Қайырымдылық қорлары қанша салық төлеп жүр
Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Kazinform сауалына жолдаған жауапта елдегі қайырымдылық қорлары бір жылда бюджетке қанша салық төлегенін мәлім етті.
Коллаж: DALL-E/pixabay
- 2023 жылы қайырымдық қорлары мемлекетке 426,1 млн теңге, табыс көзінен 6,6% көлемінде салық төледі, - деп жазылған ресми мәліметте.
Алайда бұл - қайырымдылық қорларының бүкіл табысының 6,6 пайызы 426,1 млн теңге деген сөз емес. Өйткені, комитет мамандарының түсіндіруінше, қайырымдылық қорлары коммерциялық емес ұйым болып есептелетіндіктен, қызметіне қарай табысына салынатын салық мөлшерлемесі де әркелкі.
Салық кодексінің 289-бабының 2-тармағы бойынша жеке мүддесіне кіріс алуды мақсат тұтпайтын, қызметінің нәтижесінде алынған дара кірісті немесе мүлікті өзара бөліп алмайтын ұйымдардың мына санаттағы табыстарына салық салынбайды:
мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру шартынан түскен табыс;
депозит сыйақылары;
ұйымға кіру және мүшелік жарналары;
көппәтерлі тұрғын үйдегі пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың иелері жасаған жарналар;
депозитке орналастырылған ақшаның сыйақысынан туындаған бағам айырмасы;
өтеусіз алынған мүлік түріндегі табыс, (қайырымдылық көмек, грант, демеушілік көмек, өтеусіз негізде алынған ақша және басқа да мүлік).
- Салық кодексінің 289-бабының 2-тармағында көрсетілмеген коммерциялық емес ұйымдардың табыстарына жалпыға бірдей тәртіпте салық салынады, - делінген жауапта.
Айта кетейік, қазір халық арасында қайырымдылық қорлардың жұмысына заңмен тыйым салынуы мүмкін деген болжамдар айтылып жүр. Мемлекеттік органдар мұны шектеу немесе тыйым салу емес, қызметін жетілдіру шарасы деп түсіндіреді.
Жұрт ішінде осындай әңгіме тараған кезде «Біз біргеміз» қоры арқылы танымал болған Перизат Қайрат тасқын салдарын жоюға жиналған қайырымдылық қаражаттан 1,5 млрд теңгеден астам ақша жымқырды деген күдікпен ұсталып, екі айға қамауға алынды.