Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жедел жәрдем көліктерінің тапшылығы: жағдайы күрделі өңірлер анықталды

Жедел жәрдем көліктерінің тапшылығы: жағдайы күрделі өңірлер анықталды

Коллаж: Kazinform/ DALL-E
АСТАНА. KAZINFORM – Жедел медициналық жәрдем қызметінің қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілуі - бригаданың науқастарға барынша шұғыл жетуіне бірден-бір әсер ететін фактор. Қазір бірқатар өңірде осы қызметке тиесілі көліктердің тапшылығы бар. Мәселен, осы жазда елордалық жедел жәрдем станциясының дәрігерлері пациенттерге таксимен баратыны жария болды. Астана қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, күту уақытын қысқарту мақсатында станция көлікті жалға алу шартын жасасқан. Бұл шара жеделдіктің 3, 4-санаты бойынша шақыртуларға шығу үшін қарастырылған.
«Ел бойынша 379 бригада жетіспейді деген ақпарат бар»
Мәселені шешу мақсатында Парламент Мәжілісінде арнайы кеңес өтті. Депутат Асхат Аймағамбетов қазір санитарлық көлікпен қамтамасыз ету әкімдіктерге жүктелгенін нақтылады.
Асхат Аймағамбетов
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі
«Бұл саладағы ғимарат, көлік мәселесі заң бойынша әкімдіктердің жауапкершілігі саналады. Денсаулық сақтау министрлігінен тарифтер, жалақы, әдістеме, жалпы басқару бағыты талап етіледі. Бүгінде жедел жәрдемге қатысты жағдай өте қиын. Норматив бойынша 10 тұрғынға 1 бригада қызмет етуі тиіс. Алайда қазір республика бойынша бригадалардың жасақталуы 73 пайыз деңгейінде. Жалпы, ел бойынша 379 бригада жетіспейді деген ақпарат бар. Санитарлық көліктердің тозуы 58 пайызға жеткен. Тарифке тоқталсақ, оның деңгейі тым төмен, сондықтан жалақы да өте төмен, көліктер де ескірген. Солтүстік өңірлерге дизель отынымен жүретін H350 (Hyundai) автокөліктері сатып алынған. Қатты аязды күндері бұл көліктерді оталдыру қиынға түсетіні түсінікті. Атап айтқанда, алынып жатқан жедел жәрдем көліктеріне қатысты сұрақ көп», - деді А. Аймағамбетов.
«Алдағы 5 жылда шамамен 89 млрд теңге инвестиция керек»
Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаевтың айтуынша, еліміздегі жедел медициналық қызмет құрылымында 20 облыстық дербес станция, 330 қосалқы станция бөлімі, оның ішінде 98 қалалық қосалқы станция және 232 аудандық бөлімше жұмыс істеп тұр. Бір ауысымда шақыртуларға 1 500-ге жуық жедел жәрдем бригадасы қызмет көрсетеді. Баланста түрлі санаттағы 2 359 жедел жәрдем көлігі бар. Оның 1 472-сі қалада, 887-сі ауылдық жерлерде қызмет көрсетіп жүр. Санитарлық көліктің тозуы - шамамен 59%, ал 18%-ы есептен шығаруға жатады.
инфографика
Фото: Kazinform
Сонымен қатар ол «103» желісіне шақырту түскеннен кейін науқасқа жедел жәрдемнің жету уақытына тоқталды. Жеделдіктің бірінші санаты аясында 9 минут, 2-санат – 12 минут, 3-санат – 17,8 минут, ал төртінші санат - 25 минут шамасында. Бұл деректер биылғы 9 айдағы қорытынды бойынша жасалып отыр.
Ержан Нұрлыбаев ҚР денсаулық сақтау вице-министрі
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
«Жедел медициналық жәрдем бригадаларының орташа тәуліктік жүктемесіне тоқталсақ, олар 12 шақыртуға барады. Осы жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша елімізде шақыртулар саны 3 пайызға артып, 6 млн 400 мыңға жетті. Сонымен қатар, жедел жәрдемнің кешігу жағдайлары былтырғы 9 аймен салыстырғанда 1 пайызға көбейіп, 290 мыңға жуықтады. Былтыр 9 айда 213 мың кешігу дерегі тіркелген», - деді Е. Нұрлыбаев.
Оның сөзіне қарағанда, еліміз бойынша жедел медициналық көмек бригадаларының жасақталу деңгейі - 73 пайыз. Норматив бойынша бір бригада 10 мың тұрғынға есептелген. Бұл ретте, жасақталудың төмен деңгейі:
  • Қызылорда облысы (59 пайыз)
  • Солтүстік Қазақстан облысы (57 пайыз)
  • Ақтөбе облысы (55)
  • Астанада (39,5 пайыз) байқалды.
«Жедел медициналық көмекке тиесілі ғимараттардың 80 пайызы ескірген. Оларды пайдаланудың орташа көрсеткіші 50 жыл шамасында. Бұдан бөлек, жедел жәрдем қызметіндегі санитарлық автокөлік жағдайына тоқталсақ, Батыс Қазақстан, Павлодар, Абай, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Жетісу, Түркістан және Астана, Алматы, Шымкент қалаларында медициналық көліктердің тозу деңгейі жоғары. Олардың кейбірінде тозу деңгейі 80 пайызға жақын», - деді вице-министр.
Тіркеуде тұрған жедел жәрдем көліктерінің тек 81 пайызы ғана күнделікті қызмет көрсетіп жүр. Астанада жағдай күрделі, мұнда жедел жәрдем көліктерінің 41 пайызы ғана шақыртуға шыға алады. Ал Ақтөбе облысында көліктердің 65%, Атырау облысында - 69%, Мағыстау облысында - 75%, Түркістан облысында 76 пайызы жүріп тұр. Ол Денсаулық сақтау министрлігі Қаржы министрлігіне көліктердің тозуы нормаларын қайта қарауды талап ететін хат жолдағанын айтты. Қалалық санитарлық көліктер үшін 4 жыл, ауылдарға 5 жыл мерзімді қарастыру ұсынылды.
«2024 жылға еліміз бойынша 400-ден астам жедел жәрдем көлігін алу керек. Ал келесі жылы 540 автокөлікті қамтамасыз еткен жөн. Алдағы 5 жылда жаңа санитарлық көлікпен толықтай қамтамасыз ету үшін шамамен 89 млрд теңге инвестиция керек», - деді Ержан Нұрлыбаев.
инфографика
Фото: Kazinform
Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, елордадағы көліктердің тозуы 83 пайыз деңгейінде және 25 пайызын есептен шығару керек. Қазір қаладағы автопаркте 146 санитарлық көлік бар. Бұл тұрғыда Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірханов осы 146 көліктің тек 63-і жедел жәрдем желісінде жүргенін, 22-сі жөндеуге қойылғанын, ал қалған 61-ін қалпына келтіру мүмкін емес екенін айтты.
«Сондықтан биыл тамыз айында лизингке 35 техниканы алу туралы келісімшарт жасалды. Сонымен қатар, тағы 12-сі қалалық жедел медициналық көмек станциясы қаражаты есебінен сатып алынады. Бұл көліктер қараша айында жеткізіледі. 2025 жылы қалалық станция қосымша 12 көлік алады», - деді Е. Мейірханов.
«Жедел жәрдем көлігі бір жылда шамамен 120 мың км жүріп тастайды»
Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменованың пайымдауынша, көп жағдайда өңір әкімдіктері қаражатты инфрақұрылымға, жол құрылысына бөлуге тырысады да, ал жедел жәрдем қызметіне назар аудармайды. Депутат бұл салада күрделі жағдай байқалып тұрғанын айтады, яғни қазір жедел жәрдем қызметінің өзіне жедел көмек керек сияқты. Алайда жергілікті атқарушы органдардың бұл бағыттағы жұмысы көңіл көншітпейтінін тілге тиек етті.
Депутат Асхат Аймағамбетов те өңірлерде бұл салаға тиісті деңгейде назар аудармай отырғанын алға тартты.
«Санитарлық көліктерді қамтамасыз ету - заң бойынша әкімдіктердің міндеті. Тағы бір мәселе ескіргендерін тізімнен шығаруға қатысты. Қазір жедел жәрдем қызметіндегі көлік 7 жыл баланста тұру керек деген түсінік бар. Бұл көліктер бір жылда орташа есеппен 120 мың шақырым жүріп тастайды. Осыны ескерсек, көліктер 3 жылда шашылып қалады, 7 жылға қалай жеткізеді? Сондықтан, бұл мәселені шұғыл шешу керек, 3-4 жыл мерзімді қарастырған жөн. Жалпы, пандемия кезінде бұл көліктер өте көп жүрді. Әсіресе, ауылдарға қатынайтын жедел жәрдем көліктері тозып қалды», - деді А. Аймағамбетов.
Оның айтуынша, бұл мәселені шешу үшін Парламент депутаттары өңір мәслихаттарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді.
«Жағдай өте күрделі. Көліктердің 60 пайызға жуығы тозғанын, 18 пайызын есептен шығару керек екенін ескерсек, бұл салаға ерекше мән беру керек. Қазір кейбір өңірлердің әкімдіктерінде осы іске жауапты адамдардың нақты жоспары жоқ екеніне көзіміз жетті. Сонымен қатар, бұл өңірлердегі мәслихат депутаттары осы мәселені неге көтермей жатыр?! Жедел жәрдем көлігін алар кезде, өңірлер сол аумақтағы климаттық жағдайды ескеруі шарт. Осыған сәйкес сапалы автокөліктер керек», - деді Асхат Аймағамбетов.
18 қазан 2024 ж. 32 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031