Қаржы пирамидалары 20 млрд теңге шығынға батырды
Жыл басынан бері Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) 20 млрд теңгеден аса шығынмен қаржы пирамидаларын құру және басқару фактілері бойынша 68 қылмыстық істі тергеді. Бүгінде 13 млрд теңгеден астам қаражат өтелген.
Бұл туралы ҚМА мен Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп еліміздің 100-ден астам жоғары оқу орындары үшін ұйымдастырылған құқықтық мәдениет және қаржылық сауаттылықты арттыру жөніндегі вебинар барысында белгілі болды. Шара «Тәртіпті өзіңнен баста!» эстафетасы аясында өткізілді.
Агенттікте алаяқтық жобалардың өмірлік циклін және оларға тартылған салымшылар санын қысқартуға бағытталған «Қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл» арнайы жобасы енгізілді. Жыл басынан бері интернет кеңістігінде 47 қаржы пирамидасы анықталыпты. Оларға қатысты әлеуметтік желілерде 300-ге жуық чат жабылған. Шамамен 2 млн-ға жуық қатысушы – әлеуетті салымшы болған.
Осы жылы әлеуметтік желілерді талдау нәтижесінде қаржы пирамидасы белгілері бар сайттарға 11,7 мыңнан астам сілтеме бұғатталған.
Жалпы, мынадай белгілері бар компанияларға толыққанды күмәнмен қарауға болады:
- Тәуекелдерсіз және күш-жігерсіз жоғары табысты уәде етсе;
- Жаңа клиенттерді міндетті түрде тарта бастаса;
- Интернетте белсенді жарнама жасаса;
- Компания елімізде тіркелмесе немесе жақын арада тіркелсе;
- Қандай да бір заңдық сүйемелдеу болмаса (шарттың болмауы немесе тараптардың міндеттемелерінсіз жасалуы);
- Салымдарды қолма-қол ақшамен, криптовалюта арқылы немесе банктер қатыспайтын төлем жүйелері арқылы қабылдағысы келсе.
Агенттікте қаржы пирамидаларының белгілерін тексеруге мүмкіндік беретін «Baiqa, piramida!» Telegram-боты іске қосулы. Егер сіз немесе жақындарыңыз қаржы пирамидасының әрекетіне тап болсаңыз, тұрғылықты жеріңіз бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жүгінгеніңіз жөн болады.