Қызылорда облысында келініне балағат сөздер айтқан ене 10 күнге сотталды
Сурет: dzen.ru
Ол отбасы-тұрмыстық қатынастардағы адамдарға сыйламаушылық көрсетiп, келініне балағат сөздер айтып, мазасын алып, жанұя шырқын бұзған
Қызылорда облысында алкогольдік ішімдік ішкен ене келініне балағат сөздер айтып, мазасын алған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
"Арал аудандық сотында азаматша Б.-ға қатысты Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 73-бабының 2-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды. Сотта анықталғандай, азаматша Б. үйіне алкогольдік ішімдік ішкен мас күйінде келіп, отбасы-тұрмыстық қатынастардағы адамдарға сыйламаушылық көрсетiп, келініне балағат сөздер айтып, мазасын алып, жанұя шырқын бұзған. Ол бұған дейін 11 сәуір 2024 жылы осы тектес әрекеті үшін ӘҚБтК-нің 73-бабының 1-бөлігімен әкімшілік жазаға тартылып, ескерту алса да, еш нәтиже шығармай, құқық бұзушылықты қайталап жасаған", – делінген сот хабарламасында.
Сотта жәбірленуші Ә. мұндай жағдайдың жиі болып тұратынын көрсетіп, оған жаза қолдануды сұраған. Б-ның құқық бұзушылық әрекеті өзінің кінәсін мойындаған жауабымен, сондай-ақ, сотта зерттелген іс құжаттарымен толық дәлелденген.
Сот қаулысымен Б. жоғарыда аталған баппен кінәлі деп танылып, 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, АПБ-нің ерекше талап белгілеу туралы ұсынысы қанағаттандырылып, Б-ның мінез-құлқына 3 ай мерзімге алкогольдік ішімдік ішуге, есірткі, психотроптық заттарды қолдануға толық көлемде тыйым салуды міндеттейтін ерекше талап белгіленген.