Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарыдай бақтың артында таудай еңбек жатады

Тарыдай бақтың артында таудай еңбек жатады

Фото: Кейіпкер мұрағатынан
Қазақтың ауыз әдебиетінде ежелден қалыптасқан өзіндік өрнегі бар поэзиялық жанр – айтыс. Суырып салмалық сөз сайысы қоғам жүгін көтерген ауқымы мол, арнасы кең сала. Атадан балаға, кешеден бүгінге жеткен рухани қазына көшін әр уақытта өрге жетелеген өнерлілерден еліміз кенде болған жоқ. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жаңа толқын төл өнердің төрге озып, өз биігінде қалықтауына қарымын қосты. Айтыс қазақтың ажырамас айнасы, беделді бедеріне айналды. Ақындар аламанына ат шалдырып, әсерлі жолдар, терең танымымен халық көкейінен табылып жүргендер қатарында жерлесіміз Нұрзат Қару да бар. Жақында алқалы өнердің алға озуына атсалысып жүрге нарумен сұхбаттасудың сәті туды.

Алғашқы айтыстағы қадамым 17 жасымда басталды
– Шағын елді мекенде туып, елдің жүгін көтеріп жүрген Нұрзаттың ауылдан айтысқа дейін апарған жолына қысқаша тоқталсаңыз...
– Мен Қазалы ауданы, исі Түркі жұртына аты мәшһүр, тарихи мекен, Қорқыт баба өмірге келген, Оғыз тайпасына астана болған Жанкент топырағында дүниеге келдім. Басқалар сияқты ауылдағы орта мектепке бардым. Арман қуып, Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне құжат тапсырып, оқып, диплом алдым.
Алғашқы айтыстағы қадамым 17 жасымда басталды. Оған себеп болған студенттер арасында өтетін дәстүрлі жастар айтысы еді. Дәріс беретін ұстазымыз қабілетімді байқап, сол дүбірге қосып жіберді. Содан бері айтыс сахнасында өнер көрсетіп келе жатқан жайым бар.


Тынымыз еңбек қана жеңістің дәмін сездіреді

– Айтыс – синкретті өнер. Адамнан жан-жақтылықты талап етеді. Айтыскерге туа бітті қабілет көбірек көмектесе ме, әлде ізденіс ізгі мұратқа жеткізе ме?
– Ақынды ақын қылатын, ең бірінші, ананың сүтімен, әкенің қанымен келген қасиет. Сол қабілеті шыңдау үшін үнемі ізденісте болу қажет. Сахна бейжайлық, сылбырлық, қайталауды көтермейді. Қазір тыңдарман талғамы жоғары. Әр шығарылымда қандай сөз айттың, қандай ұйқас құрадың, қандай мәселе көтердің, барлығы әлеуметтік желіде сайрап тұр. Санаулы уақыт өнер көрсеткен ақынның сол сахнаға қандай еңбекпен келгені көрініп тұрады. Бір келі бал жинау үшін ара сексен мың гүлге қонады екен. Тарыдай бақтың артында таудай еңбек жатады. Міне, сол секілді қандай өнер болсын, тынымыз еңбек қана жеңістің дәмін сездіреді. Осы екеуін дамытқан ақын ғана жетістікке жетеді деген ойдамын.


Сынаққа сынбай, өзімді қамшылаймын

– «Әйелден ақын шықпайды, биші не күйші болмаса» дейді Есенғали ақын. Бұл ауыр да ауқымды жүкті нәзік жанды болмысқа арқалаудың қиындығы туралы пікір болса керек. Таң­дауыңызға өкінген сәттер болды ма?
– Тарихқа көз салсақ, бізге дейін қаншама қилы заман болды. Қиын дәуірде де айтысын тоқтатпай, өз деңгейіне жеткізіп, тарихта қалған Сара, Ұлбике, Айкүміс, Ақсұлу секілді ұлт аналары бар. Сол саңлақтар салған сүрлеу жолмен біз де келе жатырмыз. Табиғаты нәзік, затың әйел болған соң кейде болмашы ауыртпалыққа шыдамай, шарт кететін жайттар да орын алады. Ондайда өткен ғасырдағы әйел теңсіздігі кезінде де сынаққа сынбаған абзал ақын арулардың ерен еңбектерін ойға алып өзімді қамшылаймын. Бұған дейін таңдауыма өкінген сәтім болған емес. Керісінше, азабы мен ләззаты қатар осы өнер жолына түскеніме бек қуанамын.
– Әр ақынның өзін даралайтын ерекшелігі болады. Сіздің «фишкаңыз» неде?
– Оны өзімнің емес, көзі қарақты көрерменнің айтқаны жөн деп ойлаймын.


Жұрт жалықса, қолқаламас еді

– Сізбен сұхбаттасар алдында әлеуметтік желіге жазба жарияладық. Сонда қойылған жазылушының сұрағына жауап беріп өтсеңіз...
Онда: «Айтыс әуелгі мағы­насынан алыстаған. Кейде жағ­дайға жығылып, ел артқан сенімен көрінбей жатады»,– депті.
Жалпы, ақындар айтысының бүгінгі беталысы туралы қандай пікірдесіз?
– Ел болған соң пікір алуандығы қалыпты жағдай. Әркім түрліше түйсінеді, түрлі пайым, ұстанымда өмір сүреді. Бастысы, сынды дұрыс қабылдай білу қажет. Бүгінгі буын ақындар, өз халінше, елдің жағдайын жырлап, халықтың мұң-мұқтажын жеткізіп жүр. Айтыс өнері ілгері дамымаса, кейінге шегінген жоқ. Қазір көптеген өңірлерде мектептерде айтыс мектептері, үйірмелерінің ашылып, жас балалардың осы өнерге қызығушылық танытуы – қоғамдық көзқарас. Жыл басынан бері бірнеше айтыс жоспарлануда. Жұрт жалықса, қолқаламас еді. Барған жердің барлығында ұлттық өренге сусаған, күткен көрерменді көргенде, текке төр төкпегеніңді сезініп, арқалана түсесің. Тіпті өздері ұнаған ақын үшін алыстан арнайы ат терлетіп келетін тыңдармандар қатары қалыңдамаса, кеміген жоқ. Халық барда айтыс бар, айтыс бар да халық бар.


Ақындық кредом, өмірлік миссиям

– Біз білетін Нұрзат Қарудың бүгінгінің бетпердесін сыпырған ащы ақиқатты айтыстары әлеуметтік желілерде топ жарып жүр. Қалай ойлайсыз, ақындықты насихаттаудың жаңа түрін қолға алатын кез жетпеді ме?
– «Ақын болу оңай деймісің, қарағым, Аузында болу бұл өзі Сыздаған барлық жараның» деп ақын Төлеген Айбергенов айтқандай, заманның өзгерісіне, халықтың түйіткілді түйінін тарқатуға үн қата білу – ақынның басты парызы. Соңғы елдегі болып жатқан жағдайларды тілге тиек еткен шумақтарым біраз әлеуметтік желілерге тарағаны мәлім. Бұл көптің көкейінде жүрген мәселені көтеріп, жоғарыға жеткізсем деген ойымның көрінісі. Ақынның міндеті – бұқара пен билік арасына көпір болып, елдің жайын күйттеу болса, мен де өз кезегімде соны орындаудамын. Бұл ақындық кредом, өмірлік миссиям. Ақындарға өзге де мүмкіндіктер мол. Оған уақыт төреші. Бірақ шынайы айтыс – сахнада, көрермен алдында өткен айтыс деп санаймын. Қазіргі кезде Алматы қаласында Алатау дәстүрлі өнер театрында қызмет етудемін. Сонда өсіп, өркендеп жатқан жайымыз бар.


Әр нәрсенің өз уақыты болады

– Өзіңізді ұстаз тұтып, ұлық өнерге ат шалдырғысы келетіндер көп көрінеді... Жас айтыскер нені білуі керек?
– Ұстаз деген мен үшін ұлы есім. Әзірге оған жете қойған жоқпыз. Әр нәрсенің өз уақыты болады. Алайда жас бала бойында қабілеті болса, неге оған қолқабыс етпеске. Көрген-түйгенімді айтып, бағыттап, жетекші болуға қарсы емеспін. Жас айтысқа талаптанушылар өзінің ақындық өнерін жетілдіріп, туған жердің тарихын танып, домбырада ойнау шеберлігін шыңдауы керек. Ең бастысы, өнерге қызығушылығы мен құмарлығы болуы тиіс.


Қазалы – менің тынысым

– Туған жеріңіз Қазалы мен аудан аттас газетке лебізіңіз...
– Қазалы – менің тынысым. Кіндік қаның тамып, нәр алған жердің қадірі перзентіне қашан да бағалы. Ауылға жиі баруға мүмкіндік болмайды. Әр сапарымда жаңарған, жасарған жерді көріп, көңілім қуанады.
Ал аудан атын алған газетінің де көтеріп отырған жүгі жеңіл емес. Аты аудандық демесе, тұрақты оқырманынан бөлек, әлеуметтік желі арқылы мыңдаған, жырақта жүрген жерлестерді туған жерімен табастырып отырған тамырдай басылымға «ғұмыры ұзақ болсын!» деген тілек айтқым келеді. Газет бетінде селт еткізер материалдар көп болғай!
– Сізге де рақмет! Шығар­ма­шылық биіктерден көріне беріңіз!


Сұхбаттасқан
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
18 қаңтар 2025 ж. 34 0

Қара шаңның қасіреті

17 қаңтар 2025 ж. 89

Есірткі туралы ертегі

17 қаңтар 2025 ж. 74

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031