Жасанды интеллект көмегімен қылмыстар ашылуда

– Жергілікті құқық қорғау және атқарушы органдардың жұмысын тиісті дәрежеде үйлестірудің нәтижесінде аймақта қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Біздің бастамамызбен өңірде "Смарт білезік", "ІТ тергеу" және "Қылмыссыз ауыл – кемел келешек кепілі" атты 3 жоба жүзеге асырылуда. Бүгінде бұл жобалар оң нәтижесі беруде. Нақтыласақ, "Смарт білезік" жобасы аясында "үй қамақ" бұлтартпау шарасы қолданылған 137 күдіктіге смарт білезік тағылып, тергеп-тексеру жүргізілді. Одан бөлек, "ІТ тергеу" жобасы аясында интернет алаяқтық қылмыстарды дер кезінде ашу мен сапалы тергеп-тексеруді жүзеге асыру үшін "Киберпол" тобы құрылып, құрамына тәжірибелі прокурорлар мен полиция қызметкерлері енгізілді. Қазіргі күні жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолданып, 749 қылмыстық іс бойынша 1 074 ұялы телефон нөмірі тексерілді. Нәтижесінде 151 қылмыс ашылып, 62 қылмыскер құрықталды. "Қылмыссыз ауыл – кемел келешек кепілі" пилоттық жобасы бойынша қала, аудандарда алкоголь өнімін сататын 104 кәсіпкермен алкоголь сатуды шектеу туралы меморандум жасалды. Прокуратураның сүйемелдеуімен 116 тұлға алкогольден және нашақорлықтан емдеуге жіберіліп, оның 89-ы мәжбүрлеп емдеуге жатқызылды. Біздің тарапымыздан ардагерлер және әйелдер кеңесімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Отбасында жүйелі түрде жанжал шығаратын құқық бұзушылардың тізімі жасақталып, ардагерлерді қатыстыра отырып, олардың әрқайсысымен жеке-жеке профилактикалық жұмыстар жасалып, құқықтық, психологиялық, әлеуметтік және медициналық көмектер көрсетілуде. Бүгінде бұл жұмыстардан оң серпін байқалып, отбасында жанжал шығаратын тұлғалардың қайта құқық бұзушылық жасау дерегі біршама төмендеген,- деді Ризабек Кәрімұлы.
@Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі