Көпке ортақ игілік
Күздің екінші айы да бел ортасына келді. Бірде жылы, бірде салқын күн райы адам тәнін суыққа үйретіп жатқандай. Күн ызғарын сезінген жұрт қыстың қамына кірісе бастағаны қашшан. Етек-жеңін қымтанып, ағаш, көмір, отынын қаттап «кәрі құдасын» қарсы алуға дайындық үстінде. Қазір бұрынғыдай емес, көптің үйі көгілдір отынға қосылған. Ал қосылмағаны ше? Қыс ызғары қылаң берген сайын қалтасы саяз ағайынның уайымға түсе бастайтыны бар. Жалпы, табиғи газдың аудандағы бүгінгі жайы қалай?
Бүгінгі күні ауданның газдандыру көрсеткіші 65 пайызды құрайды. Биыл 2,2 миллиард теңгеге елді мекендерді газдандыру бойынша 3 жоба жүзеге асырылуда.
2023 жылдан өтпелі Абай ауылының орамішілік газ желісі жұмыстары атқарылды. Жоба құны – 343,1 миллион теңге. 2024 жылға бөлінген қаржысы – 306,4 миллион теңге. Абай ауылындағы газдандыру жұмыстарын қазан айында аяқтап, халықтың игіліне беру жоспарланған. Ал Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Ү.Түктібаев ауылдарына жүргізілетін газ құбырының жоба құны – 1562,5 миллион теңге. Қазір құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ақтан батыр ауылының орамішілік газ тартуына
325,9 миллион теңге бөлінген. Оның да құрылыс жұмысы қарқынды.
Осылайша елді мекендерді газбен қамту көрсеткішін 68 пайызға жеткіземіз дейді мамандар. Газ отынына бейімдеуге ЖСҚ дайын 8 нысанға 312 миллион теңге бөліп, құрылыс жұмыстары жүргізіліпті.
Жарық, газ, суға жұмсалған коммуналдық төлем адал деп жатамыз. Әсіресе күз-қыс айларында аудан тұрғындары үшін қай-қайсысының да «шырағы» сөнбеуі керек. Әсіресе жылу беру жүйесіне талап күшейтілді. Бірнеше жылдан бері тұрғындар үшін көгілдір отын маздап тұр. Тұрмыс тауқыметі жеңілдеп, өркениетке қарай қадам басып жатқанымыз рас. Алайда көгілдір отынды пайдалану техникалық қауіпсіздік ережелердің қатаң сақталуын ұмытып жататын сәттер де болады. Еліміздің әр аймағында да тұтынушылардың газ қондырғыларын дұрыс пайдаланбау салдарынан түрлі оқыс оқиғалар болып жатқанын естіп те, көріп те жүрміз. Сондықтан үйіміздегі газ қондырғыларын дұрыс пайдалану – өз қауіпсіздігіміздің басты кепілі. Күнделікті 112-ден келетін ескертпелерді де ескеріп жүрген жөн.
Газ қолданушы тұрғындар ең бірінші газ қондырғыларын, құбырларын өз бетінше ауыстыруға, жөндеу және тағы басқа жұмыстарды жүргізуге болмайды. Егер де газдың иісі байқалған жағдайда шұғыл түрде газ ысырма крандарын жауып, үйдің ішін желдетіп, ашық отты пайдаланбай, 109 байланыс нөміріне шұғыл хабарласуы қажет. Қауіпсіздік және реттеуші автоматикасының болмауы және жарақсыздығы, түтіндікте тартымның болмағанда газды қолдануға болмайды. Сондай-ақ булықтарды жабуға, түтіндіктерді тазартуға арналған қалталар мен люктерді бітеуге, газ қондырғысы орнатылған бөлмелерде ұйықтап демалуға, газды пайдаланып болғаннан кейін газ қондырғыларындағы және оған дейінгі крандарды ашық қалдыруға болмайды. Мектепке дейінгі жастағы балаларға, сонымен қатар өз әрекетін бақылай алмайтын, құралдарды пайдалану ережесін білмейтін тұлғаларға газ құралдарын пайдалануға қатаң тыйым салу қажет. Оларды бақылаусыз қалдыруға болмайды. Қыс мезгілінде түтіндік қақпақшалары бітеліп, не мұз қатып қалмауын әлсін-әлсін тексеріп тұруы қажет. Газ пешінің дұрыс тартып жұмыс істеуі, әрі өмір қауіпсіздігі – әр тұрғынның өз қолында. Сондықтан бұл салада салғырттық танытау қажет. Тағы бір айта кетерлігі, үйімізге еніп тұрған газ трубаларын үш жылда бір рет сырлап тұру қажет. Оған мамандар тот басуға қарсы ПФ-115 атты бояу түрін таңдаған дұрыс дейді.
Бұрын от жағып, күл шығармайтын қала тұрғындарына қызығып, сол жаққа көшкіміз келетін еді. Қазір ол күнге өзіміз де жеттік. Көптен күткен көгілдір отынның пайдасына кенелудеміз. Десе де көгілдір отын барда көңіл отының маздап тұратыны шындық. Мамандар айтқан ескертпелерге құлақ асып, газдан келер қауіптің барына селқос қарамаған абзал.
Айнұр ӘЛИ