Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Құмарлық құрсауындағы қоғам: Шешім мен кесім

Құмарлық құрсауындағы қоғам: Шешім мен кесім

Нашақорлық – адамзаттың қас жауы. Бүгінде дүниежүзі ғасыр дертінің алдын алу мақсатында түрлі шаралар қолданып, мәселені шешудің жолын іздеп келеді. Елімізде де нашақорлықпен күрес кешенді түрде жүргізілуде. Осы жылдың 31 қазанында Қызылорда қаласында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен облыс прокуроры Ризабек Ожаровтың қатысуымен «Нашақорлыққа жол жоқ» тақырыбында үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өткізілген еді.
Кеңейтілген отырыста нашақорлықтың алдын-алу бағытында облыс көлемінде атқарылатын іс-шаралар айқындалып, құзырлы органдарға нақты тапсырмалар жүктелді.
Жиында берілген тапсырмаларды Қазалыда да үйлестіру мақсатында аудандық прокуратураның ұйымдастыруымен аталған акция аясында «Нашақорлыққа жол жоқ» форумы өтті.
Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен кеңейтілген форумға аудан әкімі Мейрамбек Зинабдинұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әлмәмбетұлы, аудандық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйым өкілдері, кент және ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары, қоғам белсенділері, мектеп оқушылары мен студенттер, БАҚ өкілдері қатысты.
Форумның модераторы болған аудан прокуроры Дарын Әбіш жиынның алғы сөзін М.Шермағанбетке берді. Өз кезегінде аудан басшысы есірткінің адам баласының өміріне зиян екендігін айтып, ауданда мұның алдын алу мақсатында өтіп жатқан басқа да іс-шараларға тоқталды.
– Қайырлы күн, құрметті аудан тұрғындар! Бүгінгі басқосудың тақырыбы ешқашан өзектілігін жоймаған, адамзаттың қас жауы – есірткі жайында болмақ. Жалпы нашақорлық – талай тағдырды тас-талқан етіп, тентіретіп жіберген, қоғамға төнген қауіп һәм қасірет десекте болады. Себебі мұның адам баласына әкелер зияны көп. Оны пайдаланған жан ең бірінші өзінің деніне зиянын тигізсе, екіншіден қоғамға да қауіп төндіреді. Бүгінде ауданда есірткі тасымалын, жастар арасында белең алуын алдын алу мақсатында түрлі іс-шаралар жүріп жатыр. Алдағы уақытта да жалғасын табатын болады, – деді ол.
Мұнан соң тақырып аясында мамандар мінберде баяндама оқыды. Алғашқы болып Қазалы ауданы прокурорының орынбасары Ғанибек Сағатов тоғыз ай көлемінде атқарылған істер мен есірткіге қатысты аудан көлемінде орын алған қылмыстарға тоқталды. Сонымен қатар есірткімен айналысқан адам еліміздің Конституциясы бойынша қатаң жазаға тартылатынын айтып, жиналған жұртқа есірткінің қауіптілігі туралы да түсіндіре өтті.
Келесі кезек Қызылорда облысы бойынша сот-сараптамалары институтының бас сарапшысы Ғалымжан Нұрманұлына берілді. Сарапшы есірткінің түрлері мен олардың зияндығына тоқталды. Бүгінгі күні есірткінің 160-қа жуық түлерінің бар екенін атап айтып, кеңінен түсіндірме беріп, есірткінің құрбаны болмауға шақырды.
Бұдан бөлек есірткіні тасымалдаушы топтардың сегіз таптан тұратынын және жас буынның оларға алданып, қармағына ілінбеу керегін де тілге тиек етті.
Мұнан соң Қазалы көпбейінді орталық ауруханасының нарколог-психиатр дәрігері Бақтыбай Құлбайұлы мінберден сөз кезегін алып, есірткінің адам ағзасына зиянды туралы мағлұматтар берді.
Сондай-ақ есірткінің айналымына қатысты арнайы дайындалған бейне роликтер көрсетіліп, есірткі қылмысының түрлері мен жауапкершіліктері жөнінде мағлұматтар берілді.
Форумның қорытынды сөзінде аудан әкімі ­Мейрамбек Зинабдинұлы есірткінің айналымына қоғам болып күресу қажеттігін, облыс прокуроры Ризабек Кәрімұлының төрағалығымен қазан айында өткізілген Үйлестіру кеңесінің хаттамалық шешіміне сәйкес «Нашақорлыққа қарсы бір айлық акция» аясында өткізілетін шараларды бірлесіп, тиянақты атқаруға шақырды.
Ал аудан прокуроры Дарын Елтайұлы студенттер мен оқушыларды құқық бұзбауға, тәртіпті сақтауға шақырып, форумға қатысушыларға алғыс білдірді.
Форумда мол мағлұмат алған аудан тұрғындары да осындай басқосудың жиі өтіп тұруын сұрап, ұйымдастырушыларға рақметін айтты.
– Есірткі – адамның өміріне жақсылық әкелмейтінін сіздер жақсы білесіздер. Барлық адамдар басында есірткі қабылдауды қызығушылықпен бастайды. Кейіннен соған тәуелді болып қалады. Ал тәуелділіктің арты қайда апаратындығы баршамызға мәлім. Сондықтан жастар, өздеріңізді Қазақстанның болашағы екендіктеріңізді сезіне отырып, нашақорлыққа қарсы күресуіміз қажет. Сонымен қатар, зиянды әдеттерден аулақ болып, саламатты Қазақстанның өркендеуіне үлес қосуымыз керек. Осындай өзекті мәселелерді талқылап, мағлұматтар алып қана қоймай оң ой түйіп отыратын басқосулар көп болса нұр үстіне нұр. Ұйымдастырушыларға шексіз алғысымды білдіремін! – деді аудан тұрғыны Арман Алтынбайұлы.
Иә, расында нашақорлық – әлеуметке ортақ мәселе, қоғам дерті. Жер бетінде миллиондаған өмірлерді алып кетіп жатқан бұл ауру әлемдік трагедия, өз ауқымы жағынан дүниежүзілік соғыстармен тең. Қоғам өркендеп адам ой-санасы дамыған сайын оған төнер дерт кесел де ғаламаттай қуаттанып, бой бермес бас асаудай күшейе түсетiн түрi бар. Десек те, осынау қиындықты ел болып, ес жиып қана түптің-түбінде еңсереріміз анық.

Серік АҚМЫРЗА
16 қараша 2024 ж. 94 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930