Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР АРҚЫЛЫ ТӘРБИЕ БЕРУ

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР АРҚЫЛЫ ТӘРБИЕ БЕРУ

«Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет қылатын
болғандықтан, тәрбиелі баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті»
М.Жұмабаев

Тәуелсіздік – біздің ең қымбат, ең асыл ұлттық құндылығымыз. құндылық дегеніміз – баға жетпес қазына. Еліміз тәуелсіздік алған күннен бастап, ұлтымыздың дәстүрлі құндылықтары одан әрі нығайып, таныла түсті. Өз халқымызға ғана тән құндылықтарымыздың негізін қалаушы ата-бабаларымыз болса, оны әрі қарай жалғастырушы – бүгінгі балаларымыз бен жастарымыз.
Бүгінгі оқушы – Егеменді еліміздің болашағы екенін ескерсек, осы балалардан қоғамның тұлғасы болар білімді, тәрбиелі, мәдениетті азаматтар шыға қояр ма екен деген ой көпшілігімізді әсіресе тәрбие негізі қаланатын мектептегі ұстаздар қауымын толғандырады. Себебі Тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңі ұрпақтың рухани байлығы, мәдениеті, саналы ұлттық ойлау қабілеті мен біліміне байланысты. Өйткені әрбір халық ұрпағымен көктеп өркен жаяды. Әрбір мемлекет рухы таза , санасы биік білімді де, білікті ұрпағынан қуат алады, ол өзінің әрбір жаңа буын жас ұрпағы жетілген сайын дамудың жаңа биіктеріне көтеріледі. Ал бүгінгі қоғам алдында тұрған ең жауапты міндет – енселі еліміздің кірпіші боп қаланатын әрбір қоғам мүшелерін, яғни жас ұрпақты адамгершілік қасиетке тәрбиелеу, тиянақты білім беру. Адам бойында адамгершілік құндылықтар болмаса, олардың орнын ешқандай терең білім толтыра алмайтынын өмірдің өзі дәлелдеуде. Елбасымыз «Болашақ ұрпағымызды тәрбиелегенде, оларға жастайынан имандылық пен ұлттық қасиеттерді сіңіре білсек, сонда ғана біз ұлттық рухы дамыған, Отанының гүлденуіне өз үлесін қоса алатын азамат өсіре аламыз» – деген болатын. Ол үшін ең әуелі ұрпақтарымызды бала кезінен ұлттық тәлім-тәрбиеге баулып, халқының салт-дәстүрін жақсы білетін саналы азамат тәрбиесіне көңіл бөлуіміз керек.
Сондықтан қатардағы пендені нағыз толыққанды тұлғаға айналдыру үшін ұлттық құндылықтар арқылы тәрбие берудің маңызы зор.  Құндылық дегеніміз не? Құндылық – тәрбие мен оқутудағы адамгершілікке бағытталған мұраттар. Оларға меймандостық, кісілік, сыйластық, имандылық, кішіпейілділік, салауаттылық, қайырымдылық, ізгілік, еркіндік, өнерпаздық, шешендік, ақынжандылық, сыпайылық, мәдениеттілік, шығармашылдық, рухани байлық, махаббат сынды қасиеттер жатады.
Құндылықтар – шынайы ғана болады, ол адамға тәуелді емес, дей тұрғанмен ол адам санасында орын алады. Құндылықтар сезім арқылы қабылданады, ал сана арқылы оны түсінуге болады, соның нәтижесінде тұлға құндылықты игереді, соған сай әрекет етеді.
Ал жеке тұлға – әлеуметтік қатынастар мен саналы іс-әрекеттің субъектісі ретіндегі индивид. Нақтырақ айтсақ, ана тілі мен ұлттық салт-дәстүрін құрметтейтін, басқа тілде де жетік сөйлей білетін, дүниетанымы, ақыл-ой парасаттылығы қалыптасқан, еңбекқор, мақсат қоя алатын және сол мақсатқа жету жолдарын таңдай білетін, жауапкершілігі мол, мінез-құлқы, айналадағы адамдарға, қарым-қатынас мәдениеті жоғары, Отанын сүйетін, күрделі жағдайларда нақты шешім қабылдай алатын, өзіне сын көзбен қарай білетін салауатты тұлға. Ғасырлар бойы халықтың өзімен бірге жасасып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып өмір сынынан өткен, бүгінге жеткен әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер негізінде тәлім-тәрбие үлгілері қалыптасты.
Халық педагогикасы – қазақ халқының сан ғасырдан бері атадан балаға өлмес мирас, өмірлік мұра болып келе жатқан тәрбие жөніндегі, баланы бағып-қағып, өсіріп, өнегелі азамат етіп шығару жөніндегі жинақталған тәжірибесі. Ол бір ұрпақтан екіншісіне ауысып, бірте-бірте қорланып, бай тәжірибемен кемелдене келе «Халық айтса, қалт айтпайтын» кемістіксіз, ақаусыз дәрежеге жеткен. Халқымыздың тәлім-тәрбиелік мәдениетінің бастауы, түп төркіндері сонау есте жоқ, ескі замандардан жеткен салт-дәстүрлерімізде жатыр.
Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле, – деп бабаларымыз айтқандай халық педагогикасы баланың тәрбиесі туып-өскен ортасына, ата-ананың, отбасы үлкендерінің, ұстазының үлгісіне байланысты деп қараған.
Баланың қалай өсетіні: ары бар, адал да, жер бетіндегі жақсылық атаулы үшін күрескер болып шығатыны немесе керісінше өзімшіл, ұсақ, тіпті ашықтан -ашық зұлым адам болып шығатыны көп ретте мұғалімнің балалармен жүргізілетін тәрбие жұмысының мазмұны мен әдістемесіне байланысты. Сонымен бірге балаға ұлттық тәлім-тәрбиені дер кезінде беру, меңгерту-мұғалімнің басты міндеті.
«Ұлттық құндылық – ұлт болмысы» авторлық бағдарламамның негізінде өтілетін қосымша сабақтарда баланы инабаттылыққа, ізеттілікке тәрбиелеуді мақсат ете отырып, сәлемдесудің маңыздылығын ұғындырдым, туысқандық, бауырмалдық қасиетін дамытуға ықпал жасадым дей аламын.
Сондай-ақ халқымыздың қонақжайлылығын насихаттай отырып, қазақ елінің салт -дәстүрі, ұлттық тағамдары, киімдері ерекшеліктері бар екендігін оқушыларға ұғындырдым жәнеде ұлттық ойындарды үстел үстінде яғни сынып ішінде ойналатын етіп авторлық ойындар жасап сабақты қызықты ете алдым. Ұлттық ойындар арқылы бала шапшаңдыққа, тез ойлануға, дұрыс шешім қабылдауға, қарсыласын құрметтеуге, мергендікке деген сынды батырларға тән қасиеттерге ие болды. Тек ойынмен сабақпен шектеліп қалмай кәзіргі заманға сай түрлі платформалар арқылы ойындар ұйымдастырдым. Оқушы санасына ұлттық құндылықтарды сіңірудің тағы бір жолы – халық ауыз әдебиетінде жатқандығы белгілі. Өйткені жасынан ертегі, жаңылтпаштар, жұмбақтар, мақал-мәтелдер, аңыз әңгімелер, шешендік сөздер мен батырлар жырларын, жыраулар шығармаларын оқып, жаттап, маңызды да, құнды тұнығына қанып өскен баланың бойында еліне, жеріне, халқына адамзатқа деген сүйіспеншілігі арта отырып, ұлтжанды, намысқой, арлы азамат боп қалыптасады.
Жөргегінен бала тәрбиесіне айрықша мән беріп, көңіл бөлген халқымыз осы ауыз әдебиеті үлгілері арқылы адамды аздырып – тоздыратын: өсек, өтірік, мақтаншақ, қыңыр, есер, бейбастақ секілді мінездерден сақтандырып келген. Халқымыздың тарихи – мәдени мұраларының түрлері сан алуан. Осындай аса құнды мәдени игіліктердің бірі – ұлттық ойындар.
Бұл күнде ойынды халық педагогикасының құралды бір бөлігі деп тегін айтпаса керек. Себебі ойын баланың күш-қуатын молайтып, оны шапшаңдыққа, дәлдікке ғана тәрбиелеп қоймай,оның ақыл-ойының толысуына, есейіп-өсуіне де пайдасын тигізеді. Қазақтың ұлттық ойындары ерлікті, өжеттікті, батылдықты, шапшаңдықты, ептілікті, тапқырлықты, сондай-ақ күш-қуат молдығын, дененің шынығуын қажет етеді.
Ойын-тынысы кең, ойдан-ойға жетелейтін, адамға қиял мен қанат бітіретін, ақыл-ой жетекшісі, денсаулық кепілі, өмір тынысы, яғни ойын баланың алдынан өмірдің есігін ашып, оның шығармашылық қабілетін оятады. Қазақтың ұлттық ойындары – ата-бабамыздың бізге жеткен, өткені мен бүгінгісін байланыстырған баға жетпес байлығымыз, асыл қазынамыз.
Құралай ЕГІЗБАЕВА,
№258 мектептің бастауыш сынып мұғалімі
02 желтоқсан 2024 ж. 187 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031