады. Бұл білім бәйгесінде, Сыр өңірінің де асығы алшысынан түсті. Мамадахунов Мансур, Иса Ахмет Курманов Алимхан, Зермұханбетұлы Ердос алтын,күміс,қола медальдарын иеленіп, Сыр бойылықтардың білім дәрежесінің жоғары екенін көрсете білді. Алдағы уақытта да, білім көкжиегінде сыр елінің атын шығара береміз деген үлкен сенім бар,- деді Абайбек Жанарбекұлы.
- Мен ХХІ Жәутіков атындағы халықаралық олимпиададан алтын медаль иелендім. Жалпы, жарыс екі кезең бойынша өтті. Әр кезеңде 3 тапсырма берілді. Негізінде оқушылар олимпиадаға 9 сыныптан бастап қатысады. Ал, мен 7 сыныбымда 9 сыныптың білім беру бағдарламасының есебін шығарып, олимпиадаға қатысуға мүмкіндік алып, алтын алдым. Содан бері тек облыстық, республикалық ғана емес, халықаралық жарыстарға да қатысып жүрмін. Команда бойынша бірінші, екінші орынды ресейлік оқушылар алды. Мен солардың ішінде абсолюттік төртінші орын алдым. Бұл өте жоғары көрсеткіш болып есептеледі, - деді информатика пәнінен 1 орын иегері Мансур Мамадахунов.