Жақсылыққа жаршы болды жаңа жыл

Құндылықтар бастауы
Жасыл шырша жанында қарсы алатын мерекені тойлау Ресейде 1770 жылдың 1 қаңтарынан бастау алады. Патша І Петр өзі басқаратын елдегі мейрамның таңға дейін созылуына аса мән берген деседі. Аязы қатты, қысымыр суықты өлкеге бұл мейрам жылылық әкеледі.
Кеңес Одағында 1927-1936 жылдары тойлауға тыйым салыныпты. 1937 жылы Сталиннің бұйрығымен 1 қаңтарда шырша тігіліген. Қазақ даласына да шаттық шуағын шашқан шырша тойын шабыттана тойлау Одақ құрамында болғанда енгені белгілі.
Әр адам өткеніне бойлағанда, балалық шағындағы шаралар, әсіресе жаңа жылдық әсер туралы тәтті естеліктерге шомады. Табиғаты тұнық балалық шақтың керемет күйімен астасатын жаңа жыл әркімнің әлемінде бөлек, жаны үшін ерек.
Осыдан 40-50 бұрын дүние есігін ашқан біздің буын да жаңа жылдың түрлі сипатына куә болып келеді.
Одақ тұсында жаңа жылдық кейіпкерлер мен оларды бейнелейтін керемет ашықхаттар арқылы қарсы алатын жаңа жылдың да өз орны бар.
Одақ ыдырап, ел басына қиындық туған шақта да жаңа жылды жұртшылық «жатырқамады», көппен тойлап, көңіл көтерді.
Қиылған көйлек
«Анам менің жаңа жылдық іс-шараға қатысуым үшін үндістандық қымбат көйлегін ойланбастан қиып тастағаны есімде. Оның осы амалын естіп құрбылары мен жақындары реніш танытқаны бар. Егер сол әрекет болмағанда мен ең жақын адамымда ондай киім болғанын білмес пе едім. Сол күні түскен суретім бар. Жылы естелікті көрген сайын анам да өкінбейді деп ойлаймын, мен де мақтанышпен айтамын», – дейді Айнұр. Танысым маған керек кезде анасы ешқашан бөгелмейтінін айтады. Ол тұста ақша да, ақша болса да, сатып алатын қазіргідей дайын өнімдер жоқ. Барлығы қолдан басалады. Бір жолы көрші ападан масаты мата сұрап әкеліп, көрікті сәукеле жасап бергенін де жеткізді.
«Қызыл масаты картонның сыртына қапталды. Жиегіне құндыз жағадан жиектеме қойылып, басына үкі тағылды. Анам сәукеле одан әрі әдемі болғанын қалады. Шырша ойыншығының 2-3 данасын ұсақтап, желіммен брошка жасап, сыртынан қымбат шәлісін желек етті. Сол сәукеле ауылдағы бірнеше жаңа жыл мен барлық мерекелік шараның «хиты» болды», – дейді ол.
Жұпыны жаңа жыл
Перизат Мерейқызының естелігін де оқырмандарға өзгеріссіз ұсынуды жөн санадық.
«1990 жылдардың басы болуы керек. Сол кезде тоқырау кезеңінің енді біліне бастаған тұсы. Елде азық-түлік, киім-кешек тапшылығы болды. Халық жаңа жылды сонда тойлады. Қазір ойлап отырсам, жанарыма жас үйіріледі.
Шыршаның мектепке «тірісі» қойылды. Жоқ, сіз білетін арша мен шырша емес, ауылдағы жыңғылдың үлкені. Оны орнықтыру үшін аз күш кетпегіні белгілі. Ал безендіру жайы тіпті бөлек. Сынып-сынып болып, қолдан салынған суреттер, дәптер тысынан жасалған қағаз шынжыр, қағаз жалауша, мақтаның өзі жұпыны жерді жарқыратын жіберетін.
Аяз ата, ақшақар болып киінген ұстаздар шыршаны айналып жүр. Қалташаның түбінде, келіге де жетпейтін болуы керек, балаларға арналған қантсыз печене бар. Оның өзін балғын деуге келмейді. Сонда да тақпақ айтып, ән салып, мәз-майрам болып қайттық.
Кешке көршілер болып мерекені атап өттік. Бізбен іргелес тұратын пәтердің иелері аяз ата болыпк елді. Қалталарында шекер бар. Балалар өнерімізді көрсетіп, шекерді бөліп алдық.
Ал бесіншіге барған жылымда барлығымыз ақша жинап, танымал шоколадты салып алып, қалташадан шығарып, бәрімізге таратқаны ойымда.
Шампан емес, банка атылды
«Қазір ғой қарбаласып дайындаламыз. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары жас отбасы болған біздер де қиындықтарға қарамай, басқалардай жаңа жылды тойлауды ұмыт қалдырмадық.
Құрдастар болып мерекелік дастархан жайып, банкаға басылған салат, тұздалған қияр-қызанақ, келіншектер жағы вафли, қытырлақ хворс, бәліш пісіреміз. Көңіліміз тоқ. Арамызда аяз ата болатындар бар. Жақын деген үйлеріне барып, дастарханға қойған тәттілерінен алып кетіп, балаларға беріп жатады.
Сылық беру, ару деген үрдіс белең алмаған. бір-бірімізге жақсы тілек айтамыз. Бастысы керемет көңіл деп айтар едім.
Айтпақшы, ерекше есте қалғаны, сол жылдардың бірінде жаңа жылға санаулы секунд қалып, күтіп отырғанымызда, «тарс» еткен дауысқа бәріміз алаңдадық. Жігіттер шампан атқан болуы керек ой болды бәрімізде. Сүйтсек, сол сәтте жабылған банканың бірінің қақпағы ашылып кетіпті», – дейді Гүлжамал апа.
Күрте ұтып алды
1993-1994 жылдар. Анық есімде жоқ. Ауыл болып клубта өтетін шараға бардық. «Поле Чудес» бағдарламасының «трендте» тұрған кезі. Сол ойынның қолжетімді нұсқасын ауылдағылар да ұйымдастырыпты. Тайлы-тұяғымызбен қалмай, сонда тарттық. бірнеше кәдімгі электр лампасын түрлі түске бояп, ортаға үлкен барабан қойыпты.
Ойын басталып, оған бақ сынағысы келгендер ортаға шыққанда біздің әкеміз де қатысатынын білдірді. Демімізді ішімізден тартып, тілектес болып отырмыз. Әкем бірнеше сұраққа жауап беріп, жүлдеге тігілген негізгі сыйлықтың біріне қол жеткізді. Ол қыстық балалар курткасы. Көпбалалы үй үшін жаңа сырт киім үлкен олжа еді. Кішкенай Нұрбек есімді інім сол күртені киген сайын, әке алып бергенін мақтанышпен айтатынбыз.
Бір-бірімізді танымайтын едік
«Жақында немеремнің балабақшадағы жаңа жылдық шыршасына барғанымда, тәрбиешілер өнер көрсетуіне қарай киінетінін айтты. Бұл қазір қалыпты жағдайға айналған. 3-4 түрлі киім үлгісіндегі бүлдіршіндерді көрдік. Сол кезде өзімнің кішкентай кезім көз алдыма оралды. Қолда не бар, үлкендерден қалған қандай киім бар, соны киетінбіз. Бірі қоян, бірі аю. Тарғыл матадан тігілген жолбарыс, тіпті масканың өзін 1,5-2 сағат бойы терлегенімізге қарамай, шешпейтінбіз. Тосынсый. Мереке сонысымен де қызықты еді. Ол кезде материалдық жағдай болмаса да, қалауға ерік берілетін. Қоян болғысы келетін адам, мейлі қолдан суретін салдырсын, мейлі мақтадан жасасын, небір өнер туындылары көрініс беретін. Тонның ішкі жағын сыртқа айналдырып, аю болған, әжесінің көне шарқатын тағып, мыстанкемпір, атасының жыртық күпісін киіп, алдар көсені бейнелеген замандастарымды ойласам, жаным жылып қоя береді.
Қазір уақыт басқа, талап бөлек. Әлеуметтік жағдай жақсарған. Бар жақсысын ата-ана баласына бергісі келеді Қос етекті қазақша көйлек, костьюм мен шалбарға шай қағазынан ойылған оюды ешкім жабыстырмайды. Ол да өткен күннің бір белгісі шығар. Кейде ескілеу киім, жұпыны сыйлық алып жылаған баланы көргенде, біз өмір сүрген кезеңге қайта оралғым келеді, – дейді Айғаным.
Дайындаған
Алтын МЕЙІРХАНОВА