Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мобильдік аударымдар: Дерек пен дәйек

Мобильдік аударымдар: Дерек пен дәйек

Фото: Н.Нұржаубай
Биылдан бастап екінші деңгейлі банктер Мемлекеттік кірістер комитетіне жеке азаматтардың қаржылық операцияларына қатысты мәліметтерді жіберіп отырады. Бұл еліміздегі көлеңкелі кәсіптің белең алуының алдын алу мақсатында іске асырылуда. Бірақ елді шулатқаны ол емес, әрбір азаматтың мобильдік аударымының тексерілуі болып отыр. Ендеше аударымдар қалай тексеріледі? Картамен немесе банк қосымшасы арқылы төлем жасағысы келген жандарға тосқауыл болған кәсіпкерлер жазаланады ма? Осы секілді көкейкесті сауалдарға жауап іздеген едік.

Жоба жемісін берсе...
Көлеңкелі экономикаға қарсы күрес жұмыстары жыл өт¬кен сайын қарқынды жүргізіліп келеді. Соған қара¬мас¬тан, заңсыз тауар айналымы толастамай тұр. Ел тұрғындары арасында шу тудырған мобильді аударымдарды тексерудің негізгі мақсаты да осы – заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығару болып табылады.
Кейбір кәсіпкерлер сатылған тауарлар немесе қызметтер үшін төлемді мобильді аударымдар арқылы алады. Әдетте, бұл аударымдарда кассалық аппараттар, POS-терминалдар және QR-кодтар қолданылмайды. Тиісінше, чектер берілмей тұтынушылардың құқықтары бұзылады.
Бұған дейін айтылғандай, мемлекет барлық мобильді аудармаларды тексермейді. Тек әртүрлі тұлғалардан үш ай қатарынан ай сайын 100 немесе одан да көп мобильді аударымдар алған тұлғалар ғана, яғни, кәсіпкерлік қызметтің белгілері байқалған жағдайда ғана тексеру жүргізіледі.
Мобильді аударымдар туралы мәліметтерді банктер Мемлекеттік кірістер комитетіне кезең-кезеңімен ұсынады. Нақтыласақ, 2023 жылдан бастап – мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары, 2024 жылдан бастап – мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері және олардың жұбайлары тексерілген еді. Ал 2025 жылдан бастап – жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары және олардың жұбайлары камералдық бақылауда болады. 2026 жылдан бастап – қалған барлық азаматтар. Алдағы уақытта іс-шара жемісін берсе, көлеңкелі кәсіпті нәсіп қылғандар құрықталады.

Аударымнан жүк бола ма?
Жыл басталғалы каспи голдтан аударым жасауды толықтай тоқтатқан жандар саны артты. Себеп – биылдан бастап шотына мөлшерден көп аударым түскен азаматтар бақылауға алынбақ. Тексеруді бастаудың бүге-шүгесі жайында Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті бірнеше брифингтерде айтып та жүр.
Кірістер комитеті Ұлттық банк рұқсат берсе, мобильді аударымдарды бақылау үшін жаңа тәртіп енгізеді. Ереже былай болмақ, үш ай бойы қосымшаға түскен қаржы көлемі 3 төменгі жалақыдан аспауы керек. Бұл шамамен 255 мың теңге. Егер одан асып кетсе, салық органдары тексеруге кіріседі. Бірақ бұл ереже әлі қолданыста жоқ екенін еске сала кетейік.
Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Жеке тұлғалардың табыстарын әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы Ерсайын Көптілеуұлы аударым қалай тексерілетінін түсіндірген еді.
– Бізде мобильді аударымдарды бақылау бойынша белгіленген өлшемшарт бар. Өлшемшарт негізінде 3 ай қатарынан ай сайын 100 немесе одан да көп тұлғалардан мобильді аударым алған тұлғалар ғана назарға ілінеді. Бұл 100 тұлға – ол 100 аударым емес. Бұл өлшемшарт 2022 жылы енгізілгенін еске сала кетейін. Қаржы министрлігінің бұйрығы негізінде екінші деңгейлі банктер осы өлшемшарттан асып кеткен тұлғалар туралы ақпараттарды мемлекеттік кірістер органдарына жолдайды. Кейін біз осы деректер бойынша камералдық бақылау жүргіземіз, – деді сарапшы.
Сарапшы маман атап өткендей, бұл норма 2025 жылдан бастап енгізіліп отырған жоқ. Ол 2023 жылдан бастап, яғни жалпыға бірдей декларациямен бірге жүзеге асырылып келе жатыр.
– Біз 2023 жылы мәліметті мемлекеттік қызметшілер және олардың жұбайлары бойынша алдық. Ал енді 2025 жылы үшінші кезеңдегі декларация тапсыратын азаматтар бойынша аламыз. Қазір қолданыстағы нормада сома туралы мәселе жоқ. Бұл жерде 100 түрлі тұлғадан болғандықтан, сома маңызды емес. 255 мың теңгеден асса да, аспаса да, мәселе болмайды. Бірақ біз 255 мың теңгені неге ұсынып отырмыз? Бізде Кәсіпкерлік кодексі бар. Кодекс бойынша бір жыл көлемінде 12 еселенген ең төменгі жалақы көлемінде адамдар дара кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ пайда таба алады. Яғни осы норманы аттап кетпеу мақсатында, біз 255 мың теңге деген шекті қоюды жоспарлап отырмыз. Бірақ бұл норма Ұлттық банкпен келісіліп жатыр. Ол әлі қолданыста жоқ. Бірақ бұл норма енгізілсе де, 100 түрлі тұлға деген негізгі өлшемшарт сақталады. Мысалы, ата-анаңыз, туған-туыстарыңыз, бауырларыңыз, балаларыңыздан төлем қабылдағанның өзінде, оның өзі 20 шақты адам болуы мүмкін. Ал мысалы, қаңтар айында 100 адамнан, ақпанда 100 адамнан және наурыз айында 100 адамнан мобильді аударым арқылы қаражат келіп түсті дейік. Енді осындай аударым болған кезде ғана назарға ілінесіз, – деп түсіндірді Ерсайын Көптілеуұлы.
Салық органдарына мұндай азаматтардың тізімін екінші деңгейді банктер беріп отыратын болады. Нәтижесінде кәсіпкерлікпен заң жүзінде тіркелмей айналысатын жеке тұлғалар айыппұл арқалайды. Сонымен қатар ереже бұзғандар 15 айлық есептік көрсеткіш бойынша 58 980 теңге көлемінде айыппұл төлейді. Ал кәсіпкерлер заңды қайталап бұзса, онда айыппұл екі есе өседі. Еске сала кетейік, 2025 жылы 1 қаңтардан бастап 1 АЕК – 3 932 теңге болды.

Емге жинақ ескерілмек
Елімізде жаппай аударымдарды тексеруден аман азаматтар да бар. Ол типке – мобильді аударымды емге немесе басқа қайырымдылық мақсаттарда ақша жинайтын жеке тұлғалар жатады. Яғни, аталған тұлғаларға қатысты талаптар жеңілдетілген. Олардың есепшотындағы операциялар камералдық бақылауға алынбайды. Бұл жайында Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері айтқан еді.
– Мұндай аударымдарға камералдық бақылау жүргізілмейді. Өйткені бұл қаражаттан заңға сәйкес, салық ұсталмайды. Өйткені ақша емге немесе басқа да маңызды мақсаттарға жұмсалатындықтан, кәсіпкерлік жолмен келген табыс көзі болып саналмайды, – деді комитет өкілі.
Бұдан бөлек, комитет өкілдері кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтарға төлемді кассалық аппаратта жүзеге асыруы қажет екенін ескертті. Егер төлем барысында кәсіпкер чек бермесе, бұл тұтынушының құқын шектеу болып саналады. Сонымен бірге осы сияқты бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Айтпақшы, жеке тұлғалар бұрынғыдай өздерінің жеке мақсаттары үшін туыстарына, достарына, ата-аналарына, балаларына және басқа да өмірлік жағдайларға байланысты мобильді аударымдар жасай және қабылдай алады. Бұған ешқандай шектеу қойылмайды.

«Таксист» қайтып күн көрмек?
Мобильдік аударымдар бастамасы бойынша әрбір кәсіптен нәпақасын айырып жүрген жандар тексеруге алынады. Мұның ішінде көлік тасымалымен айналысып жүргендер де бар. Ендеше көбіне төлемді каспи қосымшасы арқылы қабылдайтын көлік тізгініндегі «таксист» күні қалай болады? Аталмыш мәселенің мән-жайын анықтап, жолын іздеген едік, «машақаты» көп демесең, мемлекет мұның да жолын қарастырып қойған.
Дәлірек айтсақ, жеке тасымалдаушылар жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек. Мұны «e-Salyq Business», «Egov Mobile» және кейбір екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары – «Halyq bank», «Kaspi bank», «BankCenterCredit» арқылы жасауға болады.
– Бұл ретте қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдау үшін онлайн режимінде кәсіпкерлік банк шотын ашуға болады, сол жерге көрсетілген қызметтер үшін төлемдер түседі. Ол үшін такси жүргізушісіне тек смартфон қажет. Кассалық аппараттар мен POS-терминалдарды алып жүрудің қажеті жоқ, – дейді жергілікті кірістер басқармасының маманы Ғизат Кемали.

Тұтынушы жапа шекпесін
Шынын айту керек, дәл қазір қай дүкенге, жалпы сауда орындарына барсаңыз кез келген кәсіпкер жасалған сауда үшін тек қана қолма-қол төлем жасауды сұрайды не талап етеді. Әрине бұл өз кезегінде тұтынушы құқығын бұзуға жатады. Ал мұндайда қайтпекпіз? Жалпы кәсіпкердің төлемді тек қолма-қол ақшамен жасауды талап еткені заңды ма? Мұндай жағдайда қайда жүгінуге болады?
Жалпы «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларына сәйкес түрлі төлем тәсілдері қарастырылған – банк картасымен немесе QR төлемімен немесе қолма-қол ақшамен төлеуге әрбір тұтынушының құқығы бар.
Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту жоғарыда айтқандай заңсыз болып табылады және тұтынушылардың құқықтарын бұзады.
Ал егер сіз осындай жағдайға тап болып, кәсіпкер кез келген картамен төлеуден бас тарту жағдайына тап болсаңыз, тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органдарына жүгіну қажет болады.
Сонымен қатар Ата-Заң бойынша кәсіпкерлердің төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін бірінші рет әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ескерту жасалады. Ал қайталап бұзған жағдайда 40 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.
Бұрын кәсіппен айналысу, кәсіпкер болу қарапайым азаматтар үшін сон¬шалықты қиын көрінетін. Ал қазір мемлекет қолдауын пайдаланып, кәсібімді кеңейтемін дегенге кез келген есік ашық. Десек те, берілген мүмкіндіктің игілігін көрсе де, салық төлеуден жалтарып, көлеңкелі кәсіпті нәсіп қылғандар азаяр емес. «Еңбегің еселенсін десең, арың алдында таза бол» дейді ата-бабадан жеткен асыл тәмсіл. Ендеше ел алдындағы, жер алдындағы өтеуді де, адал салық төлеуші болуды да естен шығармайық, ағайын!

Серік АҚМЫРЗА



14 қаңтар 2025 ж. 52 0

Дубайда жеңімпаз атанды

14 қаңтар 2025 ж. 23

Есірткі туралы ертегі

14 қаңтар 2025 ж. 77

Жақсы өнер – жігіт ырысы

14 қаңтар 2025 ж. 58

Алтынай алар асу көп

14 қаңтар 2025 ж. 53

Талаптыға табыс көп

14 қаңтар 2025 ж. 47

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031