Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы тұрақты бақылауда
Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес, аудан әкімдігі жанынан құрылған арнайы жұмысшы топ мүшелерімен бірге Әйтеке би кентіндегі бірқатар азық-түлік дүкендері мен орталық базарларды аралап, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына бақылау жүргізді.Аудан басшысы күнделікті тұтынатын 19 түрлі негізгі азық-түлік өнімдерінің – ұн, нан, күріш, макарон, қант, күнбағыс майы, ет, жұмыртқа, сүт өнімдері мен көкөніс түрлерінің қазіргі бағасын зерделеп, сатушылармен және дүкен иелерімен пікірлесті. Кәсіп иелеріне бағаны негізсіз өсірмеу, халықтың жағдайын ескере отырып, әлеуметтік жауапкершілік таныту керектігі айтылды.
Сонымен қатар, аудан әкімі дүкен сөрелеріндегі өнім сапасына, тауардың жарамдылық мерзіміне де назар аударып, сауда орындарының санитариялық тазалығын да қадағалап көрді. Сауда орындарындағы санитариялық тазалық, өрт қауіпсіздігіне байланысты да тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
– Халық күнделікті тұтынатын негізгі азық-түлік өнімдері – бұл елдің тұрмыстық әл-ауқатының көрсеткіші. Сондықтан бағаның тұрақтылығы – әрқашан басты назарда. Біз бұл бағыттағы бақылау жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырамыз. Кәсіпкерлермен тығыз байланыста бола отырып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын қорғауға күш саламыз, – деді аудан басшысы.
Айта кетейік, азық-түлік бағасын тұрақты бақылау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Бұл шара – аудан халқының өмір сүру сапасын жақсарту және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадамдардың бірі.














